Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АХАТ-қа 60-жастан кейін: Қызылорда облысында қанша неке тіркелді

21.10.2024, 17:30 244

Қызылорда облысында зейнет жасына жеткен ерлі-зайыптылар некеге тұрды. Некесін қидырған ер адамның жасы 75-те болса, әйел адамның жасы 62 жаста. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы мәлімдеді.

Есенбай мен Құлбике Ташкенбаевтар ұзақ уақыт бойы қарым-қатынастарын заңдастырмай келген. Араға 25 жыл өткен соң бүгін заңды некеге тұрып отыр. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, күнделікті қарбалас күндермен АХАТ-қа өтініш беруді ұмытып кеткен.

Осы жылы ғана қарым-қатынасымызды ресми түрде тіркеуге қол жеткізілді. Өтінішті онлайн режимінде бердік. Онлайн түрде өзіміз жасай алмас едік, бізге немерелеріміз көмектесті. Осылайша енді қазір қолымызда неке қию туралы куәлігіміз бар», – дейді Есенбай Тәшкенбаев.

«Тағдыр бізді біріктірді, мен оған өте қуаныштымын. Бұрын мен адамдар осы жаста үйленеді деген ойдан ұялатынмын. Бірақ, жинақталған өмірлік тәжірибе мен даналық осындай қадамға саналы түрде баруға мүмкіндік береді», – деді Құлбике Ташкенбаева.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облыстық филиалының ресми деректеріне сәйкес, жыл басынан бері өңірде 3 224 отбасы некелерін қидырған. Олардың басым көпшілігі 25 пен 34 жас аралығында. Сонымен қатар, биыл 60 жастан асқан 23 отбасы заңды некеге тұрған. Ал өткен жылы некелерін қидырған зейнет жасындағы азаматтардың саны 15 болған.

Естеріңізге сала кетейік, некені тіркеуге өтінішті АХАТ басқармасында немесе электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады. Өтінімді қарау мерзімі – 15 жұмыс күні. Сондай-ақ, жаңадан отау құрған жас жұбайлар С.Бейбарыс көшесі, 1а мекенжайында орналасқан Неке сарайында некелерін салтанатты түрде қию қызметі қолжетімді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: