Алғыс айту күні ерекше тарихымен қазақ елінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл күні түрлі этнос өкілдері, жастар мен ақсақалдар бас қосады.
Бұл туралы halyqline.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әр халықтың өзіне тән бірлік белгілері болады. Көпұлтты Қазақстан үшін бұл әрқашан достық, бейбітшілік пен келісім. Жақыныңа көмектесу және жанашырлық таныту өмір сүру салты және ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып келе жатқан біріктіруші факторға айналған.
Ғасырлар бойы Қазақстан жүздеген халықтың мекеніне айналып, олар тәуелсіз мемлекет құру үшін бірге өмір сүруді үйренді.
Алғыс айту күнін құру идеясы, әрине, жаңашылдық емес. Мұндай мерекені жер шарының түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. Әрине, ең бірінші ойға АҚШ пен Канадада аталып өтетін Thanksgiving Day еске түседі. АҚШ-та бұл күн қарашаның соңғы бейсенбісінде, ал Канадада қазанның екінші дүйсенбісінде аталып өтеді. Аталған елдерде мерекенің тарихы байырғы халықтарға жаңа әлемде аман қалуға көмектескені үшін және егін жинаған Құдайға алғысын білдірген алғашқы қоныстанушылардың тарихымен тығыз байланысты. Бұл күні америкалықтар мен канадалықтар отбасыларына, жақындарына және достарына алғыс білдіреді.
Бразилияда да осындай мереке бар — «Диа де Ачао де Грасас», бұл да Алғыс айту күнін білдіреді. Олар оны америкалық мерекеге ұқсас қарашаның соңғы бейсенбісінде атап өтеді. Мерекеде бразилиялықтар Құдайға, отбасына, достарына және әріптестеріне көмектері мен қолдаулары үшін алғыс айтады.
Тағы бір ұқсас мереке — немістердің «Erntedankfest» мерекесі. Ол — қазан айының басында өтетін және христиан дәстүрлерімен байланысты егінге алғыс айту мерекесі. Бұл күні адамдар шіркеулерді жиналған жемістермен безендіріп, қайырымдылық шараларын өткізеді.
Жапониялықтар «Kinrō Kansha no Hi» немесе Еңбекті бағалау күнін атап өтеді. Ол 23 қарашада тойланады. Мереке еңбекшілерді құрметтеу күні ретінде бастау алып, елдің егіншілік дәстүрлерінен тамыры тереңде жатыр. Бұл күні бастықтар қарамағындағыларды құттықтайды және адамдар топтарға жиналып, мұғалімдері мен тәлімгерлеріне алғыс айтады.
Оңтүстік Кореяда да осындай мереке бар — Чхусок. Бұл елдегі басты мерекелердің бірі және ол 8-ші айдың 15-ші күні тойланады. Әдетте бұл күн қыркүйек немесе қазан айының басына келеді.
Бұл күні кәрістер ата-бабаларына құрмет көрсетіп, отбасына, туған-туыстарына, достарына алғыс білдіреді. Отбасылар бас қосып, ата-анасының бейіттеріне зиярат етіп, еске алу рәсімдерін жасап, дәстүрлі тағамдармен мерекелік дастархан жаяды.
Қытайда «Күз ортасы фестивалі» өтеді. Онда адамдар ата-бабаларына, отбасы мүшелеріне және достарына қолдауы мен қамқорлығы үшін алғыс білдіреді.
Бұл елдердің барлығында мерекенің тамыры мен дәстүрі әртүрлі болғанымен, негізгі идеясы өзгеріссіз — өмірге ризашылық, мейірімділік пен бір-біріне қолдау көрсету.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!