Уақыт зымырап өтіп барады. Өткен күндер көз алдымызда. Қазақстан әуелі Егемендік декларациясын қабылдады, сосын Тәуелсіздікке қол жеткізді. Еліміз етек-жеңін жиып, жан-жағына қарай бастағанда әр сала өзгерісті, дамуды күтіп тұрды. Соның ішінде ақпарат құралдары бодандықтан босанғандай күй кешіп, еркіндікке құлаш ұрды. 1990 жылы республикалық «Ана тілі» газеті жарыққа шыққанда елдің қуанышында шек болмаған. Газет таралымы 100 мыңнан асып, оқырман ықыласына бөленген. «Ана тілі» елдің рухын оятуда үлкен роль атқарды. Одан кейін жер-жерлерде ұлттық баспасөздің туы желбірей бастады. Сыр өңірінде 1994 жылы «Ақмешіт апталығы» басылымы жарыққа шығып, оқырманның сүйіп оқитын газетіне айналды.

Рас, тәуелсіздік алғашында қазақтың өз-өзін тануына жұмыс істеді. Одан кейін елде демократия лебі есе бастады. Жаңа құрылған мемлекет қол қусырып отыруға болмайды, дамудың даңғыл жолына түсуі керек. Олай болмаған жағдайда жөн айтып, жол нұсқайтын адамдардың сөзіне құлақ асу керек. Осы тұста барды бар, жоқты жоқ деп айта алатын азаматтар алға шықты. Сонымен қатар шындықты ту еткен ақпарат құралдары да бірінен соң бірі шыға бастады. Солардың қатарында Сыр өңірінде жаңа басылымның тұсауы кесілді. 2000 жылдың 21 шілдесінде қоғамдық-саяси «Халық» газеті жарық көрді.

«Халық» газеті оңайлықпен дүниеге келген жоқ. Бас редактор Аманжол Сақыпұлы бастаған шығармашылық топтың алғашқы бас қосуы жаңа басылымға ат қоюдан басталды. Бас редактордың орынбасары ретінде мен: «Біз облыстан атауы да, көтерер мәселесі де ерекше газет шығарғалы отырмыз ғой. Оның үстіне, шындықты айтатын, әділдікті жақтайтын басылым болса дейміз. Ендеше жаңа газеттің атын «Әділет» деп қойсақ қайтеді?» деп, өзімше шапкасына «Әділет» деп жазған, қолдан сызған макетімді көрсеттім. Бас редактор «дұрыс екен» деп, макетімді бір қарап шықты да, басқа еш нәрсе айтпады. Сөйтсек, бас редактордың ойлағаны ішінде екен. Өзі көптен бері жаңа газет шығаруды көздеп жүргендіктен атауына да тоқталған секілді. Біздің ойымызды білгісі келсе керек. «Біз халық іздеп жүріп оқитын газет шығарайық. Сондықтан газеттің атын «Халық» деп қояйық» деді. Осылайша жаңа басылымның атауы белгілі болды. Әрі қарай тіркету керек. Ол да оңайға соқпады. Сол кездегі оппозициялық партиямен атауы бірдей болғандықтан себебін білу үшін тексеріске түстік. Партияға қатысымыз болмаған соң, газетті тіркеуге рұқсат алдық. Міне, «Халық» газеті осылай, осыдан 25 жыл бұрын ақпарат айдынына жол тартқан еді.

Уақыт таразысымен өлшегенде жиырма бес жылда ақпарат саласында қаншама өзгеріс болды, аудитория жаңарды, жаңа медиа бәсекелестікке келді, азаматтық журналистика алға шыға бастады, осының бәрі дәстүрлі журналистиканы қамшылады, дамуына әсер етті. Соның қатарында «Халық» газеті бастапқы ұстанымынан айнымай, оқырманына адал болып келе жатыр. Заман ағымына ілесіп, оқырманға жедел ақпаратын «Halyqline.kz» сайты арқылы жеткізуді де қолға алды. Бұл – біз жиырма бес жыл бұрын іргетасын қалап, бір жолға салған ізді жалғастырып келе жатқан қазіргі шығармашылық ұжымның еселі еңбегі.
«Халық» – ғасырлар тоғысында жарыққа шыққан тәуелсіз газет. Тәуелсіздік алған жас мемлекет тұсында қоғамдық-саяси бағытты ұстанған басылымның жас әрі санаулы тілшілерімен ақпарат кеңістігінде өз орнын қалыптастыруы оңай емес, газеттің көтерген әрбір мәселесі шынайы, сауатты болуы тиіс. Тексерілген ақпарат таратылып, мәселеге дөп түсіп жатуы керек. Бүгінгідей бар-жоқты теріп жаза беретін әлеуметтік желі, тіпті ұялы телефон жаппай қолданыста жоқ кезең. Қазірде журналисі де, блогері де, қайбір желі қолданушы да әлеуметтік желілерге мәселе көтергенсіп, жаны ашығансып, бір деректі яки оқиғаны жылт еткізіп салып, кейін оны алып тастау деген ол кезде болған емес. Хатқа түсті, бітті! Оқырман мен көрермен өзіне жақын ақпарат құралдарынан үміт күтеді. Біз сол кезде-ақ халықтың сүйікті басылымына айналып үлгергенбіз. Мақсатымыз – өткір мақала, сыни материалдар арқылы өңір журналистикасына тың серпін әкелу, халықтың үнін билікке жеткізу. Осы бағытта шығармашылық ұжым батылдықпен жұмыс істеді. Тәуелсіздік алған екінші онжылдықта журналистика саясатқа мойын бұрды, елдегі саяси оқиғалар сараптан өткізілді, сыртқы саясатта болып жатқан оқиғалар, діни ахуал басты тақырыпқа айналды. Бұл жағдайды «Халық» газеті де басынан өткерді, айтылған тақырыптар мақала өзегіне айналды.
Біз қалыптастырған «Халық» шындықтың шырағданы бола білді, әділдіктің туын көтеруде жаңылысқан жоқ. Облыс әкімі болған Мұхтар Құл-Мұхаммедті, қала әкімі болған Қожахмет Баймахановты, Арал ауданының әкімі болған Бақытжан Қодамановты, басқарма басшыларын да сын тезіне салып алғанбыз. Қала әкімінің орынбасары болған Өсербаевтың теріс әрекетін әшкерелеп, сотқа дейін бардық, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы болған Көшімбековті тәртіптік кеңеске салдық. Бас имам Ақтамбердінің қитұрқы әрекетін газеттің жеті нөміріне жарияладық, ақыры бас имамдықтан кетіп тынды. Экологиялық апат аймағы мәселесі көтерілгенде жергілікті халықпен санаспаған облыс әкімі Серікбай Нұрғисаевпен арпалыстық. Әр әкімнің тұсында болатын мәселелерді оқырманға сол қалпында жеткіздік. Икрам Адырбеков тұсындағы «Мың үй» бағдарламасының шикілігін үзбей жазып тұрдық. Өңірдегі жемқорларды, әдепсіз әкімдерді есім-сойымен атадық. Міне, осы мақалалардың өзегінде шындық жатты. Осының бәрі кім үшін, әрине оқырман үшін, халық үшін!
Ал, «Халықтың» бүгінгі бет-бейнесі қазіргі бас редакторға, газеттің шығармашылық ұжымына байланысты. Біз қалыптастырған «Халық» шындықтың шырағданы бола білді, әділдіктің туын көтеруде жаңылысқан жоқ. Соған қуанамыз. Әрине, кейде осы мәселені «Халық» айту керек еді» деп үміт артып отырғанда, үнсіз қалатын тұстар болады. Әттең-ай дейміз, бірақ оны бүгінгі саясаттың «жемісі» екенін іштей сезіп отырамыз.
Тәуелсіз басылымнан шыңдалып шыққан шәкірттердің ойы еркін, сөзінде жалтақтық бола бермейді. Ол оқырман үшін пайда. Мақаласында да сол еркіндік, шынайылық есіп тұрады. Жауырды жаба тоқығысы келмейді. Өтірік айтқысы келіп тұрса да, айта алмайды, астарлап болса да, шымшып өтсе де, жеткізеді. Ресми ақпараттан шаршаған оқырман үшін тәуелсіз басылымдардың материалдары оқырманның ойлау жүйесіне әсер етеді. Еркін ой айту, пікір білдіру оқырман үшін де пайдалы. Дегенмен, бүгінде бір мәселе бар. Ол – ой еркіндігіне шабуыл. Біз өтіп кеткен екі мыңыншы жылдардағы еркіндікке кейін «бұғаулық» салынып, тұншықтырылғанын жоққа шығара алмаймыз. «Халық» газетінде жариялануы тиіс кей өткір мәселелердің шықпай қалуын осыдан көруге болады. Оның орнына азаматтық журналистика белсенділік танытуға көшті. Оған әлеуметтік желілер мүмкіндік берді. Енді билік дәстүрлі журналистикадан емес, аса сауатты болмаса да, азаматтық журналистикамен санасатын болды. Күні-түні желі аңдып, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуге шықты.
Қазір оқырманға не керек? Бүгінгі оқырманның өзі бірнеше топқа бөлінеді. Бірі – газеттің келетін күнін күтіп, белсеніп оқитындар. Олар басылым тігіндісін жасап, газеттегі материалды немесе деректі керек кезінде пайдаланады. Екінші топ – газеттің бетіне мүлде қарамайтындар. Олар газетті керек етпейді, интернетке сенетіндер. Ақпараттың дұрыс-бұрыстығына басы да ауырмайтындар. Үшіншісі, өз материалы жарияланған кезде газет оқитындар, болмаса мақала жариялау керек болғанда газет іздейтіндер. Егер басылымда керекті дүниелер, оқырманға ой тастайтын мақалалар бар болса, ойлы адам газет қарайды. Осы тұста «Халық» газеті оқырманға керек басылымға айналып тұр. Мамандардың сауатты сараптамалары, ділгір мәселелерді көтерген проблемалы мақалалар, дер кезінде керекті ақпараттар «Халықтан» табылып тұрғаны журналистердің ізденуінің нәтижесін көрсетеді.
«Halyqline.kz» да – бүгінде танымал сайттардың бірі. Еліміздегі, өңірдегі қызықты ақпаратты ең алғаш жариялауға ұмтылады. Қазіргі сан сапалақ сайттардан алдыңғы орында тұр. Хайп қумай, салмақты мақалаларымен, нақты ақпаратымен оқырман жинауда үлесі зор.
Сайт демекші, қоғамның бағыты соған ауды ма, бүгінде сайт саңырауқұлақша қаптап кетті. Журналистиканың талабына жауап бере ала ма, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Оқырман қуалап, болмашыны да жариялап, тіпті биліктің бетін «бері қарату» үшін құрылған сайттарды да көзіміз шалып қалып жүр. Олар өткінші, уақытша ғана. Кезінде сондай «жылтыңбай газеттер» де жарық көрген. Интимдік бағыттағы басылымдар бір кездері қаптап, оқырман «жүрегін» жаулаған. Қазір беті қайтты. Сканвордтардың да күні туған бір кездері. Сол секілді өз мүдделері үшін құрылып, «миссиясын» орындағаннан кейін сөнетін ақпарат құралдары журналистиканың атына кір келтіретіні сөзсіз. Ал, шынайы ақпарат таратып, саланы дамытуға күш салып жүрген «Halyqline.kz» сайты газеттің екінші тынысындай. Басылымның маңызды материалдары жарияланып, алыстағы оқырмандар үшін қолжетімді болып тұрғаны басылым саясатының орнықтылығын көрсетеді. Сондықтан журналистің еңбегін жан-жақты танытуда, бүгінгі дамыған қоғам лебіне ілесуде, ең бастысы, халықтың сөзін сөйлеп, елдің мұңын там-тұмдап айтуда халықтықтар көш бастап тұр.
Биыл «Халық» газетінің жарыққа шыққанына ширек ғасыр, 25 жыл. Адам ғұмыры үшін аз уақыт емес. Мен өмірімнің 9 жылын осы басылымды құруға, дамытуға арнадым. Бас редактордың орынбасары, бас редакторы қызметінде болдым. Сәбидің алғашқы нық қадам басқаны сияқты басылым да алғашқы нөмірінен бастап оқырманға ерекше көрінсе, әрі қарайғы жолымыз даңғыл болатынына сендім және сондай жауапкершілікпен жұмыс істедік. Талай дау-дамайдың басында болдық, керісінше, халықтан талай алғыс арқаладық, батасын алдық.
Өзімнің шығармашылық жолымдағы шыңдалған сәттерім әрі ұмытылмас жастық шағым өткен ұжымым «Халық» газетіне әр кез тілектеспін. Газеттің жарыққа шыққан әр нөмірін қарап, бақылап отырамын. Жиырма бес жыл бұрынғы оқырмандар әлі «Халықпен» бірге келе жатқаны – басылымның өміршеңдігі. Сонымен бірге әр жазылым сайын жаңа оқырмандармен де толығып келеді. Бұл – сенім. Оқырманның сол сенімінен шығып, Сыр өңірі журналистикасында ойып тұрып алған орындарыңыз нық болсын. Ұжымға шығармашылық табыс, мол жетістік тілеймін. Жиырма бес жылдық құтты боп, ғасырлық мерекеге ұласа берсін!
Нұрлан КӨБЕГЕНҰЛЫ.
Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!