Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішіде шешім қабылданып, Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатқаны хабарланып, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Осылайша, әлеуметтік саладағы барлық заңды біріктіріп реттейтін бұл жаңа кодекс, жаңа құжат қазақстандықтар үшін біршама қызмет атқарып, бірқатар маңызды мәселенің түйінін тарқатайын деп тұрғаны анық. Дегенмен, Әлеуметтік кодекс өз күшіне әлі енген жоқ.
Қазіргі таңда әлеуметтік саясаттың әлпеті – Әлеуметтік кодекс деп айтсақ та болады емес пе? Оның маңыздылығын, кімге және неге керек екенін анықтау үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен байланысуды жөн көрдік. Басқарма мәліметінше, Әлеуметтік кодекс жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы үшін арнайы жоспар құрылып қойған. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Онда азаматтардың дүниеге келуінен бастап, зейнетке шығатын уақыт аралығындағы әлеуметтік тәуелділіктерінің барлығы қамтылған. Өткен жылдан бері мемлекет басшысы отбасының әлеуметтік картасы жайлы айтып келеді. Отбасының цифрлық картасында мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде 6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтиды. Қазақстандық отбасылардың жағдайын 5 категория бойынша топтап қарастыратын болады. Олар: әл-ауқаты жақсы, қанағаттандыратын, әл-ауқаты төмен, дағдарыстағы, мүшкіл. Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс тек тұрмысы төмен отбасы қатарын азайту мақсатында ғана емес, онда бірқатар жоба жүзеге асырылмақшы. Айта кететін болсақ, Әлеуметтік қолдаудың жаңа парадигмасы: Мықты отбасы – мықты мемлекет деп аталады. Оған кіретін жаңа міндеттер: Ең әуелі отбасының цифрлық картасын енгізу, Жұмыспен қамтудың жаңа саясаты, Зейнетақы саясаты, Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту және Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы. Бұдан бөлек, Кодекс шеңберінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жұмысы іске асырылады – бір құжатта адам өмірінің барлық саласында туындайтын базалық құқықтар, соның ішінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін болады.
Бүгінгі таңда пандемия дағдарысынан туындаған күйзелістер мен қақтығыстарға байланысты әлеуметтік саясат бүкіл әлемдегі саяси өрістің негізгі ағынына айналып, оның қайта қалыпқа келуі мен өсуіне және ел игілігіне осы жобаның тиімділігі мен пайдасы үлкен сеп береді деп сенеміз. Бұл саланың басты міндеті – халықтың осал топтарын қамқорлыққа алу және олардың маргиналдануына жол бермеу, азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз ету. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ата-аналар, мүгедектер, қарттар, түрмеден шыққандар және басқа да санаттағыларға қатысты. Сондай-ақ, мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатынын нақты бекіту.
Осыдан бірнеше ай бұрын іссапармен өңірімізге келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдеріне берген брифингте осы Әлеуметтік кодекс жобасының тиімділігін атап өткен болатын. Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты Қазақстандағы әр отбасының әл-ауқатын көтеру және дамыту болып табылады. Сондай-ақ, бұл кодекс тек жағдайы төмен отбасыларға ғана емес, барлық отбасылы жандарға арнайы қарастырылып жатыр. Яғни, барлық қазақстандық азамат өз отбасы үшін осы әлеуметтік кодексті пайдалана алады деген сөз. Мәселен, тұрмыстық жағдайы жақсы, бірақ отбасында мүмкіндігі шектеулі бір адам болса, онда ол әлеуметтік кодекс арқылы мемлекеттен көмек ала алады. Сонымен қатар, көпбалалы отбасы, бірақ балалары 18 жастан асып кеткен болса да әлеуметтік көмек қарастырылады. Жобаның тағы бір артықшылығы, мүгедектігі бар азаматтың жеке көмекшісіне жалақы төленіп, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасы еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасып, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру шараларымен толық қамтылатын болады. Жобада өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнайы статустар қарастырылған, енді олар «тәуелсіз жұмыскер» деп аталып, заң жобасының негізгі мақсаты аясында азаматтар тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігіне ие болады.
– Әлеуметтік кодекс халықтың жағдайын жақсартады. Бұл жобаның идеясы өте дұрыс. Бірақ ол ендігі уақытта қалай жүзеге асатыны белгісіз. Оның механизмінің жөнді қалыптасып кетуі екіталай болуы мүмкін. Себебі кейбір уақытта мемлекет тарапынан идеясы жақсы дүниелер жасалынғанымен, жүзеге асыру жағы ақсаңдап қалып жатады. Сондықтан, алдағы уақытта жүзеге асыру жағын да тиісті, құзыретті органдар барынша қадағаласа екен, – деді экономист Мақсат Халық.
Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру мақсатында көптеген жұмыс істеліп, бүгінгі күні Әлеуметтік кодекс аясында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап айтатын болсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Енді қазақстандықтар проактивті СМС-хабарлама арқылы мемлекеттік қолдау шараларын ала алады. Одан бөлек, 2023 жылы әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. Ал 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері толығымен қамтылмақ. Әрі қарай бекітілген жоспарлар бойынша тұрақты түрде қызметтер атқарылуда. Биыл қаңтар айынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін артып, зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшері өсті. Елімізде 4,4 млн зейнетақы мен жәрдемақы алатын отбасыларға республикалық бюджеттен 4,5 трлн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, елімізде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Биылғы жылдан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы 25 пайызға өсті. Міне, осындай шешімдердің арқасында еліміздегі тұрғындардың тұрмыстық жағдайы бір қалыпқа түсетіні хақ.
– Әлеуметтік кодексті қабылдау азаматтардың өз әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының автоматтандырылған мониторингін жүргізуге, әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға, мемлекеттік қызметтерді электронды және проактивті форматта көрсетуге, азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді министр Тамара Дүйсенова.
Иә, жүктелген тапсырма жүйелі орындалатыны анық. Бірақ Әлеуметтік кодекс жобасының қашан жүзеге асырылатыны нақты белгіленіп, айтылмады. Елдің күтетіні де – осы. Дегенмен, биылғы жылдың бастамасы жаман емес сияқты. Айта кететіні, Әлеуметтік кодекс аясында барлық құжат электронды түрде қабылданып, қолжетімді әрі оңай тағайындалатын болады.
О.ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!