Құмар ойын құрдымға жетелейді. Бәс тігу – қатерге де бас тігу. Құмар ойын отбасын ойрандады. Иә, дәл осы мағынадағы тақырыптарды интернеттен, әлеуметтік желіден жиі-жиі кездестіреміз. Олай болмағанда ше? Осы күні букмекерлік кеңселердің жарнамасы жер жарып тұр. Магнитке жабысқан темірдей жасы да, жасамысы да, жарлысы да, байы да сонан хабардар. «Бәс тігіп бәрінен бір бас жоғары боламын» дегендер соңында санын соққылап, қу тізесін құшақтап қалғанын көз көріп жүр. Құмар ойынға қатысты тағы бір дабыл қағарлық жайт бар. Мәжіліс депутаты Руслан Берденов «бізді қорғайтын адамдар да құмар ойындарына кіріп кеткен» деп пікірін білдірді. Яғни, ол әскери адамдар арасында құмар ойынның белең алғанын айтады.
– Бұл мәселені біз шешкіміз келсе, бір-ақ айда шеше аламыз. Депутаттар 2016 жылы, 2017 жылы, 2019-2020 жылдары аталған мәселені көтерген, ешқандай шешімі жоқ. Себебі – лобби. Менен көп адам есімдерін сұрайды. Ашығын айтсам, ол адамдармен соғысып жатқан жоқпын. Маған олардың есімі маңызды емес, маған болып жатқан жүйені жөндеу маңызды. Мысалы, кеше әскери кісілермен отырдым, маған өздері хабарласты. Олардың сөзінше, соңғы уақытта үш адам осындай ойынның құрбаны болған. Әскери, бізді қорғайтын адамдар осы құмар ойындарына кіріп кеткен, – дейді ол.
Естеріңізде болса, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «жастарымызды құмар ойындары, вейп, синтетикалық есірткі құртып жатыр» деп ашық айтқан еді.
Депутаттың айтуынша, елде түрмеде отырғандардың 30 пайызы осы құмар ойындары үшін сотталған.
«Бұл – ресми статистика. Олар біздің салығымыз арқылы қамтамасыз етіледі. Жылына олар үшін 76-77 млрд теңге кетіп жатыр. Екіншіден, қазіргі таңда миллионға жуық ойыншы бар. Бұл – біздің сараптама, негізі одан да көп болуы мүмкін. Сол миллионның 300 мыңын емдейтін болсақ, 1 трлн теңге кетеді екен. Оларды бәрібір емдеуіміз керек. Емдеу курсы кем дегенде – 6 ай. Емдейміз, көреміз. Алкоголь, есірткі – химиялық нәрсе, ал лудоманияны дәрімен емдей алмаймыз. Ажырасып жатқан 10 отбасының жетеуіне осы құмар ойындары себеп» дейді Руслан Берденов.
Депутат бұл кәсіпке тыйым салынбаса да, бақылауға алуды ұсынады. Бұл орайда оның сөзінің жаны бар. Жоғарыда жазғанымыздай, қазір көк жәшікте те, ақпараттық порталдарда да, әлеуметтік желілерде де құмар ойындардың жарнамасынан көз сүрінеді. Тіпті, кез келген қалада, ауданда еңселі ғимараттардың сыртынан «кел, ойна» деп шақырып тұрған жарнамасын байқауға болады. Ол аздай, онлайн ойындар да опық жегізуін бастады. Сондықтан, белгілі бір деңгейде бақылаудың болғаны дұрыс.
– Бақылауға алайық. Мысалы, ойнағыңыз келе ме, ол – сіздің құқығыңыз, қарсылық жоқ. Бірақ лимит қояйық. Біздің ұсынымыз кімнің зейнетақы жинағы бар, қордағы жинағына қарап лимит қояйық. Зейнетақы жинағы бар ойыншыда ID нөмір болсын, ойнағысы келсе, ойнайды, бірақ шектеу бар. Ол барып несие ала алмайды, біреуден ұрлай алмайды, әке-шешесін, әйелін алдай алмайды. ID ашу үшін екі жақын адамынан рұқсат алу керек. Одан кейін лудоманның нөмірі болса, жұмыс беруші ол адамды жұмысқа алу-алмау туралы ойланады, – дейді Руслан Берденов.
Қалай десек те, құмар ойнап шекесі шылқып отырған адам көрмедік. Бірде бар, бірде жоқ. Лудомания жазылмайтын ауру емес. Ал, мұның әскерилерге төнген қауіп-қатері көпті ойландырады. Тыйым, шектеу керек-ақ.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!