«Еңбек ер атандырады» деген даналық сөз бар. Еңбек адамы – елдің өсіп-өркендеуі жолында өз қолтаңбасын қалдырып жүрген жан. Жалпы жаһандық жаңалықтарды ашып, әлемді өзгертетін де – білім мен еңбекке құмар бастамашыл топ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп атаған болатын. Бұл еңбек адамының беделін асырып, мерейін өсірді.
«Мен 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген еді президент.
Осы орайда, елдегі еңбек адамдарының пікірін біліп, жалпы жұмыс барысындағы қиыншылықтар мен қызықтар туралы өзінен сұрап білген едік.
КІРПІШ ҚАЛАУҒА ДА САУАТ КЕРЕК
Соның бірі – жалағаштық Абзал Нұрмаханов. Айтуынша, жиырма бес жылдан бері құрылыс саласында үй салумен айналысып келеді.
– Ең алғаш 2003 жылы құрылыс саласына келдім. Әрине, үй салу – үлкен жауапкершілік. Кірпіш қалауға да сауат керек. Кірпішті көзбен өлшеп салған суреттей мінсіз қалыпта қалап шығу – нағыз маманның ғана қолынан келетін еңбек. Өрілетін кесектің арасындағы балшықтың тым сұйық немесе қою болмауы оның байланысын нықтап ұстап тұруына әсері зор. Ауылда кесек құйып, сарай өріп өскен біз үшін аса таңсық болмағанымен, мұндағы істің барысы мүлдем бөлек. Салынған үйдің сәулетті болуы аса маңызды. Сондай-ақ сапалы орындалуы да басты талап екенін ұмытпаған абзал. Мұндай сәулетті үйлер соңғы кездері Сыр өңірінде көптеп салынуда, – дейді Абзал Орынбекұлы өз сөзінде.
Кейіпкеріміздің құрылыс саласына келуі кездейсоқтық емес. Әкесі Орынбек Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында ұзақ жыл прораб болып жұмыс істеді. Еңбегіне қарай ел құрметіне бөленді. «Әке көрген оқ жонар» демекші Абзал текпен келген қасиет арқылы қолына қолғабын киіп, қыс айы болсын, шілденің шіліңгір ыстығы болсын құрылыс басынан табылды. 2002 жылы әскерден келісімен әкеден көрген тәрбиесімен елдің пайдасына жарауға ұмтылды.
– Аудан орталығында көптеген тұрғын үйді салдым. Соған көңілім қанаттанады. Салынған үйлердегі әр тұрғынның қуанышы – менің қуанышым. Кірпіштен өрілген үйдің қыр-сырын айттым. Ал ағашпен салынатын үйлердің де салмағы орасан. Қиюын келтіріп, жеті өлшеп, бір рет кеспесең, шығының арта түседі. Әр ағаштың қойылатын орны болады. Оның да жұқа немесе қалыңдығына мән берген дұрыс, – дейді ол.
БАСПАНА БАСТЫ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛЫП ОТЫР
Бүгінде аймағымызда сәулетті үйлер қатары жыл санап артып келеді. Олардың басым бөлігі – ипотекалық несие арқылы берілетін тұрғын үйлер. Үй алудың да өзіндік талап, тәртібі бар. Бұдан баспана мәселесінің күні бүгінге дейін өзекті екенін аңғаруға болады.
Құрылыс жұмысы – таза еңбек. Сырдың аптап ыстығында шаң астында құрылыс жасау оңай шаруа емес. Абзал секілді әрбір жұмысшы азамат үй соғудың жауапкершілік жүгін жүрекпен сезінеді. Өйткені сәл қисынсыз салған кірпіш немесе қисық салынған ағаштан бүкіл үйің құлап қалуы бек мүмкін.
– Бізде салынып жатқан үйлердің материалдарын әр жақтан алдырады. Солардың да тиімді немесе кері жақтары бар. Ең бастысы, салынған үй сапалы болу керек. Біздің басты ұстанымымыз – осы, – дейді Абзал Орынбекұлы.
Жұмысшы маманмен бір мезеттік диалог бізге мың күндік тәжірибе берді. Үй салудың салмағын сезінген бізде құрылысшыларға деген ішкі құрметіміз арта түсті. Өйткені өңірімізде салынған әрбір нысанда бұл кісілердің қайталанбас қолтаңбасы жатыр. Ол болашаққа жасалған жарқын жол іспетті.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Ақ балдызымның қолынан келмейтіні жоқ бәріне кірісе кетеді жұмыстың ауырлығына қарамастан. Менім үйімді салған көп көмегі тиді рахмет ақ балдыз алдың ашық отбасың аман болсын.Өте жақсы жігіт.