Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйтеке би Бәйдібекұлының 380 жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция өтті

18.10.2024, 13:55 39

Бүгін Қазалы ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еңбек ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеп, тарихи тұлғаны ұрпақ жадында жаңғыртудың маңызына тоқталды.

«Халқымыз батырлары мен сал-серілерін, даңқты дала қаһармандарын дәріптеп, ұлыларын қастерлеп келеді. Баршаңызды қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан аса көрнекті мемлекет қайраткері, кемеңгер ойшыл Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Әйтеке би Бәйбекұлы – қазақ тарихына өзінің жасампаздық қызметімен із қалдырған тұлға. Қазақтың үш ұлы биі, үш даңқты данагөйі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің есімдері ұлт бірлігінің айнымас символы болып бізге жеткен. Қазақ тарихындағы ең күрделі кезең – жоңғар шапқыншылығы уақытында елді бірлікке үндеп, Бұқара мен Самарқанда би болған.

Биыл Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығы кең көлемде тойланды. Мерекелік іс-шараларда Сыр өнерпаздары өнер көрсетіп, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов айтыстың бас жүлдесін еншілеп қайтты. Наурыз айында Қызылорда қаласында республикалық командалық айтыс ұйымдастырылып, жерлестеріміз топ жарды.

Баба есімін ұлықтау мақсатында Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, Әйтеке би ауданы, Жаңақазалы поселкесі Әйтеке би кенті деп аталғаны бәріңізге мәлім. 2000 жылы Қазалы ауданының орталығында Әйтеке бидің құрметіне кесене тұрғызылды. Бас көше бабамыздың атымен аталып, 2019 жылы аудан әкімдігі ғимаратының алдынан 12 метрлік еңселі ескерткіші бой көтерді.

Тарих – тағылым. Өткенінен сабақ алмаған ел табысқа жетпейді. Әйтеке бидің ұлағатты өмірін ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге етудегі шаралар жалғасын таба берсін. Бүгінгі конференция жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Конференцияны Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Іс-шарада Ұлттық Ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Әйтеке би және оның заманы», фольклоршы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов «Әйтеке би: мұрағат мәліметтерін қайта зерделеу мәселесі» тақырыбында баяндама жасады. Көтерілген тақырыптар бойынша қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар, қоғам қайраткері, республикалық Жалаңтөс баһадүр қорының президенті Нажмадин Мұсабаев, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Өтеубай Қожақов сөз сөйледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: