Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақта мамыр айындағы басты мерекелерде ауқымды іс-шаралар өтеді

30.04.2024, 17:55 242

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Осы атаулы күнге орай облыста бірлік пен татулықты дәріптеуге арналған мерекелік іс-шаралар тізбесі 24 сәуірден бастау алған болатын. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестік жетекшілері құрмет төрінен көрінді. Сондай-ақ, осы мерекеге орай әлеуметтік желілерде арнайы айдарлар ашылып, тақырыптық мақалалар мен мерекенің маңыздылығын айшықтайтын жазбалар жарияланатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов хабарлады.

– 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу барысы достық пен татулықты дәріптеуге, сондай-ақ еңбек адамдарын халыққа насихаттауға бағытталады. 25 сәуірде Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту маңыздылығы туралы айтқан болатын. Ел Президенті айтқан нақты тапсырмалар негізігінде біздің облыста бекітілген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде біздің облыста 36 өзге ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Олар көбісі қоғамдық іс-шараларда өз белсенділігін көрсетіп келеді, – деді Алмасбек Есмаханов.

Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Осыған сәйкес, өңірде 3-10 мамыр аралығында Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне орай мерекелік концерттер, түрлі бағыттағы акциялар, мұражайлар мен кітапханаларда ашық есік күндері, спорттық сайыстар, әскери-патриоттық ойындар, білім беру ұйымдарында арнайы кездесулер, ерлік, тәрбие сағаттары, ардагерлерді салтанатты құттықтау шаралары және тағзым алаңдарында гүл шоқтарын қою рәсімдері өткізілмек.

– 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай аймағымызда түрлі бағытта іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл мерекелік іс-шаралар – патриотизм, әскери саланың маңыздылығы, мемлекетіміздің бейбітішілігін сақтаудағы ерліктерді дәріптеуге бағытталады. Осыған орай, 2 мамырдан бастап мерекелік іс-шаралар өтетін орталық көшелер мен сауда орындарында және халық көп шоғырланатын орындарды безендіру жұмыстары басталады. Сонымен қатар, аймақ басшысының қатысуымен еске алу митингі және Тағзым алаңына гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Бұдан бөлек, азаматтық қоғам өкілдері, белсенді жастардың қатысуымен «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбында ардагерлер мен қазыналы қарттардың үйлерінің аумағында тазалық акциялары ұйымдастырылады. Бүгінде ортамызда 4 соғыс ардагері бар. Оларға құрмет көрсетіліп, арнайы құттықтаулар ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында Халық қаһармандары Рахымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай танымдық шаралар өтеді, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: