Жаз маусымы басталысымен барлық бала тынығу лагеріне асығатыны белгілі. Сол сәтте лагерьлердің жұмысы да қыза түседі. Иә, биыл тынығу лагерьлері түгелімен іске қосылып, жұмысын тыңғылықты атқаруда. Былтырғы карантиндік шектеулерге байланысты көптеген тоқтаулар қойылғандықтан, бүгінде аймағымызда біршама лагерь жөндеу жұмысынан өтіп, қайта жандануда. Сол себепті, биыл балалар үшін жазғы демалыс ерекше әрі көңілді өтіп жатқанына кәміл сенімдіміз. Бұлай деуіміздің бір себебі, қаладағы «Арай» мөлтек ауданында орналасқан «Арай-Sunrise» балалар тынығу лагерінің 25 жылдық мерейтойына арналған тамаша іс-шарадағы балалардың айрықша көңіл күйінен білуге болады.
1997 жылдың 14 шілдесінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының қолдауымен ашылған лагерь осы уақытқа дейін 22 мың балаға пәрменді қызмет көрсеткен. Бүгінде 9-14 жас аралығындағы балаларға арналған лагерь 25 мамырдан бастап 25 тамызға дейін жұмыс істейді. Демалыс лагері балаларды көрнекі үйірмелерге қатыстырып, уақыттарын қызықты өткізеді. Айта кетейік, үш бағыттағы үйірмелерге қатысатын балақайлар ән, би, шахмат, бейнелеу өнері және түрлі спорт түрлеріне әуестенеді. Лагерь балаларды пайдалы білімге үйрете отырып, олардың қабілетін жан-жақты дамытумен жұмыс істейді. Әр лагерь кішігірім бір мемлекет сияқты. Сол секілді, кішкентай балалардың мекеніне айналған «Арай-Sunrise» тынығу лагері бүлдіршіндер үшін мәңгілік шағын Отан деуге болады емес пе?
25 жылдық күміс тойын атап өткен «Арай – Sunrise» тынығу лагері іс-шара барысын өте жоғары дәрежеде ұйымдастырды десек болады. Мағыналы мультфильмге негізделген әсерлі көрініс арқылы қалың көрерменнің көңілін көтеріп, керемет шаттық сыйлай білді. Оқушыларды көзден таса қылмай қарайтын тәрбиешілер мен лагерь жетекшілерінің ұйымдастыруымен өткен қойылым мен концерттік іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминова және облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімі басшысы Берік Мәмбетов, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақытжан Қасымжанқызы қатысты. Ақзира Бақтыбайқызы өзінің ізгі тілегін білдіріп, қала әкімінің құттықтауы мен арнайы сый-сияпатын жеткізді.
– Құрметті «Арай – Sunrise» тынығу лагерінің ұжымы, сіздерді 25 жылдық мерейлі белестеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір баланың тәрбиесіне, оның дамуы мен талпынысына септігін тигізетін тынығу лагерінің орны ерекше. Бұл орталық ширек ғасырлық қызметінде талай талантты да талапты бүлдіршіндерді қабылдап, ата-аналардың ыстық ықыласына ие болды. Сенім үдесінен шыға білген ұжымның берекелі ісі қашанда құрметке лайық. Балалар демалыс лагерінің жұмысы алдағы уақытта жандана түсіп, келуші бүлдіршіндердің қатары артсын. Бақ ордаға айналған өңіріміздегі іргелі орталықтың игілікті бастамалары көпке үлгі болсын. Еліміздің жарқын болашағына бағытталған өнегелі істеріңізге толағай табыс, ұжым қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ береке тілеймін, – деп, қала әкімі А.Шаменовтың құттықтауын білдірді.
Демалыс орындарындағы бала тәліміне жауапкершілікпен қарайтын тәрбиешілердің рөлі де, қызметі де өте үлкен мадаққа сайма-сай. Бұл жиында «Арай – Sunrise» тынығу лагерінің мейірімді әрі көңілді тәрбиешілері де еленіп, алғыс хатқа ие болды. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминова өзінің жүрекжарды тілегі мен алғысын айтып, марапаттарды иелеріне табыстады.
– Құрметті «Арай – Sunrise» тынығу лагерінің ұжымы, балақайлар, сіздерді 25 жылдық мерекемізбен құттықтаймын. Бұл лагерьге қолдау көрсетіп келе жатқанымызға бүгін 25 жыл толыпты. Осы жылдар ішінде біздің лагеріміз республикалық деңгейде ең үлгілі лагерьлер қатарына кіріп, көптеген жүлделерге, мақтауларға ие болды. Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша да ең тәуір, өте жақсы лагерьлер қатарынан көрінуде. Сіздердің беймарал демалуларыңыз үшін барлық жағдайды жасап, бүкіл мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Бұл демалыс орнынан естеріңізде тек жақсы күндер қалсын, – деді ол.
Келесі кезекте «Арай – Sunrise» тынығу лагерінің жас, талантты, дарынды тәрбиешілеріне көңіл бөлініп, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының және облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімі басшысының алғыс хатына барлық жетекшілер лайық деп танылды.
Айналасы жасыл желекпен көмкерілген лагерьдің сыртқы көрінісі әсем, ал балалар ішкі толқынысын ерекше кейіпке бөлейді. Демалыс пен жаңа білім бірін-бірі толықтыратын «Арай – Sunrise» жас оқушыларының өмірі қызықты әрі жайлы екені білінді. Бүгінгі іс-шарада балақайлардың жақсы серпіліс, күш, энергия алғаны көрініп тұрғандай. Бәрі шат-шадыман қуанышқа бөленіп, ән айтып, билеп, алақанын қаттырақ соғып, лагерьдің ұранын қайталап шырқайды. Осы орайда, тынығу лагерін айрықша сезініп жүрген кішкентай бүлдіршініміз «Арай – Sunrise» балалар демалыс лагері өзіне қатты ұнайтынын айтып, көңіл күйімен бөлісті.
- Бұл лагерьде қалағанымызбен айналысуға мүмкіндік береді. Барлық тәрбиеші ағай, апайлар жақсы. Түрлі үйірмелерге қатысамыз. Көп концерт өткізіп, соған дайындық жасаймыз. Бассейнге түсіп, көп ойындар ойнаймыз. Маған лагерь қатты ұнады, - дейді Арайлым Ануарбек.
«Арай – Sunrise» балалар демалыс лагерінің мүддесі мен қарқындылығы қолдаушылардың, яғни «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының беделін арттырып, қызметін жандандыратыны айқын. Және өзіндік жолында дамып, даңғылынан жаңылыспай келе жатқан компанияның жұмысы осы лагерьдің абыройының асқақтауына алып келеді.
Қорытындылай келе, «Арай – Sunrise» лагерінде демалған балалар ешқашан шығармашылық атмосфера мен көңілді кештерді ұмытпайтыны ақиқат екені, сондай-ақ тынымсыз қиялға, бақытқа толы балалық шақтарының ең үлкен естелігіне айналатыны сөзсіз емес пе?
Суреттерді түсірген А.Тайгунов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!