Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік саланың әлеуеті

23.01.2025, 18:00 31

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Алмас Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылы Қызылорда қаласында 13 438 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл көлемінде қалалық «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 26 494 тұрғын жүгінген болса, оның ішінде 13 368 азамат уақытша жұмысқа жолдама алды, 4 534 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында қалада 5 838 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған 131 адам жұмыспен қамтылды.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба аясында қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 25 азамат жолданды. Бағдарламаның екінші бағыты – «Жаңа бизнес – идеяларды іске асыру» бойынша 520 азамат мемлекеттік грантқа ие болды. Сондай-ақ, бағдарламаның үшінші бағыты – «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары» бойынша қоғамдық жұмыстарға 3682 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 120 адам, жастар тәжірибесіне 1234 жас маман, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 72 жас маман, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 1 адам, «Күміс жас» жобасымен 686 зейнеталды жастағы азамат жұмысқа жолданды.

Айта кету керек, 4591 адамға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, 7415 балаға қосымша төлем, 7 200 балаға жолда жүру ақысы аударылды. 1966 адамға тұрғын үй көмегі көрсетілді. Жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 3346 адамға әлеуметтік төлем жүргізілді. 14 097 мүгедектігі бар адамдар мен балаларға біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан 4465 отбасыға көмек көрсетілді.

– Жыл көлемінде мүгедектігі бар тұлғаларды оңалту шараларын жүзеге асыру бойынша І топ мүгедектеріне 1198 жеке көмекші, есту кемістігі бар адамдарға 17 ымдау тілі маманы, 16 инватакси қызмет көрсетті. Үйде тәрбиеленіп және оқытылатын мүгедектігі бар 544 балаға әлеуметтік төлем жүргізіліп, 8356 мүгедектігі бар адамдарға гигиеналық құралдар мен техникалық-компенсаторлық құралдар сатып алынды, – деді Алмас Нұрболатұлы.

Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша болуына арналған бейімдеу орталығымен 127 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Зейнеткерлерге жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен 491 қызмет алушы ардагерге күнделікті арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. «Отбасын қолдау» орталығы мамандарымен 7682 адамға кеңес беру жұмыстары жүргізілді.

– Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекке үміткер отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін «FSM Social» мобильді қосымшасы енгізіліп, учаскелік комиссиялардың қызметі цифрландырылды. Бұл нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, шешім шығару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ өтініш берушінің геолокациясын айқындауға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Алмас Нұрболатұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: