Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік саланың әлеуеті мол

25.05.2022, 11:20 476

HALYQLINE.KZ

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шаменова брифинг берді. Онда аймақтағы әлеуметтік салалар бойынша атқарылған жұмыстар жайында айтылды. Сондай-ақ, 2021 жылдың наурыз айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметіне келіп, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып келе жатқан Балжан Мөрәліқызы өзінің осы уақытқа дейін тыңғылықты жасаған жұмыстарына тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы денсаулық сақтау саласында пандемия қиындығына қарсы тұрдық. Облысымыздағы адамдарға вакциналаудың маңыздылығын түсіндіріп, барлық тұрғындарға екпе жұмыстарын ұйымдастырдық. Сонымен қатар, күн сайынғы динамиканы бақылау бір бөлек, вирусқа шалдыққан азаматтарды емдейтін төсек-орын табу өте өзекті болды. Сондай-ақ, резервтік төсек-орын санын қосқанда 3200 жатын кереует әзірледік. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша 200 төсек-орынға арналған жұмыс қолға алынып жатыр, – деді Балжан Шаменова.

Денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлуге тырысқан облыс әкімінің орынбасары аймақтағы ауруханаларға баса назар аударып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді «басты парызым» деп білген. Қарқынды жұмыс нәтижесінде қаламыздағы 3 емханаға тіркелген 30 мыңға жуық адамның кезекте тұру мәселесі шешілді. Сонымен бірге, «Астана» мөлтек ауданында №3 қалалық емхананың филиалы ашылды. Аймақтағы ауруханаларға арналған аппараттарға 39 млн теңге бөлінді. Аурухалар мен емханалардың түйткілдерін шешу барысында аймаққа жеткіліксіз дәрігерлерді шақыру көзделіп, ана мен балаға байланысты өлім-жітім көрсеткішінің өсуіне жол берілмеген.       

Биыл денсаулық сақтау саласымен қатар білім нысандарына айрықша көңіл бөлінуде. Облысымызда бірқатар мектептерге қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілуі және жаңа білім нысандарының бой көтеруі қолға алынуда. Бұл бастама бәрімізді қуантқаны анық.

– Биыл жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қосымша 7,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 1000-нан астам білім нысандары қаржыландырылды. Үздік мектепке бөлінетін қаржыны 34 млн теңгеге ұлғайттық, – деді  Балжан Мөрәліқызы.

Брифингте еңбек дауларын шешу нәтижесінде облыстағы біршама жұмыстарды тиянақты атқарып келген Балжан Мөрәліқызы өзінің қызметінен кететіндігі жөнінде баяндады. Негізгі мамандығы қаржыгер болғандықтан, өз саласына бет бұрғанын жасырмады.

– Бұл шешімімді өте әділетті әрі этикалық тұрғыдан дұрыс деп санаймын. Дегенмен, қай кезде де Сыр елінің дамуына бар күш-жігерімді салып, жинаған тәжірибеммен бөлісуге дайынмын. Бастаған жұмыстарымның аяқталуын міндетті түрде қадағалаймын, – деп Сыр еліне алғысын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: