Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Руханият» орталығында «Аялы әже» аудандық форумы барысында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы әжелер алқасының төрайымы Рәзия Қалжанова, «Қазақ Аналары – дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық және қалалық бас төрайымы Алтынай Былаева, облыстық әжелер алқасының мүшесі Орынша Әлімбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы және аудандық әжелер мектебі мүшелері, әжелер ансамбльдері мен ақ жаулықты аналар қатысты. Жиынды Сырдария ауданының Құрметті азаматы, қадірлі ана Ұлмекен Жанәлиева жүргізіп отырды.
Аудан басшысы форумның маңыздылығына тоқталып, ұрпақ тәрбиелеу жолында әжелердің еңбегі орасан зор екенін атап өтті.
– Қазақ халқында «Әже – отбасының тірегі, елдің жүрегі» деген ұлағатты сөз бар. Расында әрбір шаңырақтың, барша әулеттің тәрбие биігінде әженің мектебі, ананың ақылы мен мейірімі тұрады. Аяулы әжелеріміз – салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші алтын көпір және ұлттық құндылықтарымыздың сақтаушысы. Әженің тәрбиесін көрген парасатты тұлғалар есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Осы асыл қасиеттердің түп тамыры асыл әжелерімізден бастау алады» деп атап өтті. Сыр елінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ұлттық құндылықтарды насихаттауға және аналарға құрмет көрсетуге ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орны бөлек. Мемлекетіміздің келешегі мен қоғам игілігі жолындағы өлшеусіз еңбектеріңізге ерекше алғысымды білдіремін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы әжелер алқасының төрайымы Рәзия Қалжанова, «Қазақ Аналары – дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық және қалалық бас төрайымы Алтынай Былаева, ардагер ұстаз Алтын Нұртаева қазіргі заман мен бұрынғы тәрбиенің айырмашылықтары, отбасылық құндылықтар мен адамгершілік қағидалар туралы өзара пікір алмасты. Әжелер отбасыдағы тәрбие, ұрпаққа аманат етілетін салт-дәстүрлер, ұлттық болмысымыздың негізі туралы тағылымды әңгімелер айтты.
Аудандық өнерпаздар құрмет төрінен орын алған барша ақ жаулықты әжелер мен аналарға әннен шашу шашты. Іс-шара соңында белсенді әжелер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, сый құрмет көрсетілді.
Жиын қорытындысында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева ардақты жандарға Үндеу жариялады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!