Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Болат Өтемұратов қорының өкілдерімен және Калифорния университетінің ғалымдарымен кездесті

16.03.2026, 20:38 33

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов Қорының өкілдері – Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман, бас директоры Айнұр Кәрібозова, сондай-ақ «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов, Калифорния университетінің Беркли кампусының ғалымдары, E-seed технологиясының авторлары Семина Юи және Марко Фрескимен кездесті.

Кездесу барысында Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен іске асырылуы жоспарланған «Арал теңізі түбінің экожүйесін жақсарту» халықаралық жобасының бастамасы мен алдын ала жоспарлары талқыланды.

Бұл – облыс үшін ғана емес, халықаралық деңгейдегі өте маңызды жоба. Басты ерекшелігі – Берклидегі (АҚШ) Калифорния университеті әзірлеген E-seed инновациялық технологиясын қолдану. Жоба аясында технологияны жергілікті жағдайға бейімдеу жұмыстары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті және Халықаралық Аралды құтқару қорының қатысуымен жүзеге асырылуда.

Бұл технология дрондар арқылы жүзеге асырылатын аэросебу әдісіне негізделген: биологиялық ыдырайтын арнайы материалға орналастырылған галофит өсімдіктерінің тұқымдары топыраққа өздігінен терең еніп, жерге себіледі. Мұндай тәсіл тұқымдардың топыраққа тереңірек енуі арқылы өсімдіктердің жерсіну деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Технология еңбек шығындарын азайта отырып, кең аумақтарды қысқа мерзімде қамтуға жағдай жасайды. Болат Өтемұратов Қорының пилоттық жобасы құрғаған теңіз табанынан таралатын тұзды-шаңды дауылдардың әсерін азайтуға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Қордың Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі өңірде бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылуын қамтиды. Атап айтқанда, «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылып, «Қорқыт ата халықаралық әуежайының» жаңа терминалы салынды.

Сонымен қатар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, перинаталдық орталыққа және мүгедектігі бар балаларға арналған №2 облыстық оңалту орталығына заманауи медициналық жабдықтар берілді. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы мен Арал ауданында әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға тұрғын үйлер табысталып, 2021 жылғы қуаңшылық кезінде өңір тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетілді.

«Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру өңіріміз үшін стратегиялық маңызға ие. Біз экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз», – деді Қор өкілдерімен өткен кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев», –деді Қор өкілдерімен өткен кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Талқыланған жоба 2024-2026 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) аясында іске асырылып жатқан бастамалармен сабақтас.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: