Дін – тәрбиенің құралы. Дін қай жерге ұяласа, тыныштық пен береке сол жерден көрініс берері ақиқат. Өкініштісі, тәлім-тәрбиені бірыңғай ығыстырып, құр діни білімге ден қойған жандардың қоғамға тигізген зардабын көріп те келеміз. Әсіресе, имандылық жолына баз бір ағымдардың жетегімен келген бауырлар әдеп дегеннен мүлдем мақұрым қалып, тар ілімнің шеңберінде қоғам ішін ала тайдай бүлдіріп, түзеудің орнына бұзумен әлек. Бұл дегеніміз – пайғамбар әкелген таза дінге жағылар күйе. Асылында дініміз ислам тәрбиеге, адамгершілікке, имандылыққа насихаттары сөзсіз.
Қандай қоғам болмасын абыройы асқақтап, онда берекелі ғұмыр кешу үшін әрбір жекелеген адамның өзіндік үлесі қалыптасуы тиіс. Осы арқылы да қоғамның өзіндік мәдениеті қалыптасады. Кей адамдар «Менің қоғамға керегім не?» деуі де мүмкін. Жекелеген адамның арсыз әрекеті бір отбасының абыройын түсіргені секілді, сол қоғам үшін де едәуір зиян шектіреді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді Әл-Фараби бабамыз. Шынтуайтында, тәрбиенің жекелеген тұлғадан бастап, қоғам үшін пайдасы орасан.
Пайғамбар серігі болған сахабалар жанында жүргенде дауыс көтеріп сөйлеуден, артық қимыл мен бос әрекет жасаудан барынша сақтанып, көркем мінездің аясында дінді үйрене білді. Осылай сахабалар айнала қоғамына пайда әкеліп, арсыз дүниелердің жойылуына жұмыс істеді.
Адамның иманын және имани құндылықтарын арттыратын нәрсе ол – көркем мінез. Көркем мінез дегеніміз – адам өз қалауымен қоғамда жақсы қарым-қатынасымен өнеге болып, жаманшылықтардан бойын аулақ ұстауы, Алла және адамдардың алдындағы ақыларына асқан жауапкершілікпен қарауы, құрметтеуі.
Бір адам Алла Елшісіне (с.ғ.с.) келіп көркем мінез жайында сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Ағраф» сүресіндегі: «(Мұхаммед с.ғ.с.) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет» деген 199-аятын оқып, оған былай дейді: «Көркем-мінез – қатынасты үзген адаммен байланысты орнату, сенен қызғанып бермеген адамға сенің беруің және саған зұлымдық қылған адамға кешірімді болуың». Және бір хабарда: «Дін дегеніміз не?» деп сұрай келген кісіге Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Көркем мінез» деген екен.
Енді адам баласы Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтқан көркем мінезге қалай қол жеткізбек?! Әрине, ең алдымен мұны сахаба өмірінен біле аламыз. Олар тал бойы көркем болған Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өздеріне өнеге етіп, асыл қасиеттерінен үнемі ғибрат алды. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам өз досының дінінде. Кіммен достық құрғандарыңа мән беріңдер!» деп айтқан-ды. Халқымызда «Досыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз де осыны меңзесе керек.
Иә, адам жанын азғындататын тәкаппарлық, менмендік, қызғаныш, т.б. секілді дерттерден сақтанып, қайта көңілін нұрландыратын мейірім, кішіпейілділік, қамқорлық секілді мінездерді меңгеру үшін жақсы дос таңдау қажет. Өйткені, қателеспейтін пенде жоқ. Ал қателестің екен, тура жолға шақырып, адамгершілікке үндейтін шынайы дос әрі дұрыс орта болуы керек. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мекке қаласынан Мәдина шаһарына қоныс аударған жандарды, яғни мұһажирлер мен ансарларды бір-біріне ажырамас дос, жанашыр бауыр ете білді. Міне, осылайша мұсылман үмметін қалыптастырып, ислам тарихында жақсы бір қоғам қалыптастырды.
Күнделікті жай айнаға қарағанда өзімізді түзеп, бағатынымыз бар. Түр-әлпетіміз бен киімімізде кемшілігіміз болса, қарап отырып реттейміз. Міне, сол секілді мұсылман – мұсылманның рухани айнасы. Бір мұсылман бауырына қараған сәтте оның бойынан бір кемшілік көрер болса, «бұл нәрсе менде де болуы мүмкін» деп өз-өзін көркем мінезділікке тәрбиелеуі тиіс. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылманның айнасы. Өзгенің кемшілігін өзінің бойынан көреді» деп айтқан. Ілім қақпасы атанған хазіреті Әли (р.а.): «Ең алдымен өз нәпсіңе, сосын барып өзге адамдарға насихат ет!» десе, Имам Шафиғи: «Өзіңе қатты, өзгеге жұмсақ бол!» деп өнегелі сөз қалдырған.
Адам өмірде тетігін тауып, өзіне, отбасына және барша адамзатқа пайдасын тигізіп, қоғамнан өз орнын табу үшін тәрбиеге баулу керек. Себебі, жүрегінде иманы, ар-ұяты бар мұсылман ешқашан өзге жандар үшін тілімен де, ісімен де зиян тигізбесі хақ. Өйткені, дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-амалына ақыретте жауап беретіндігінен қорқады. Сондай-ақ, жасаған жақсылығының бақытқа, ал жамандығының зиянға себепкер екендігін жадында ұстайды. Саңлақ сахабаның бірі Мұғаз бин Жәбәл былай дейді: «Йеменге басшылық қызметіне кетейін деп, үзеңгіге аяғымды қойған сәтте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Мұғаз! Адамдармен қарым-қатынаста жақсы көркем мінезді бол!» деп маған соңғы өсиетін айтты».
Шынында басшыға да, қосшыға да керек нәрсе – көркем мінезділік. Ол адамның арын сақтап, абыройын асқақтата түсетін дүниесі саналады. Қай қоғамды биік шыңға сүйрейтін нәрсе – әрбір адамның өз алдындағы жауапкершілігін сезінуі. Сол үшін күнделікті пенде өзін тәрбиелеп, өзгеге жаманшылығын тигізбеу үшін дұға-тілекте де жүргені дұрыс. Мәселен, Алла Елшісі (с.ғ.с.) намазды бастамай тұрып, Жаратқанға былай дұға ететін болған: «Иә, Алла! Мені ең көркем мінезге бағытта. Сенен басқасы мені жақсы мінезге бастай алмайды. Менен жиіркенетін мінезді алыс қыл. Бұл істі Сенен басқа ешкім орындай алмайды». Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһым! Бейнемді қандай әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де сондай көркем ете гөр!» деп дұға еткен.
Сахабалар пайғамбарымыздан қандай амал көрсе, оны іске асыратын. Сондай ардақты сахабаның бірі Әбу Дәрда (р.а.) түнде тұрып пайғамбарымыз (с.ғ.с.) секілді: «Аллаһым! Бейнемді қандай әдемі етіп жаратқаның секілді, мінезімді де көркем ете гөр!» деп таңға дейін дұғасын жалғастырды. Таң атқаннан кейін әйелі:
– Әбу Дәрда! Бүкіл түнгі дұғаң және қажетіңнің барлығы көркем мінез жайында сұраумен болды ғой. Неге сонша таңға дейін дұға еттің? – деп сұрайды. Оған Әбу Дәрда:
– Ей, Умму Дәрда! Бір мұсылман құл мінезін әдемілей-әдемілей, онымен ғұмыр кешетін болса, көркем мінезі оны жәннатқа жетелейді. Егер мінезін жаман етіп, онымен тіршілік жасар болса, оның жаман мінезі жәһаннамға итермелейді» деп себебін мысалдай жеткізген екен.
Қазір қит кетсе заманды кінәлау әдетке айналды. Бүкіл қоғамда болып жатқан жағымсыз әрекеттің баршасын үйіп-төгіп алтын уақытқа жаба салғымыз келеді. Әйтсе де, адамның азғындалып, қоғамның бұзылуын заманмен ұштастыруға тағы болмас. Заманды жақсарту, ынтымағы артқан берекелі қоғам қалыптастыру жекелеген әрбір адамның іс-әрекетімен тығыз байланысты. «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» демекші, адамдардың бір-біріне деген ықылас ниеті мен пейілі дұрыс болса, бір-бірінің адамгершілік құндылығын сыйласа, жақсы қоғам сонда ғана қалыптаспақ. Өйткені, адамгершілік құндылық бәрінен биік тұрады.
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
Қызылорда қалалық «Мүсірәлі ата» мештінің бас имамы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!