Еліміз – «қара алтынға» бай өлке. Дегенмен, оны өндіру – шыдамдылық пен батылдықты талап ететін ауыр жұмыс. Мұнай саласында қызмет ету өз денсаулығыңды тәуекел етумен пара-пар. Сондықтан, мұнайшыларды қалай құрметтесең де, қадірлесең де, артық етпейді. «ПетроҚазақстан» – елімізге белгілі, мемлекетімізді мұнаймен қамтамасыз етіп, әлеуметтік тұрмыс пен экономикалық ахуалды бірқалыпты етіп отырған ұйым. Әсіресе, Қызылорда облысының аумағында орналасқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының орны ерекше. 1983 жылы негізі қаланған «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы күні бүгінге дейін жұмысын абыроймен атқарып келеді. Былтырғы қорытындыға сүйенсек, Қызылорда облысы Қазақстанда мұнай өндіруден үздік бестікке табан тіреген. Елімізде өндірілген мұнайдың 4,8 пайызы Сыр еліне тиесілі.
Мемлекетіміздің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы мұнай өндіру саласында біраз жыл тер төккен жұмысшыларын марапаттап, салтанатты түрде еңбек демалысына шығарып салды. Бүгінде өндіріс нысанында жұмыс істеп, зейнетке шыққандардың саны 241 адамды құрайды. Биыл «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының 41 өкілі еңбек демалысына шықты. «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде өткен басқосу компанияның вице-президенті Болат Көшербаевтың алғы сөзімен басталды.
– Алдымен өздеріңізді еліміздің қуанышты сәттерінің бірі Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Ұзақ жылдар бойы қысы-жазы тоңдым, күйдім демей, суыққа да, ыстыққа да төзіп, мұнай саласының дамуына үлес қосқан еңбектеріңіздің қайтарымы ретінде зейнет демалысына шыққандарыңыз құтты болсын. Ендігі жерде еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай, немере, шөберенің ортасында ардақты ата, аяулы әже болып жүре беріңіздер. Шындығын айту керек, отбасымен бірге серуендеуге, демалуға көп мүмкіндік бола қойған жоқ. Сондықтан да ғұмырларыңыздың жаңа бір кезеңі құтты болсын. Жұмыс, қызмет барысында көрген бейнеттеріңіздің зейнетін көріп, денсаулық, бақыт, байлық алып келсін. Жапырағын жайған мәуелі бәйтеректің ғұмырындай ғұмыр тілеймін, – деп әріптестеріне алғысын білдірді.
Салтанатты іс-шара мерейтой иелерін құттықтауға ұласты. Күлпаршын Сексенбаева мен Светлана Петровна Цой 80 жасқа толса, Рахымбек Байғараев, Ерден Досжанов, Нағима Рақманова, Мәделхан Раманқұлов, Әскербай Сералиев, Тынысбек Сәрсембаев, Анатолий Анатольевич Тарасенко 70 жастың жотасына жетіп отыр. Одан бөлек, Жанар Аблаева, Ережеп Алмағанбетов, Бақтыбай Ахтаров, Мейірбек Бесбаев, Арыстан Достанбаев, т.б. ПетроҚазақстанның еңбек ардагерлері марапат биігінен көрінді.
Компанияның алғыс хатымен марапатталғандардың бірі – Әбдімүтәліп Жармаханов. Өндіріс нысанында техникалық қызмет көрсету бөлімінің сапаны бақылау жөніндегі жетекші қызметкері болып жұмыс істеген. Еңбек өтілі 36 жылды құрайды.
– Еңбек жолым 1987 жылы басталды. Ең алғашында қарапайым құрылыс саласында шеберліктен өткенмін. Біраз жыл топтық құрылғылардың, мұнай ұңғыларының жасалуына атсалыстым. Бейнеттің зейнетін көру бұйырыпты. 27 жасымда жұмысымды бастап едім, қазір 64 жасты еңсеріп отырған жайым бар. Осы уақыт аралығында облысымыз аграрлық өңірден мұнайлы өлкеге айналды. Облысымыздың әл-ауқатының көтерілуіне «Құмкөл» мұнайының көп септігі тиді. Қазіргі таңда жаңа кадрлар келіп, компанияның дамуына үлесін қосып жатыр. Шетелден оқып келгендер де бар, – дейді ардагер инженер.
Іс-шара соңында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақытжан Мұқашева еңбек демалысына шыққан мұнайшыларға ыстық лебізін білдірді.
Жарты ғасырды алқымдап, зейнетке шығу – кез келген азамат үшін үлкен мәртебе. Осы тұста «ПетроҚазақстан» өз ардагерлерін елеп-ескеріп, сый-құрмет көрсетуден тайынған емес. Ғұмырын өндіріс саласына арнаған азаматтар мен азаматшалар марапат биігінен көрініп, еліміздің мұнайы көбейе берсін дейміз.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ.
Суретті түсірген Андрей Тайгунов.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!