Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық әйелдер форумы өтті

26.01.2025, 18:00 169

Шиелі ауданындағы жаңадан ашылған «Руханият орталығында» Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық әйелдер форумы өтті.
Форумға облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Манат Алмашева, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және түрлі салада еңбек ететін жұмысшы әйелдер қатысты.
Басқосуды жүргізген Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Мемлекет басшысының Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен соңғы жылдары салынған әлеуметтік нысандарды, қолға алынған ауқымды шараларды атап өтті.

Атаулы жылға орай ұйымдастырылған іс-шараға «Хабар 24» республикалық телеарнасындағы «Дархан дала» бағдарламасының түсіру тобы арнайы келіп, Сыр елінде атқарылған жұмыстармен танысты.

Еске салайық, өткен жылы өңірдегі «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» бой көтеріп, бірқатары ел игілігіне табысталды.

«Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы» салынуда.

«Анаға тағзым» орталығы – аймақ басшысының бастамасымен қала орталығында бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени-әлеуметтік нысан, Сыр елінің арулары мен ақжаулықты аналары бас қосатын құтты мекен.

Халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын «Анаға тағзым» экспозициялық кешенінде «Қазақ елінің ұлы аналары» атты бірегей картина және ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйдің инсталляциясы орналасқан. Сонымен қатар, «Мирас» әжелер, «Бойтұмар» қыздар, «Жас отау» жас отбасылар, «Ана тілі» дебат клубтары, психолог-медиатор кабинеті, «Береке» аспаздық, «Шамшырақ» фото-видео студиялары жұмыс жасайды. Музей, конференц, мәдени-концерттік залдары және коворкинг орталығы бар.

Өнер мен мәдениетті қолдау мақсатында салынған 1000 орындық «Өнер орталығының» филармония ұжымына берілуі сырбойылық өнерпаздарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Филармония жанынан құрылған 10 өнер ұжымы бар. Облыстық симфония, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрлері, «Қорқыт сазы» қобызшылар, «Ақмешіт» фольклорлық, вокалды-аспаптық ансамбльдері, «Томирис» және «AI-ARU» би, хор ұжымдары, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы өнердің түрлі бағытында жемісті еңбек етуде.
Камералық оркестрге қосымша 30 штаттық бірлік қосып, симфония оркестрін ашу туралы ұсыныс оң шешімін тапты. Облыс әкімінің қолдауымен қайта құрылған симфония оркестрінде 50 қызметкер бар, 17 өнерпаз қызметтік үймен қамтылған. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған, Байқоңыр қалаларынан 10-ға жуық өнерпаз арнайы шақыртумен келген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: