Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Айдарбек Сапаров қызметтен кетсін!»

17.10.2024, 22:25 229


Алмасбек Садырбай петиция жариялайтынын мәлімдеді

«Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы» РҚБ төрағасы Алмасбек Садырбай Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың бір жылдық қызметіне баға берді және оның отставкасын талап ететін петиция жариялайтынын мәлімдеді.

«Айдарбек Сапаровқа тағайындалған сәттен бастап бірнеше ай ештеңе айтпадым, сынамадым. Министр болам деген арманына жетті ғой, халықты ойлар дедім. Нәтижесінде не болды? Екі де бір болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы саясатын өзінің «любимый темасы» шошқадан бастады. Оған көпшілік «Айдарбек балам, шошқадан басқа төрт түлігіміз бар емес пе, сол жаққа бетіңді бұр» деді. Ол былқ етпеді. Әрбір шошқаның жатып-тұратын орнына 2,5 млн теңгеден субсидия береді. Оған да көндік. Одан кейін 1000 бас қойға арналған бордақы алаңдарына субсидия бермейміз, 5000 басқа арналған алаңдарға субсидия береміз деді. Жүрегіміз зырқ ете қалды. Демек Сапаровқа орта шаруалар керек емес, малы 5000-нан асатын байлармен жұмыс істегісі келеді. Бұл қалай болғаны дедік. Қыста күн жылып жауын жауғанда Ақмола, Ұлытау, Қарағанды облыстарында жұт басталайын деп тұр дегенімізде мәселені шешпеді. Мал қырылды. Айдарбек Сапаров Парламент қабырғасында 67 ғана мал өлді деді. Депутат Аманжол Әлтай не айтып отырсың, мыңдаған мал қырылды деді. Міне, Ұлытау облысында мал қырылғаны жаныма батқан соң одан кейінгі ісім Сапаровпен болды», – деді Алмасбек Садырбай.

Оның айтуынша, шаруалар Ауыл шаруашығы министрі Айдарбек Сапаровтың жұмысына риза емес және оның отставкасын талап еткісі келеді.

«Маған Сапаров министр болуға лайық емес, оны отставкаға кетіру жөнінде бейбіт шеру ұйымдастырайық дейтін шаруалар бар. Ал мен дүрбелеңге салғым келмейді. Бірақ елден де көп қаша алмаймын. Бір шешімге келу керек болады. Сондықтан Adal ADAM youtube арнасында бірінші рет мәлімдейін деп тұрмын. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың отставкасын талап ететін петиция жинаймыз. Керек болса, 10 мың қол, тіпті 100 мың қол жинаймыз. Президент өзі шешім қабылдасын. Петицияны жақын күндері дайындап, жариялаймыз. Егер Айдарбек Сапаровты лайық деп тапсаңыздар, қалсын, лайық емес десеңіздер қарсы дауыс беріңіздер. Айдарбек Сапаров қызметтен кету керек деп шешім өз басым», – деді Алмасбек Садырбай.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: