Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аян Зейнуллин кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз қозғап, ауыл ауылды қолдау мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында – ауыл шаруашылығы, елді мекендердің инфрақұрылымы және алдағы кезеңге қойылған нақты міндеттер тұрды.
Кездесу барысында аймақ басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Президент 2022 жылдың қараша айында қызметіне кіріскен бойда қол қойған алғашқы стратегиялық құжаттардың бірі – «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» болды. Мұның өзі ауыл мәселесінің мемлекеттік саясаттағы орны айқын екенін көрсетеді.
Нұрлыбек Нәлібаев ауылды қолдаудағы басты мақсат – халықтың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту екенін жеткізді. Осыған байланысты Үкімет пен өңірлерге бөлінетін субсидиялар мен қаржылай қолдаулардың тиімді әрі мақсатты жұмсалуы ерекше бақылауда.
Аймақ басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда Қызылорда облысында 447 мың адам, яғни тұрғындардың 53 пайызы ауылдық жерде тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында арнайы әдістеме бойынша 59 тірек және 43 спутник елді мекен анықталған. 2022–2024 жылдар аралығында 78 ауылда 31 млрд 600 млн теңгеден астам қаржыға 343 жоба іске асырылып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылған. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин «Ауыл» партиясының алдағы кезеңге арналған жоспарларына тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларға қолдау білдіретінін айтты.
Жалпы, бұл кездесу ауылды дамыту мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін көрсетті. Өңірдегі нақты жобалар мен бөлінген қаржы көлемі ауылдық аумақтарды жаңғыртуға бағытталған жұмыстың жүйелі түрде жүріп жатқанын аңғартады. Ал Мәжіліс депутатының қолдауы бұл бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына серпін бермек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!