Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әлеуметтік саладағы қаржыны реттеуді басты міндет» – Мемлекет басшысы

28.01.2026, 15:15 24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық ахуалға ерекше тоқталып, ең алдымен осы бағыттағы тәртіпті қалпына келтіру қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, білім беру мен денсаулық сақтау – елдің болашағына тікелей әсер ететін, қоғам назарынан ешқашан тыс қалмайтын салалар.

– Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қаржы операцияларына мониторинг жүргізуде бұрынғыдай жаппай тексеру тәсілінен бас тарту керектігін қадап айтты. Негізгі мақсат – барлық мекемені бірдей бақылауға алу емес, ел экономикасына нақты қауіп төндіретін тәуекелдерді дер кезінде анықтап, соған жедел әрекет ету.

– Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес. «Шаш ал десе, бас алып» шектен шығуға болмайды. Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын тексерумен әуестену емес, экономикаға төнген қатерге уақтылы тойтарыс беру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл бағытта цифрлық құралдардың маңызы зор екенін атап өтті. Алайда Президент технологияға шектен тыс сенім артудың да қаупіне назар аударды. Оның айтуынша, жасанды интеллект көмекші құрал болғанымен, ол адам ойының орнын алмастырмауы тиіс.

– Цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Қазір адамдар баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсырып жүр. Бұл – алаңдататын үрдіс. Адамдар білім алуды емес, интеллектіні қалай пайдалануды ғана үйреніп барады. Мұның салдары ауыр болады, – деп ескертті Президент.

Мемлекет басшысының бұл сөзі әлеуметтік саланы қаржыландыруда тәртіп орнату ғана емес, мемлекеттік басқаруда жауапкершілік пен ойлау мәдениетін сақтаудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: