Қазақ оңынан болған істі ұзаққа жалғассын деген ниетпен «тіфә-тіфәлап» түкіріп қоятыны бар. Оның астарында көз бен сөз тиюден алыс болсын деген тәмсіл «тығылып» жатыр десек те болады. Көпшіліктің көңілінен шығып, жоғын түгендеп, барын еселеп берудің оңай іс емес екенін біле бермейміз. Себебі бұған дейін билік пен бұқара арасында алынбас қамал қалыптасқандай еді. Бірақ, қызылордалықтар қала әкіміне ерекше алғыс білдіруде. Сөзімізге дәлел болар дүние көп. Бірақ оны мына кездесуден жазбай түсіндік.
Қаладағы орталық көшелердің бірі Абай даңғылы №47 үйде қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай шаһар басшысы Асылбек Шәменов тұрғындармен кездесіп, ондағы модернизация жұмысына тоқталды.
– Құрметті қала тұрғындары, бұл – өз қаламыз, өз жеріміз. Сондықтан бұл жерді таза ұстау да, көркейте алуымыз да өзімізге байланысты. Бала-шағаның ойнап, демалатын орны да осы аумақ болғандықтан, ол жерде қоқыс шашылатыны тағы бар. Сондықтан бір кісідей жұмылып, өздеріңіз де тазалыққа мән беріңіздер. Ал аса қиын жұмыстар болса, біздің қызметкерлер оны дер кезінде қарап, арнайы сала басшылары мәселелеріңізді шешуге жағдай жасаймыз, – деді Асылбек Өмірбекұлы.
Қаладағы көлемі жағынан ең үлкен үйлер санатына кіретін №47 үйдің А, Б, В, Г орамы бар. Бұндағы жөртөленің өзін тазалауға қаншама жұмысшы тартылып, жұмыспен қамтылуда. Тұрғындардың айтуынша, жертөледегі қоқыс үй қолданысқа берілгелі тазаланбаған көрінеді. 48 жыл бұрын пайдалануға берілген кезден бастап, әлі ешбір жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін растап отыр тұрғындар. Дегенмен, мердігер мекеме қазіргі жағдайда жертөленің толық тазартылып жатқанын айтты. Соған сәйкес, қала әкімі жертөлеге кіріп, атқарылған жұмыстарды көзбен көруді ұйғарды. Үйдің астына түсіп, жағдайды бақылаған қала әкімі «барлық жертөленің жағдайы осындай болсын» деген тапсырма жүктеді жауаптыларға. Қайта жаңғырту жұмыстарының өтуі үшін сол үйдің барлық тұрғыны қарсы еместігін айтып, жұмыстың басталуына өздері де мұрындық болуы қажет. Ал мұнда мемлекеттің есебінен қаржыландырылатын модернизация жұмысына қарсылығын білдірген бір ғана тұрғын бар екен. Барша бұқараның шешіміне келіспеген ол жертөленің кілтін жасырып, жұмысшыларға кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Әйтсе де, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегенге баспай, жөндеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сайып келгенде мүмкіндік болғанда барлық олқылықтың орнын толтырып, жоғын түгендетіп алуға не жетсін. Жетесіне жеткен тұрғындар осы мүмкіндікті жақсы пайдалануда. «Дегенмен, бір ғана тұрғынның қарсылығына қарамай, ол жаққа толық жаңарту жұмыстарын жүргізіңіздер, халық риза болуы қажет» деді қала басшысы мердігер мекемедегілерге. Бірақ тұрғындар қазіргі жұмысқа дән риза.
– Мен осы үй пайдалануға берілгелі тұрып келе жатқан адаммын. Жасым 77-ге келген үйде отыратын зейнеткер болған соң, осындағылар мені үйдің жай-күйіне, тұрмыс жағдайына қарайлап қоюды тапсырған. Қазіргі қайта жаңғырту жұмыстарына қатты қуанып жүрміз. Өйткені бұл үйде қаншама тұрғын, қаншама тағдыр бар. Оның барлығына да керегі осы еді. Әзірге шағымым жоқ. Бүгін осы жұмыстарды бақылап, тұрғындармен кездесуге келген қала әкіміне алғысым шексіз, – деді тұрғын Бибігүл Каракаева.
Шаһардағылар риза болса, әкімнің де арманы сол. Сол себепті қаншама қаражат жұмсалған үйдің қайта жаңғыртудан кейінгі жағдайына тұрғындардың көңілі толмаса, әрі қарай екі жұмыс болып кетер еді. Сол үшін мәселе болса, дер кезінде шешіп беру көзделген.
– Абай даңғылы №47 үйінің тұрғындары көптен бері модернизация жұмыстарын сұраған болатын. Дәл қазір мұнда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 164 пәтерді қамтитын көпқабатты үйге жасалатын қайта жағырту жұмысының жалпы құны 166,7 млн теңгені құрайды. «Стройинжиниринг ЛТД» ЖШС мердігер мекеме ретінде анықталып, біршама тапсырма мен міндеттер жүктелді. Өжіре ішін тазарту жұмыстары 70% атқарылды. Шатыр төбежабыны бойынша демонтаж жұмысы, монтаж жұмысы аяқталып, стяжкасы 70% құйылды. Вентиляциялық шахта тазартылуда. Подьезд ішіне жаңадан пластикалық терезелер 90% орнатылды. Су бұру жүйесі істеліп, кәріз құбыры 70% жаңартылды. Жылу құбырының да жұмысы 50%-ға аяқталып тұр, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғалымжан Қайназаров.
Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы осы жаңғырту жұмыстары ақталған соң, тағы да келіп, тұрғындармен кездесіп, жағдайына зер салып кететінін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!