Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адал еңбек бағаланған күн

31.12.2025, 9:30 35

HALYQLINE.KZ

Кеше Шиелі ауданы Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың қатысуымен 2025 жылдың қорытындысына арналған салтанатты іс-шара өтіп, түрлі салада табысты еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан жыл үздіктері марапатталды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі жазды.

Салтанатты жиында аудан әкімі жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтап, 2025 жыл Шиелі ауданы үшін табысты бастамаларға, ауқымды жобаларға және нақты нәтижелерге толы болғанын атап өтті. Аудан басшысы өз сөзінде жыл ішінде экономиканы дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында жүйелі жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

Атап айтқанда, аудан бойынша бірқатар елді мекенде жол жөндеу, ауызсу және газбен қамту жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен күрделі жөндеуі жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі артып, егін және мал шаруашылығында өнімділік көрсеткіштері жақсарды. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасына инвестиция тарту жұмыстары қарқын алды.

Мерекелік іс-шара барысында ауданның өсіп-өркендеуіне, қоғамдық өмірдің жандануына және халықтың әл-ауқатының артуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азамат облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ жыл бойы өз саласында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, кәсіби шеберлігімен, адал еңбегімен ерекшеленген азаматтар жыл үздігі атанып, арнайы марапаттарға ие болды.

Бұл салтанатты кеш адал еңбектің бағаланып, еңбек адамдарының мәртебесі биіктеген тағылымды сәтке айналды. Әр салада аудан дамуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет көпшілікке рухани серпіліс сыйлады.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мазмұнды да әсерлі мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасып, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсерге бөленді. Ән мен жырға, өнер мен өнегеге толы бұл іс-шара Шиелі жұртшылығы үшін бірлік пен берекені, жасампаз еңбек пен жарқын болашаққа деген сенімді айшықтай түсті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: