Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Халықта» ұстараның жүзі мықты болатын

17.07.2025, 9:00 711

«Дипломды қолға алғасын жұмыс істеймін». Студенттер­дің жаттанды сөзі. Біздікі шығармашылық мамандық болған соң, екі қолды қалтаға салып жүре беруге болмайтынын түсіндік. Бірақ бірден іске кіріспедік. Жалқаулықты жеңу оңайға соқпады. Аға буын талай ескертті. Кейін таяқ болып тиеді деп үрейлендіретін. Бірінші курста «Халық» газетінен іс-тәжірибеден өттім. Мақала түгілі ақпарат жазудың өзі оңай еместігіне көз жетті. Қолдың батырлығынан көздің қорқақтығы басып кетті. Екінші курста қала­лық телеарнаға бардым. Ол жақта да жұмыс қызу екенін  көрдік. Мәтін жазуға бейімделмесең, бәрі бекер  болатынын  ұғындым. Жазғы демалыста жат­пайын  деп  газеттің есігін қақтым. Бас редактор Нұрлан Көбегенұлы­нан үйіп-төгіп тапсырма алдым. Асықпай жүріп, бір-екеуін орындағандай болдым. Демалыс­та дедектеп  неғып жүрмін деген оймен қолды бір  сілтедім.  Жаңа  оқу  жылы  жақындағанда  «мен  қалай журналист боламын?» деген сұрақ сап ете қалды. Ұятты ысырып, «Халыққа» қайта бардым. Редактордың маған сенімі қалмаған. Бірақ мүмкіндік берді. Айтқандарын екі етпеуге тырыстым. Жаяу­латып мекемелерден жауап алып келемін. Бірақ қиыс­тырып жазуға шама жетпейтін. Қатырмадың деп бетімізді қайтармады. 2-3 апта өткеннен кейін сол кездегі дирек­тор Аманжол Оңғарбаевтың қабылдауына кіргізді. Болашағы бар деп мақтауын асырды. Ұяттан екі бетім алмадай қызарып кетті. Осылайша жұмысқа орна­ластым. Нұрлан ағама рақметімді айтып, үйдегілерден сүйінші сұрадым. Ата-анамның қуанғанын көріп,  үлкен  іс  тындырғандай  болдым.

Жалқаулық бірден жеңіле қоймайды екен. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрген кезіміз. Нұрлан Көбеген­ұлынан кейін газетке Нұржан Әбжанұлы бас редактор болды. Мінезі жұмсақ. Соны пайдаланып сұрана беретінбіз. Тіпті емтихан тапсырамыз деп алдай салатынбыз. Сессияның уақытында шынымен емтиханға баратынымды ескертуді ұмытып кетіппін. Бүкіл  редак­ция  таңнан кешке дейін мені  іздепті. Тіпті Нұрбике  Құдайбергенова әдемілеп өлең шығарған. Тігінен қарасаңыз,  Тәжімұрат Жомартұлы деген сөз шығады.

Тілшіні  іздеу

Т  — Тілшіміз бүгін ішке жоламады,

Ә  —  Әркімнің болды түрлі жорамалы.

Ж  — Жүгіріп редактор жүр қайта-қайта,

І     — Іздеуден басқа мүлде жоқ амалы.

М   — Місе тұтты сонда да көндігуді,

Ұ    — Ұялы телефоны сөндірулі.

Р    — Редактор мазасыз боп шапқылады,

А    — Алаңдаған көңілін алдарқатып,

Т    — Тілшінің қайда екенін нақтылады.

Ж   — Жүрді біраз қалар деп түстерде кеп,

О    — Орындыққа жайғасты үштерде кеп.

М   — Миын жеді оператор күні бойы,

А    — Абонент аясынан тыс жерде деп.

Р     — Редакцияға келмеді күн ертерек,

Т     — Тәжімұрат кетті деп тым еркелеп.

Ұ     — Ұрысып ап, қайтадан күлді бір сәт,

Л    — Лепіріп біз отырмыз жынды құсап,

Ы   — Ызаланып жүр әлі тілді тұсап.

Ызаландырғанымызбен редакциядан қуып шық­қан жоқ. Әрбір сәттен сабақ алуға тырыстық. Назер­ке Сания­зова, Нағымжан Сауяев, Әділбек Жақанов, Мөлдір Қожахметова, Нұрбике Құдайбергенова бәріміз қатар өстік. Бір үйдің балаларындай қамқор болдық. Осылайша «Халықта» журналистиканың әліппесін  аштық,  мамандықтың  қыр-сырын  меңгеруге  тырыстық.

Бұрқыратып мақала жазатын болдық. Әрбір номерін асыға күтеміз. Туған-туыс, дос-жаран, әріптестер пікір білдірсе, кәдімгідей қанаттанып қалатынбыз. Қазіргідей әлеуметтік желі дамымаған. Оқырманнан хат келеді. Ішінде есіміміз аталса, балаша қуанатынбыз. Бейсенбі күні редакцияның телефонына тыным болмайды. Сын садағына іліккен мекемелер бірінен соң бірі мазаны алып жатады. Әр қоңырау сайын жүрегіміз дыз ете қалатын. Бір жерден қате кетпеді ме екен деп қорқатынбыз. Өйткені барлық мәліметті қағазға жазып алатын кезіміз. Диктофон жетіспейді. Ұялы телефонда ондай қосымша жоқ. Бір күні телефон тұтқасын мен көтергем. Шалғай ауылдың бірінен қария хабарласты. Әрбір мақалаға өзінің пікірін айтып, сәлемдеме жолдап жатыр. Бір кезде есімімді сұрады. Тәжімұрат десем, таңғалып қалды. «Дауысыңнан жас бала екенің білініп тұр. Үлкен есімді иеленгендіктен замандасым деп  ойлап  жүргем»  деп  ақ  батасын  берді.

Негізі «Халықтан» шыққан мықтылар көп. Бәрі тәуелсіз  басылымды ұстаханаға  балайды. Мұнда ұстараның жүзі мықты болатын. Тілшілердің әрбір сөз саптауы, сыни мақалалары алмас қылыштай кесіп түсетін. Басылымның оқырманы көп болуының сыры осында. Шәкірт тәрбиелеуде әрбірімізге шыбық секілді  қарайтын. Қалай иіп тастасаң, солай  өседі деген қағидаға басымдық берді. Ширек ғасырда шындықты шырылдататын шыбық шықты. Алды бәйтерекке айналды. Оқырманды ойландыратын жанкешті журналистер тәрбиеленді. Кәсіби біліктілігі, іскерлігі өз алдына, адами қасиетті жоғары қоятын тұлғалар қалып­тасты. Мен «Халықтан» шыққанымды мақтан тұтамын. Басылым­ның абыройы артып, оқырманы көбейе  берсін!  Ұжымға  табыс,  береке  тілеймін!

Тәжімұрат  ӘЛЖАНОВ,

«Astana TV» телеарнасының шеф-редакторы.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: