Бейсенбінің таңында шаһар басшысы Асылбек Шәменов Титов және Гаргарин шағын аудандарының тұрғындарымен кездесіп, мәселесін тыңдады. Бұған дейінгі сайлауда сырбойылықтар бір кісідей жұмылып, дауыс беру көрсеткіші бойынша алда болдық. Қала әкімі бұл бірлесе жұмыс істеп, тұрғындардың болашағымызға бейжай қарамағанының арқасы екенін атап өтті.
- Қаламызда атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын өздеріңіз көріп отырсыздар. Республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден барлығы 53 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, әлеуметтік және экономикалық, сонымен бірге инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шаралар атқарылып, жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде жол құрылысы, үй құрылысы, әлеуметтік нысандарды салу, т.б. жобалар жүзеге асқан болатын. Дегенмен, қала болған соң, мәселе болмайды емес, болады. Біздің назарға ілінбей қалған, болмаса басқа да ұсыныс-пікірлеріңіз болса, соны тыңдап, алдағы уақытта сонымен жұмыс істеуге жиналып жатырмыз. Мәселелеріңіз болса, айта отырыңыздар, – деді А.Өмірбекұлы.
Айтып-айтпай не керек, титовтықтар мен гагариндіктер аяқсу мәселесін бірінші қозғады. Қала орталығына жақын шағын аудандарға аяқсудың ауадай қажет екенін тұрғындардың мына сөзінен ұғындық.
- Бірінші мәселе ол – Әл-Фарабидегі аяқсу мәселесі. Мұны өткенде кездескенде де айтып едім, тағы да айтайын. Біз осы істің тез шешілуі үшін мәселені көтеріп ғана қоймай, ұсыныс та айтқан едік. Бірақ нәтиже көрінбей тұр. Сізге дейінгі әкімдерге де бірнеше рет айтылған мәселе болғанымен, шешілуі баяу жұмыс болып тұр. Осыған көңіл бөліп, шешіп берсеңіздер, – деді титовтық тұрғын.
Асылбек Шәменов осы істің шұғыл шешілуі үшін Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы іске кірісетінін айтты. Тұрғындар өтінішпен бірге ұсынысты қоса жеткізгенімен, барлық жұмыс заң аясында болатынын мәлімдеп, мұның қалай шешілетіні әрі қарай сала мамандарының сөзіне байланысты болатынын жасырмады. Дегенмен, шаруа шешілусіз қалмайтынын да айтып өтті. Мұнан бөлек тұрғындар №2 қалалық емхананы да тілге тиек етіп, 40 000 адамға ол ғимараттың шағын болатынын баяндады. Мұндағылар қала орталығындағы бос жатқан жерлерді осы мақсатта пайдалануын сұрағанда шаһар басшысы «әрбір жердің өз иесі бар. Ал мемлекет меншігіндегі жер болса, оған арнайы жоспарлар жүргізіледі» деп жауап берді. Сондықтан, мұны жауаптыларға басқалай жолмен шешуді тапсырды.
Тұрғындар өз мәселесін ғана айтпай, автобус жүргізушілерінің де жайынан хабардар етті. №15 бағыттағы қоғамдық көлік Титов, Гагарин шағын аудандарына келгенде жүрісі баяулайтын көрінеді. Өйткені, мұнда бағдаршам некен-саяқ. Көліктердің кезексіз жүруі жолаушылардың да уақытын алады екен. Қала әкімі осы тұста тиісті сала басшыларына мәселені шешуді тапсырып, қажетті қаражатты бөлуге жоба-сметалық құжат жасау керектігін айтты. Кездесуде қазір біршама қозғалып жүрген мәселе тарқатылды. Қоғамдық көлікте 70-тен асқан зейнеткерлер мен мүгедектерге, алтынқұрсақ аналарға жеңілдікпен жүру мүмкіндігін беруді өтінген тұрғындарға А.Шәменов бұл біраз талқыланып, шешілетін жұмыс екенін жеткізді. Мұнан бөлек, ескі ғимараттардың жай-күйі, оларға жөндеу жұмысының қажеттігі, көше жарықшамдары туралы мәселе де көтерілді. Дегенмен, әкімдік жыл сайын алдына қойған міндеттерді барынша толығымен орындауға тырысатынын, бұдан бөлек осындай халық арасында көтерілген мәселенің де шешілуіне барынша жағдай жасалатынын жеткізіп, әрбір ұсыныстың жерде қалмайтынын баяндады.
Қала әкімімен кездесуде тағы да басқа шаруалардың басы ашылып, біраз мәселе талқыланды. Ендігі жұмыс – айтылған уәделерді орындап, сөзде тұру. Алдағы 9 ай тынымсыз тірліктің көрінісін көрсете ме, жоқ па, бір Құдай біледі. Десек те, нәтиженің жаман болмасына сенім білдіреміз. Бәріне – уақыт төреші.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!