Қазақстанда Наурыз мейрамы жыл сайын 14-23 наурыз аралығында он күн бойы тойланады. Бұл мерекелік кезең «Наурызнама» онкүндігі деп аталады. Оның басты ерекшелігі – әр күннің жеке тақырыптық мазмұнға ие болып, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық бірлікті дәріптеуге арналуында.
Наурызнама онкүндігі қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, қоғамдағы өзара сыйластық, мейірім, ынтымақ, тазалық, отбасы құндылығы секілді маңызды ұғымдарды кеңінен насихаттауға бағытталған. Онкүндік аясында еліміздің барлық өңірінде мәдени-көпшілік іс-шаралар, қайырымдылық акциялары, спорттық жарыстар, ұлттық киім мен ұлттық өнерді ұлықтайтын бастамалар ұйымдастырылады. Мерекелік күндер тізбегі 14 наурыздағы Көрісу күнінен бастау алады. Одан кейін 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы, ал 23 наурыз – Тазару күні ретінде аталып өтеді. Наурызнама онкүндігі мерекені тек думанды шара деңгейінде емес, мазмұны терең, тәрбиелік әрі қоғамдық маңызы зор кезең ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл бастама арқылы ұлттық болмыс, тарихи жады және заманауи қоғамның ортақ құндылықтары өзара сабақтасып, Наурыздың мәні бұрынғыдан да кеңейе түседі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!