Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамның азан шақырып қойған есімі – екі дүниенің еншісі

09.06.2022, 10:20 737

Бұрын жарық дүние есігін ашқан нәрестеге молданы шақырып, құлағына есімін 3 рет қайталап дауыстап айтатын. Азан шақырып ат қою дәстүрі – қазақ халқында ежелден сақталған дәстүр. Азан шақырып қойылған есімге Алла бар ырзық-несібесін төгіп береді. «Адамның есімі өзгертілсе, оның тағдыры ауысады» деген дана халқымыз. Сондықтан да, БАҚ беттерінде жарық көрген кейбір ақпараттарды пайдалана отырып, адамның есімі туралы ойымды оқырманмен бөліскенді жөн көрдім.

Жер  жүзінің  барлық  елінде  адамның  аты-жөні  иесінің кім болғанынан  дерек  беріп ғана  қоймай, оның қай ұлттың өкілі  екендігін  де айғақ­тап   тұрады. Мысалы,  адамның  тегіне «ов,  ев» (Иванов, Петров, Сидоров)  жалғау­лары  қосылса,  оның   ұлтының  орыс, «ко» – (Соломенко,   Шевченко,   Костенко)  украин,  «ич»   –  (Робинович,  Исакьевич)  еврей,  «оглы» – (Бюл-Бюл оглы,  Мамед  оглы)   әзірбайжан,  Махараш­вили – грузин,  Лацис – латыш,  Кодру – молдаван,  Томме эстон екенін  білдіреді.  Әлем  бойынша Ли фами­лиясын иемденген 100 миллионнан  астам қытайлық, 10 мил­лионнан астам Гарсия, Гонсалес, Эрнандес­тер, 2,5 миллион Смирновтар, миллионнан астам  Мюллерлер  кездеседі.

Ең ұзын текті білгім келгенде, әлемнің классик суретшілерінің бірі Пабло Пикассоның толық аты-жөніне тап болдым. Яғни, оның толық есімі Пабло Диего Хозе Франциско де Пау­ла Хуан Непомукено Криспин Криспиано де ла Сантисима Тринидад Руиз и Пикассо  екен.

Шығыс  ойшылы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің Әбу-Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки деген атаудың аудармасынан Фараб қаласында Түркі елінің Ұзлағ әулетінен тараған Тархан Мұхаммадтың  ұлы  Әбу-Насыр  екенін  білеміз.

Батыр атамыз Бауыржанның қылышынан қаны тамып тұрған Кеңес одағы кезінде «Мен Момышұлымын» деп қасқайып қарсы тұруында  көзіңнің қарашығындай қорғалуға тиісті қазақ  ұлтының  ары  мен  намысы  жатыр.

Қазіргі уақытта жиі кездесетін  жағдай  ататегің «Ж»-дан басталғанда ешқандай «Дж» негіз­сіз қосылып (Джумабеков) аталуы неліктен? Кеңес саясатының идеологиясын насихаттауда қазақ ұлдарына Карл, Маркс деген есімдерді қойғанын да білеміз. Ата-анасы бала­сына осы есімді қойғанда бір әулеттің Карлов, Марксов болатынын ойламаса керек. Иран елінде ұрпақтарына өзге ұлт есімін қоюға тыйым салынған екен. Ал біздің елімізде өзге еуропалық есімдерді қоюға ата-аналар құштар, ол  есім  мағынасыз болса да, керемет көріп, арнайы  қояды. Мысалы: Нигара, Диляра, Анжелика,  Лаура, т.б.

Бір  жас  қызбен  танысқанымда  есімін  «Инка­ра» деп, ерекше мақтанышпен жеткізді. «Бұл қай ұлттың қызы екен?» деп ойланып қалғанмын. Шындығында куәлікте жазылған есімі «Іңкәрім» екен, «қандай тамаша есімді қор қылғанын-ай!» деп қынжылдым. «Әйге­рім» деген есімнің мәні «Керемет, керім, сұлуын-ай!» деген таңданысты білдіреді. Қандай тамаша есімді «Айгера» деуге қалай қиып айтады екен? Анар, Айнұр, Айгүл деген есімдерді Анара, Айну­ра, Айгуля деуге неге құмармыз?

Адамның азан шақырып қойған есімі бұл дүниедегі өзіне тиесілі еншісі емес пе, қайтыс болған адамға құран бағыштағанда «өтірік» атын атамай, шынайы аты мен  әкесінің атын айтып құран бағыштайтынын білмей ме? Қайран, қазағым-ай! Әлемде еліктеуден 1-орын алатын  халық  болмасақ  деп  қауіптенемін.

Ата-бабамыз қорғап, аманаттап қалдырған ұлан-байтақ жерімізге депортацияланған өзге ұлт өкілдері енгенде, қазақ елі оларды жатсынбай, бауырына басып, соңғы нанын бөліп беріп, төрінен орын дайындап, қолындағы бар дүниесін  алдына тосып, қиналған жұрттың жер бетінен жоғалып кетпеуіне жанын салған бола­тын. Қазақтың нанын жеп, суын ішіп, ұрпа­ғын жалғастырып, өсіп-өніп ел болған өзге ұлт  өкілдерінің ұрпағына қазақтың атын қойға­нын естідіңіз бе?! Жанар, Гаухар деген өзге  ұлттың  бір адамын да көрмеппін. Кең пейіл қазақ халқына осылай алғысын білдірсе болмас па еді? Керісінше, Абайды шетелге таныту арқылы қазақ ұлтын әлемге әйгілеген Мұхтар Әуезов­тің атын итіне қоюы нені білдіретінін түсінбедім. «Жаман үйді қонағы билейді» демек­ші, қазақтың баласын өзгеге ұқсатқымыз келіп, еліктейтініміз, өзгені өзімізден зор санай­тын­дығымызда ма, алды-артымызды ойла­май­тын санамыздың  төмендігі ме әлде «мен қазақ­пын» деген ұлттық  патриотизмнің  төмендігі  ме?

Қазақ тарихындағы аты-жөндерді атайтын болсақ, Қара Қыпшақ Қобы­ланды, Қожа Ахмет Яссауи, Кене­сары хан, Әмір Темір, Бұқар жырау, Жалаң­төс баһадүр, Асан Қайғы, Қорқыт Ата, Беріш Исатай  Тайманұлы.

Сонымен қоса, лақап ат та берілетін, адамға сәби кезінде ата-анасы есімін қойса, лақап атты жақындары мен халық қоя­ды, Әбілмансұрға – Сабалақ, Абылай, Мұхаммед-қана­фияға – Шоқан, Ибрахимге  Абай  деп  қо­йыл­ған.

Қазақтың   тағы   бір   дәс­түрі – ат тергеу. Бұл – жеңге­лерінің қайны­ларына, қайын­сіңлілеріне қойған аты, келіндердің ата-енесінің атын тура айтпай, тұспалдап айтуы. Жеңге­лері кіші қайын жұртын мыр­за жігіт, ерке қыз, сары қыз деп атаса, үлкен­дерді Сәке, Мәке деп құрметтеген. Халық аузында бір келіншек Сырдария­дан су алмақшы болғанда, қасқыр жарып кеткен шалажансар қойды бауыздап үйіне әкеледі. Көргенді келін жағдайды ата-ене­сіне былай баян­дайды: «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыра­маны  ұлыма  жеп жатыр екен. Білемені  білемеге  білеп-білеп,  жанымамен маңы­ра­маны бауыздап әкелдім» дегендегі сарқырама – Қамысбай, сылдырама – Өзенбай, маңырама – Қойшыбай, ұлыма – Қасқырбай, білеме – Қайрақбай, жаныма Пышақбай деген қайнағаларының атын атамай, тұспалдап жеткізген. Әрине, бұл мысал көпшілікке жақсы таныс. Дей тұрғанымен, жоба­лап емес, нақты білуі үшін  қайталағанның  еш  әбестігі  жоқ.

Қазақтың тағы бір дәстүрі егер бала шетіней берсе, кіндігін ырымдап балтамен кесіп, Балтабай қойған. «Артынан қара ерсін, ұрпағы көбейсін» деп Қаражан, Қараман қойған. Егер дүниеге бірнеше қыз келетін болса, артынан ұл ерсін деп, Ұлжан, Ұлмекен атаған дана халқымның шаңырақтың иесі болар ұлдарының  көбейетінін  білеміз.

Кеңес саясатымен 1930 жылдан бастап ов, ев-тің  енуі  арқылы  қазақ  елінің  аты-жөні  былай өзгерді: Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Аты-жөніміз осы қалыппен ғасырға жуық  жалғасып  келеді.

ҚР Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде  азаматтың  жынысына  қарай  «ұлы»  немес «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады» делінген.

Осы ретте айта  кетсек,  қазақтың  төл­құжатына үңіліп  қарасаңыз, аты-жөнінде және тегінде қате жиі   кездеседі. Есімі  қазақ  тілінде жоқ   әріп­термен  жазылған.  Әсел – Асель, Жабай – Джабай,  Ерік – Эрик, Әйгерім – Айге­рим, Мөлдір – Молдр, Молдир, Мулдир, Мольдр, Мулдр, Малдир, т.б. болып, мың бұралып «билеп»  жүр.

Бір отбасында Сейткалиев, Сейітқали, Сейт­қали деп бір адамның аты 3 түрлі жазыл­ған. Бұған кінәлі кім? Жаңа босанып жатқан келіншек АХАЖ бөлімінің мамандарына тек құжаттарын ұсынып қарап отырады. Сталин заманында «Ұлы Сталин» деген жазуды қателесіп, «Улы Сталин» деп жазған редакторды 25 жылға жер аударып жібергенін айтпай-ақ қояйлық. Ұлы, қызы деген жазу қосақталып жазылса да, есімі мен әкесінің аты ғана жазылса да, мүлдем қателеспейміз деп ойлаймын. Әлем елдерінде Маргарет Тэтчер, Агата Кристи деген­де алғашында есімі, соңынан тегі жазылады. Шерхан Мұртаза, Мұхтар Әуез, Шәкәрім Құдайберді деген үлгімен жазу мүлдем қиын емес. Керісінше, Әуез деген жіңішке түбірге жуан жалғау жалғап қателесіп жатамыз, дұрысында  Мұхтар  Әуезовтің  болу керек.

Еліміздің заңында құжаттағы текті мына жағдайда  ауыстыруға  болады:

1. Есіміңіз, тегіңіз жағымсыз естілсе;

2. Айтылуы қиын болса;

3. Ерлі-зайыптылар тіркелу кезінде бір текті ұстауға  бекінсе;

4. Ажырасқанда бұрынғы тегін қайтара алады.

5. Бірінші некеден туған балаларды екінші отбасының  тегіне  ауыстыруға  болады.

6. Жұбайының  қазасына  орай, бұрынғы тегін алуға болады не керісінше жұбайының тегіне  ауысуға  болады.

7. Екі түрлі ұлт өкілдерінің некесінен туған  бала  өзіне  ұнаған  текті  таңдай  алады.

8. Өмірде құжаттағы есімнен бөлек ат иемденіп, соған үйреніп кеткен жағдайда құжатын жаңарта  алады.

9. Некелесу кезінде ерінің тегіне өткен адам, бұрынғы тегіне ауыса алады.

10. Ұлттық дәстүр бойынша атасының неме­се әкесінің тегіне ауысқысы келген адам құжатын  жаңарта  алады.

11. Өзін тәрбиелеген адамның аты-жөнін, тегін  алуына  рұқсат  етіледі.

12. Адам жынысын өзгерткен жағдайда өз тегін  ауыстыра  алады.

Жоғарыдағы жағдайларды дәлелдейтін бір мысал келтірейін. Қазақ елінің атақты әншісі Жанар Айжанова әжесінің тәрбиесінде өскен қыз болған соң, Айжан атты әжесінің есімін шығарып, Айжанова тегін иемденген.

Тәуелсіз елдің ұрпақтарының аты да, жөні де, тегі де қазақ екенін дәлелдеп тұратын Заң болса, осы мәселеге назар аударып, бірізді жүйе енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өзге ұлттың есімін қазақтың ұрпағына қоюға тыйым салынса, еш айыбы болмас. Адамның екі дүниедегі еншісі азан шақырып қойған есіміне мән беріп қараған дұрыс. Қайтыс болған кісіге Құран бағыштағанда, хан не қара екенін емес, әкесінің атын қосып атайтынымыз рас. «Ұрпағымызға хандарымыздың, батырларымыздың, сұлуларымыздың жолын берсін» деген ниетпен есімін қойып, жаңа заманмен жаңғырып тұрғанын бәріміз де қалайтынымыз шындық.

Анар ҚАРАЖАНҚЫЗЫ,

педагог

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: