Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен 2024 жылдың І жартыжылдығында барлығы 154 тексеру жүргізіліп, тексеру нәтижесімен анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 109 нұсқама берілді. Жалпы, басқарма мемлекеттік сәулет-құрылыс және еңбек инспекциясының мәселелерімен айналысады. Жүргізілген тексерулер нәтижесімен сәулет-құрылыс және еңбек бақылау саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 405 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, оларға жаза қолданылды. Жылдың бірінші жарты жылдығында жеке және заңды тұлғалардан 1236 өтініш түсіп, олар бойынша заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, жауап берілді. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында алты айдың қорытындысын мәлімдеген облыстық бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев айтты.
– Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласы бойынша айта кетсек. Мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен салынатын нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы түскен 1 221 хабарламаның заңдылығы тексеріліп, оның 640-ы тізілімге енгізілсе, 581 хабарлама заңнама талаптарына сәйкес рәсімделмеуі себепті кері қайтарылды. Сондай-ақ, 806 нысанды пайдалануға қабылдау туралы актінің 488-іне оң қорытынды берілсе, 318 актіге теріс қорытынды берілді. Сол сияқты, 70 аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымдарынан «Е-Qurylys» жүйесіне 1697 айлық есептері түсіп, оның 1316-ы қабылданса, 381-і ескертпемен қабылданды, – деді Ғанижан Піртазаұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!