Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік сала майталманы

13.01.2025, 11:05 99

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі кейіпкеріміз Тәуірбай Құлмұратов туралы білетіндер дәл осылай бағамдайды. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, шынымен де онымен тілдесу барысында бұл ойымыздың шындықтан жырақ еместігіне көзіміз жеткендей. Осынау жылы жүзді жігіттің қимыл-қозғалысынан, сөйлеу мәнерінен ерекше биязылық лебі еседі. Мұның өзі көпшілік арасында кең тараған «халыққа қызмет ету – мінезден» деген ұстанымды жандандыра түскендей. Оған қоса көпшілікпен тіл табыса білетін дағдысы жаныңды жадырата түседі. Қолында болмашы билігіне мастанып, кеудемсоқ мінез танытатын кейбір лауазым иелерінен Тәуірбайдың табиғаты мүлде бөлек.  

Осынау кішіпейіл мінезді жігіттің еңбек жолына көз тастасаңыз, бірсыпыра жетістікті аңғарасыз. Түрлі сатыдан өтіп шыңдалған Тәуірбай Задашұлы – тәжірибесі толысқан азамат. Бір сәт кейіпкеріміздің өмірдерегіне тоқталсақ.

Тәуірбай ғасыр тоғысқан тұста Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономист-қаржыгер мамандығымен бітіріп, Зейнетақы төлеу орталығы Қазалы аудандық бөлімінің маманы ретінде еңбек жолын бастады. Ізденімпаз жігіт ұжым арасында іскерлігімен тез танылды. Тындырымдылығының нәтижесінде көп ұзамай аталмыш мекеменің жетекші маманы, бас маманына көтеріліп, 2007 жылы Қазалы аудандық зейнетақы төлеу орталығының басшылығына тағайындалды. 2016 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалы, әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша Қазалы аудандық бөлімінің басшысы қызметін атқарған Тәуірбай Задашұлы қазіргі таңда әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша аудандық бөлімінің бас маманы болып жұмыс істейді.

Осы аралықта «Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік Еңбек саласының үздігі», «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Абай аманаты», басқа да марапаттар иеленуі – еселі еңбегінің жемісі.

– Қызметі 1997 жылдан басталған зейнетақы төлеу орталығы қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік қамсыздандыру саласы болып, филиалдың аудандық бөліміне біріктірілген. Алғашқы 1997-2005 жылдар аралығында халыққа әлеуметтік төлемдер жөнінен 10-15 түрлі қызмет көрсетсе, нақты кезеңде бұл қызметтердің түрі көбейіп, 30-40-қа жеткен. Әлеуметтік қамсыздандыру саласы бойынша тәжірибесі мол 10 маман жұмыс істейді. Аудан бойынша әлеуметтік төлем алушылардың төлем мөлшерлерін қайта есептеп, уақытында төлемге қосуда халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Біздің әлеуметтік қамсыздандыру саласы әйел адам екі қабат болғанда декреттік төлем, бала туылғанда бір жарым жасқа дейінгі күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы, 4 балалы отбасыларға жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты және мүгедектігі бойынша жәрдемақы, жұмысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы, зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы және әлеуметтік төлем алушылар қайтыс болған жағдайда бір реттік жерлеу көмегін төлейді. Сонда адам туғаннан бастап қайтыс болғанға дейін осы әлеуметтік қамсыздандыру саласынан төлем алады, – дейі Тәуірбай Задашұлы.

«Әлеуметтік сала – таптар мен әлеуметтік топтардың, ұлттар мен халықтардың мүдделерін, қоғам мен тұлғаның ара қатынасын, тұрмыс пен еңбек, денсаулық пен бос уақытты қамтитын қоғамның негізгі салаларының бірі» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: