Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әділет жалақыдан басталады

18.12.2025, 11:20 79

Қоғамдағы ең өзекті әрі өміршең мәселенің бірі – ең төменгі жалақының әділдігі мен тиімділігі. Өйткені ең төменгі жалақы – жай ғана экономикалық сан емес. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің көрсеткіші, адамның  қадір-қасиетіне берілген  баға, еңбекке  деген  мемлекеттік  көзқарастың   өлшемі.

Бүгінде көптеген ел ең төменгі жалақыны азаматтың өмір сүру деңгейінің кепілі ретінде қарастырады. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 131-конвенциясы бойынша әр мемлекет бұл көрсеткішті белгілеуде екі негізгі параметрді басшылыққа алуы тиіс.

Біріншісі – ел экономикасының мүмкін­дігі.

Екіншісі – жұмысшы  мен  оның отбасының  лайықты  тұрмыс  деңгейі.

Яғни, халықаралық стандарт бойынша ең төменгі жалақы күнкөріс минимумының кемінде  60-70  пайызына  тең  болуы  қажет.

Бұл – өркениетті елдердің басты талабы.

Ең  төменгі жалақы  бойынша  әлемнің үздік ондығына Люксембург, Аустралия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Франция, Ирландия, Нидерланды және Мона­ко  кіреді.

Бұл мемлекеттер сағаттық ең төменгі төлемді 11-18 доллар деңгейінде белгілеп, өз халқының еңбегін  жоғары бағалап отыр. Мәселен,  Люксембургте  ең  төменгі  айлық  жалақы – шамамен 2 770 доллар. Ал Қазақ­станда бұл көрсеткіш – 85 мың теңге, яғни небәрі  180  доллар  шамасында.

Орташа деңгейдегі елдерге Польша, Грекия, Түркия, Португалия, Мальта жатады. Бұл мемлекеттерде сағаттық төлем 5-7 долларды құрап, жылдық табыс 8-14 мың доллар аралығында болады. Биыл көктемде досым Мақсат Абылайұлы Польшаға жалдамалы жұмысшы болып бармақ болып, виза рәсімдеді. Алайда құжаттық процестің ұзаққа созылуына байланысты, ақырында Қытай мен Ресей арасында жүк таситын көлік жүргізушісі болуға тура келді. Оның айтуынша, біздің елдегі жалақы өмір сүруге жетпейді.

Расында, посткеңестік елдерде жалақы кейбір Африка елдерімен  деңгейлес.  Ресейде сағаттық ең төменгі төлем –  1,76 доллар, Украинада – 1,42 доллар, Өзбекстанда – 0,50 доллар, Қырғызстанда – 0,17 доллар, Тәжікстанда – 0,13 доллар. Бұл елдердегі  жылдық  табыс  300-4 000  доллар  шамасында  ғана.

Ал, қара құрлықта орналасқан Оңтүстік Африка Республикасында сағаттық төлем – 1,57 доллар, Мароккода – 1,75  доллар.

Қазақстанда 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасынан ең төменгі жалақыны арттыруға қатысты айқын жоспар байқалмайды. Ресми билік бұл мәселеде бастама көтеруге  аса  құлық  танытып  отырған  жоқ.

85 мың теңгелік жалақы бір ай өмір сүруге жете ме? Әрине, жоқ! Бұл сома мегаполисте бір адамның бір рет тамақтанатын қаражатынан  аспайды.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, қыркүйек айында елімізде 1 миллион 109 мың адам ең төменгі жалақы алды. Оның басым бөлігі ауылдық жердің тұрғындары екеніне еш күмән жоқ.

Қазақстандағы ең төменгі сағаттық төлем – 1,05 доллар. Бұл көрсеткіш ресми күнкөріс минимумы бойынша да, шын өмірлік қажеттіліктерге шаққанда да жеткіліксіз. Статистика бойынша табысы бар азаматтар, шын мәнінде, жоқшылық шегінде  өмір  сүріп  отыр.

Әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, елімізде нақты өмірлік күнкөріс құны 120-160 мың теңге аралығында екен. Оның ішінде бір адамның айлық азық-түлігі – 60-80 мың теңге, коммуналдық төлемдер – 15-25 мың теңге, ал жолақысы, тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмек, киім мен байланыс шығындары – 40-60 мың теңге шамасында. Бұған несиелік шығындарды  қоссаңыз,  онда…

Президент атап өткендей, «әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – халықтың табысын арттыру және әділ жалақы жүйесін қалыптастыру». Ал осы міндетті іске асыру үшін Үкіметтің ерік-жігері мен экономикалық біліктілігі жеткілікті ме? Басты сұрақ – осы.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ

Коллаж: shyndyq.kz

Инфографиканы жасаған Е.Қалиев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: