Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазалы ауданының Ақтан батыр ауылын табиғи газға қосу рәсімі өтті.
Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Облыс әкімі тұрғындарды Наурыз мейрамымен, көптен күткен қуаныш – ауылға «көгілдір отын» келуімен құттықтады.
«Ұлыстың Ұлы күні Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен жетті!
Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ
жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұл – біз үшін зор мәртебе, Президентіміздің Сыр өңіріндегі атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қолға алынған, іске асқан байыпты бастамаларымыз бен жасампаз жобаларымыздың игілігін халық көруде.
Өткен жылы облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асып, екі жарым жыл бұрынғы көрсеткіштің өсімін 206 пайызға жеткіздік.
Президентіміздің қолдауымен бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Алдағы жылу беру маусымында көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су толық қосылады.
Газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өссе, жыл соңына дейін 82 пайызға жеткіземіз.
Ал, бүгін өздеріңізбен бірге Ақтан батыр ауылын табиғи газға қосамыз. Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады.
Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» халықтың тұрмыс сапасын арттырып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Бүгінгі мереке барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін!», – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан алдыңғы буын ағалар мен бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев құттықтауын жеткізді.
Биыл облыс аумағындағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда.
Өткен жылы аймағымыздың жол құрылысын дамытуға 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді. Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағындағы 216 шақырымның 151 шақырымы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Қосымша 30 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Жоба биыл толық аяқталады.
Көлік-логистика саласында да жетістіктер көп. Мемлекет басшысының қолдауымен «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы ашылды. Жобаны іске асыруға Президентіміздің тікелей тапсырмасына сәйкес «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд 600 млн теңге инвестиция салды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы және жергілікті кәсіпкерлер демеушілігімен теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймақ қарқынды құрылыс алаңына айналды. Облыста 126 млрд. 809 млн теңгеге 180 жобаның құрылысы жүруде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!