Қызылорда облысы білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің «Төрт тоқсан-төрт өнер» ұлттық мәдени – ағартушылық жобасы аясында Республика күнін мерекелеу қарсаңында «Тәуелсіздігім – тұғырым» тақырыбында 2024 жылдың 24 қазан күні қаламыздағы сол жағалауда жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайында ақындар айтысы сайысының облыстық кезеңін өткізді.
Ақындар айтысы – еліміздің барлық білім беру ұйымдарын біріктіретін, мереке атмосферасын құруға, өз еліне, өзінің кіші отанына мақтаныш сезімін қалыптастыруға, білім алушылардың қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға, ақындардың дәстүрлерін лайықты жалғастыруға мүмкіндік беретін кең ауқымды республикалық акция.
Ақындар айтысы сайысына жалпы орта білім беру ұйымдарынан 1158 оқушы қамтылды. Облыстық кезеңде 8 ақын бақ сынасты. Олар «Ақындар айтысы» сайысының қалалық, аудандық кезеңінің жеңімпаздары. Ақындар айтысын ұйымдастырудағы мақсат – ұлттық рух пен патриотизмді, өз халқына және оның дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, эмоционалды интеллекті қалыптастыру, айтысты қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнердің баға жетпес мұрасы ретінде дәріптеу арқылы дарынды шығармашыл жастарды анықтау.
Ақындар айтысының құрметті қонақтары болып үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын – Ниязов Мұхтар Мәуленұлы, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы – Нұрмат Мансұр Абдуллаұлы қатысса, әділқазылар алқасы құрамында мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, жырау Рахметов Айдос Сәндібекұлы, ақын, ұстаз Әбді Ержеңіс Тастыбайұлы,Облыстық білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының директоры Досаев Фархат Лиясұлы болды.
Айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Қармақшы ауданынан Еркебұлан Жалғасбаев Нұрланұлы, І орынды Жаңақорған ауданынан Абдуллаев Мұхамедәлі, ІІорынды Сырдария ауданынан Мансуров Нұрахмет Бағдатұлы, ІІІ орынды Қызылорда қаласынан Жаппасбай Салтанат Асылбекқызы мен Шиелі ауданынан Кенжеш Еламан иемденді. Ақындар айтысының жалпы жүлде қоры 250 000 теңгені құрап, қатысушыларға дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!