Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

200 теңге монетаға айналды

28.01.2020, 10:32 2877

Байқап қарасаңыз, қағаздан жасалған 200 теңгелік банкноталар айналымда тым сиреп кетті. Бар болғанның өзінде өңі қуарып, жыртылып не тозып кеткені ғана. Ел арасында «200 теңгелік тиын шығады» деген әңгіменің де желдей ескеніне біраз уақыт өтті. Ақиқатында, ақшаның құнсыздануы туралы айтылып та, жазылып та жүр. Сыбыс шынға айналып, ақиқат құндылығын көрсетті. Қалай?

Бүрсігүні қоғамдық көлікке міндім. Ойымда ешнәрсе жоқ, әмиянымнан 200 теңгелік қағаз ақшаны ұсындым. Қақ ортасының желімді жиектемемен жалғанып тұрғанын өзім де сол кезде аңғардым. Кондуктор бас тартты. Еліміздің ұлттық нышандарына белгіленген банкнотадан бас тартқан соң мен де «табанды» әрекетке көштім. Шынында менің қалтамда одан басқа ақша болған жоқ. Электронды төлем жүйесі де әлі енгізіле қоймады. Содан не керек, кондуктор алмады, мен де төлемедім. Кінә кімнен, оны өздеріңіз салмақтай жатарсыздар?

Айтайын дегенім, айналымдағы 200 теңгелік қағаз ақшаның орнын номиналдық құны дәл осындай (200 теңгелік – ред.) биколорлы монета басады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметі хабарлады.

 – ҚР Ұлттық Банкі 2020 жылғы 28 қаңтар 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік биколорлы айналыстағы монеталарды айналысқа шығарады. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта –Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды. Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениеттерінің көркемдік элементтерінің үйлесімі көрініс береді, – деп хабарлады ҚҰБ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, биколорлы айналыстағы монеталардың сипатында өзгешелік бар. Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген. Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған «200» деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде –тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде –тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI эмитент банкті білдіретін «QUB» аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде –Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотип).

Техникалық сипаттамалары: металл құрамы: нейзильбер/нибрасс. Массасы: 7,5 грамм. Диаметрі: сыртқы сақинасы – 26 мм, ішкідискі – 18,3 мм. Қалыңдығы – 1,90 мм. Қыры – 16 ойық. Айта кету керек, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады.

Жалпы, 200 теңгелік ақшаның нұсқасына бұған дейін 1994, 2000, 2002, 2006 жылдары өзгерістер енгізілген болатын. Бұл жолғысы монетаға айналды.

Бұл туралы белгілі экономист Мақсат Халық өз ойын бүккен емес. Айтуынша, бұл – теңгенің құнсыздануынан орын алып отырған процесс.

 – Бұл әлемде қағаз ақшасы бар елдердің көпшілігіне тән құбылыс. Ең алғаш теңге шыққан кезде, қазіргі тиындардың өзі қағаз ақша болатын. Кейінірек теңгелеріміз тиынға айнала бастады. Біраз уақыт бұл тенденция сақталды. 20 мың теңгелік банкнот пайда болған кезде-ақ, халық арасында «енді 200, 500 теңге де тиынға айналады» деген пікір тараған еді. Яғни, елде саналы түрде дайындық болды. Десе де, ұлттық банк бұл үрдісті кешеуілдетті. Кім білсін, теңге еркін айналымға өтіп, девальвация орын алып жатқан кезде 200 теңгені тиынға айналдырып жіберсе халыққа саналы түрде ауыр тиер ме еді?! – деген еді экономист.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: