«AMANAT» партиясы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «AMANAT» – 2023 медиа сыйлығы» республикалық байқауының қорытындысын жариялады. Әріптесіміз, «ELORDA AQPARAT» медиа холдингінің құрамындағы «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы, «Халық» газетінің тұрақты авторы Төлен Тілеубай «Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Бүгінде еліміздегі БАҚ қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған беделді іс-шаралардың бірі – «AMANAT» Медиа сыйлығы» осымен қатарынан он төртінші рет өткізіліп отыр. Партияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, осы уақыт аралығында байқауды өткізу тәртібі мен ережесі айтарлықтай жетілдіріліп, аталымдар мен арнайы сыйлықтар қатары толықты. Отандық медиа салада қызмет етіп жүрген 150-ден астам адам байқау жеңімпазы атанып үлгерді.
«Биыл байқауға 300-ден аса адамнан 2 мың жұмыс келіп түсті. Оның басым көпшілігін (60%) аймақтағы ақпарат саласының өкілдері жолдады. Биылғы байқауға YouTube жобалар да қабылданды. Осылайша, 7 номинация мен 3 арнайы сыйлық бойынша жеңімпаздар анықталды» делінген ресми хабарламада.
Салтанатты рәсімді ашып, сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, бұл журналистердің ғана мерекесі емес, халықтық мейрам екенін атап өтті. «Қоғам сапалы, шынайы және танымдық дүниелерді оқығысы келеді. Мұндай ақпаратты тек нақты дерек пен дәйекке сүйенетін журналист қана ұсына алады. Ол – сөздің қуаты мен қадірін білетін, жауапкершілігі жоғары, кәсібіне адал нағыз маман. БАҚ-тың басты миссиясы да – осы. Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз қоғамды ұдайы алға жетелеп отыратын, ел дамуына ықпал ететін құндылықтарды дәріптейді. Бұл – патриотизм, адал еңбек, бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білімге құштарлық, туған жері мен төл мәдениетіне деген сүйіспеншілік. «AMANAT» партиясының байқауы осындай журналистік жұмыстарды қолдауға бағытталған» деді партия Төрағасы.
Байқау комиссияның шешімімен «AMANAT» – 2023 Медиа сыйлығының» жеңімпаздары мыналар деп танылды:
«Еңбек адамы туралы үздік материал» номинациясы бойынша Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойлыбай Асанов;
«Аймақ туралы ең үздік материал» номинациясы бойынша Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы Альмира Елімсарина және «Informburo.kz» порталының шолушысы Оксана Трофимова;
«Рухани-мәдени даму туралы үздік материал» номинациясы бойынша Шалқар радиосы, Алматы студиясының редактор-жүргізушісі Жанар Оразымбетова;
«Жастар туралы үздік материал» номинациясы бойынша «КТК» телеарнасының редактор-жүргізушісі Әйгерім Асқарқызы мен «31 арна» жаңалықтар қызметінің аймақтағы тілшілер редакторы Айдана Шібікеева;
«Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» номинациясы бойынша «Жетісу» телеарнасының продюсер-журналисі Гүлжан Қызайбаева;
«Азаматтық борыш туралы үздік материал» номинациясы бойынша «NUR.KZ» ақпараттық порталының тілшісі Юлия Абрамова және «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газеті ақпарат бөлімінің меңгерушісі Темірлан Құспаев марапатталды.
Ал Мағжан Жұмабаев атындағы «Сөз зергері» сыйлығы «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділге бұйырды. Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын «Jibek joly» телеарнасының бағдарлама авторы-жүргізушісі Жанар Байсеміз бен «Астана» телеарнасының Қостанайдағы меншікті тілшісі Заңғар Санай иеленді. «Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығын «Qasqa Jol» YouTube арнасының автор-жүргізушісі Абай Тленшиев және «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның басқарушы директоры Тельман Бейсенов алды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!