HALYQLINE.KZ Аймағымыздағы «Болашақ» университеті мен «Қызылорда технология және қызмет институты» бірігеді. Екі жоғары оқу орны қосылып, «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа білім ордасы болады. Облысымызға беделді қос академиктің бастамасымен құрылатын жаңа оқу орны жастардың болашағына, білім саласына жаңа серпін бермек. Бұл тұрғыда ғылым жолында мол тәжірибесі бар ел ағалары аянбай еңбек етпек. Осы бастамаға байланысты бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында білім алушылар мен оқытушылардың басты мәселелері талқыланды.
– Соңғы уақытта халық арасында «Болашақ» университетіне қатысты сан алуан пікірлер туындауда. Аталмыш университет лицензиясынан айырылғанымен, студенттер де оқытушылар да ешқандай зардап шекпейді. Біз тиісті шараларды жүзеге асыруды қолға алдық. Аймағымыздағы «Қызылорда технология және қызмет институты» мен «Болашақ» университеті бірігіп, «Қызылорда Ашық университеті» атауымен жаңа оқу орны құрылады. Бұл білім ордасында толық құраммен оқытушылар мен профессорлар шоғырланады. Осы бастаманы өңірге белгілі азамат Қылышбай Алдабергенұлымен келісіп, екеуміз екі құрылтайшы болатын болдық. Бұл дегеніміз – университет жабылмайды, керісінше іргелі оқу орны ретінде қалыптасып, студенттер сапалы білім алуына жағдай жасалады. Сондай-ақ, «Болашақ» университетінің студенттері бұрынғыдай өздерінің корпустарында оқи береді. Ең басты міндет – студенттер лайықты дәрежеде білім алып, білікті маман атануына күш-жігерімізді саламыз. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз, – деді экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бақберген Досманбетов.
– Біздің бірінші мақсатымыз – әрбір білім алушының мүддесін қорғап, олардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету. Жақында құрылатын жаңа оқу орны өз принциптері мен академиялық саясатты жүзеге асыру және нақты білім жүйесімен қауымдастырылады. Жалпы бұл бастама әлемдік тәжірбиеде болғандықтан екі оқу орнын біріктіріп, «Қызылорда Ашық университетін» құруды шештік. Ал «Болашақ» университетінің студенттері өз оқу ғимараттарында оқу процесін жалғастыра береді. Жалпы екі оқу орнын біріктіру арқылы тереңдетілген ғылым жүйесіне жол ашылады, тәжірибе алмасумен қатар озық идеялар жанданады. Сондықтан жаңа оқу орны тек жоғары дәрежедегі білім жүйесінде қызмет ететін болады, – деді техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Қылышбай Бисенов.
Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Болашақ» универсиетінің студенттерін қабылдауға толықтай дайын екенін жеткізді.
– Соңғы екі апта көлемінде біздің университетке ауысу туралы «Болашақ» университетінің студенттерінен өтініштер келіп түсуде. Осыған байланысты студенттер мен ата-аналарға қажетті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір айта кететін жайт, студенттер «Болашақ» университетінде қандай көлемде оқу ақы төлеп жүрсе, сол оқу ақысымен бізде де білім алуын жалғастыра береді, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиетінің Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!