Астанада «Төрлет, еңбек адамы» республикалық ақындар айтысында қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» иегері атанды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми сайтында хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен және AMANAT партиясының қолдауымен өткен дәстүрлі дода биыл еңбек адамын ұлықтауға арналған.
Екі күнге жоспарланған биылғы жыр додасында жыл көлемінде елімізде өткен республикалық және халықаралық айтыстарда үздік өнер көрсетіп, жүлделі орын еншілеген 14 ақын сынға түсті.
Айтыс қорытындысымен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан бас жүлдеге ие болып, оған «Алтын домбыра» мен кәсіпкердік демеушілігімен автокөлік табысталды.
Бірінші орынды Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе), екінші орынды Айым Асылбекқызы (Алматы), үшінші орынды Өміржан Көпбосын (Ұлытау), Дидар Қами (Қарағанды) және Аспанбек Шұғатай (Павлодар) иеленді.
Сондай-ақ басқа қатысушылар арнайы жүлдемен марапатталған.
Осы сүйінші хабардан кейін Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев әлеуметтік желідегі парақшасында «Алтын домбыра» құтты болсын!» деп жазба қалдырды. Онда: «Жаңа әзірде Астанада екі күнге созылған «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы «Алтын домбыра» айтысында жерлесіміз Мейірбек Сұлтанханның топтан озып, үздік шыққаны туралы ақжолтай хабар жетті. Жыл бойы өткен халықаралық және республикалық айтыстарда жүлделі орын алған 14 ақын бақ сынаған сөз сайысында Сыр өнерінің, руханиятының жұлдызы биікте жарқырағанына бүкіл өңір жұртшылығы қуануда.
Айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязовтан кейін «Алтын домбыраны» иеленген Мейірбек жыр еліндегі сабақтастықтың үзілмегенін тағы бір дәлелдеді. Нартайдың мақамын әуелетіп, атадан балаға мұра болған өнердің өміршеңдігін көрсетті. Еңбек тақырыбын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған «Адал еңбек – адал табыс – адал адам» қағидатын жырлады.
Сыр бойында туып, Сарыарқаны құтты қоныс қылған Мейірбек үлкен айтыста азулы ақындарға алдырмас қарсылас болып, көрерменді асыл сөздің нәрімен сусындатты. Табан астынан тауып айтатыны, салмақты ойы үйлесім тауып, оны биікке көтерді.
Барша жұртшылықты Сыр перзентінің қанжығасына «Алтын домбыраның» байлануымен құттықтаймын. Мейірбекке айтыстағы жетістігің құтты болсын, ел алдында айтар сөзің сарқылмасын деймін.
«Сыр елі – жыр елінің» өнер керуенін алға апарар ақтаңгерлері аман болсын!» делінген.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!