Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнегелі өмірдің 75 жылы

08.04.2026, 9:10 49

HALYQLINE.KZ

Кеше Қармақшы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Сыдықовтың төрағалығымен ауданның «Құрметті азаматы» Шегебай Құндақбаевтың 75 жасқа толуына арналған салтанатты қабылдау өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Шегебай Құндақбаев ұстаздық қызметтен бастап, мектеп басшысы, білім саласының әдіскері, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудандық газет редакторы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, ауданның әлеуметтік-рухани дамуына зор үлес қосқан. Сонымен қатар қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, әр жылдары түрлі жауапты қызметтерде еңбек етіп, ел сеніміне ие болды. Зейнеткерлік кезеңінде де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ауданның дамуына қызмет етіп келеді.

Салтанатты жиында Шыңғыс Әбділәмитұлы мерейтой иесін құттықтап, «Шегебай ағамыздың саналы ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі. Қай салада қызмет етсе де, жауапкершілік пен іскерліктің биік үлгісін көрсетті», — деп атап өтті.

Іс-шара барысында мерейтой иесіне аудан әкімінің арнайы «Құттықтауы» табысталып, құрмет көрсетілді.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева және Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін білдірді.

Кездесу соңында Шегебай Құндақбаев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдіріп, жиналған қауымға өз алғысын жеткізді.

Айта кетсек, Шегебай Құндақбаев этномәдени бағыттағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, «Ұлт бірлігі-Қармақшы» қоғамдық бірлестігі арқылы ауданға әлеуметтік және мәдени нысандар әкеліп, халық игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ Қармақшы ауданының 80 жылдығына арналған «Қармақшы» кітабының шығуына үлес қосып, жырау Дүр Оңғар Дырқайұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Жыр дүлейі – Дүр Оңғар» және Қуаңдария ауылына арналған «Құтты мекен – Қуаңдария» кітаптарын жарыққа шығарды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: