Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әдебі мен әлемі үндескен жан

23.02.2023, 11:20 290

Жастығымыздың жарқын кезеңі жоғары білім ордасында студент кезімізде бір-бірінен бір елі ажырамайтын, көркіне көз тояр егіз қыз көп көзіне жиі түсетін. Адам баласын жатырқамайтын аппақ жүректері, көңілге кірбің түсірмес көркем мінездері бір көрген адамның өзін баурап алатын. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды, – деген өлең жолдары еліктің лағындай боп жүретін Жанат мен Жанарға арналғандай, екеуінің сұлулығын суреттегендей әсер ететін.

Уақыт неткен жүйрік дерсің. Ол кезеңнен де ширек ғасыр жылжыппыз. Өз дегеніне көндірмей қоймайтын уақыт шіркіннің өзі сонша жыл өтсе де қос құрбымыздың сұлулығына мойынұсынғандай. Қыздың жасы он сегіздегі сынын өзгерте қоймады.

Күнделікті күйбің тірлікпен білінбей өтіп жатқан өмір ағысының қыр-сыры, белгілі бір кезеңге жеткен адам баласының үздік табыстары сол адамның мерейтойларында айтылып жатады. Адамды бағалау, қоғамға сіңірген еңбегін елеу осындай мерейтойларды атап өту барысында айшықталып, тұлғатану деп аталатын өзіндік бір өнеге мектебін қалыптастырады.

Міне, бойларына биязылық пен ибалылық ұялаған қос аруды сырғып жатқан уақыт мерейлі мерейтой белесіне шығарды. Кезінде сырттай қызығатын қос қыз бүгінде сырымыз да, мұңымыз да бір отбасылық құрбыға айналған. Туған жері жүз шайырды тербеткен Тұрмағанбет ауылының құнарлы топырағы бұл перзенттеріне де өздері көтере алатындай ырыс-несібесін бұйыртыпты.

Қармақшыдан шалғай жатқан Тұрмағанбет ауылында ұстаздық кәсіпті қалаған Аманжол Исаев пен Гауһар Әмзебековалардың тұла бойы тұңғыштары Жанат пен Жанар – отбасындағы бес баланың үлкені. Небәрі 37 жасында өмірден озған әкелері Аманжол Исаев ауылдағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі, аудандық білім беру бөлімінің инспекторы, мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарған. Санаулы ғана ғұмырында ұрпағына үлгі боларлық өнеге мен ізгілік ізін қалдырған әке бейнесі қос құрбыға мәңгілік сағыныш қана емес, әке – азамат – ер ұғымының биік болмысы екенін аңғарасың. Ал анасы Гауһар Әмзебекова – тағдыр салған сынаққа сынбай, 5 баласын қатарынан кем қылмай, тәрбиелеп өсірген аяулы жан.

Жар қолдауынан ерте айырылса да балапандарына әке жоқтығын сездірмеуге тырысқан ана мейірімі бес баланы қатарының алды болуына жетеледі. Барға масаттанбау, жоққа жасымау – бұл отбасының бұлжымас қағидасына айналған тәрбие өзегі. Жанар да, Жанат да Тұрмағанбет ауылындағы №29 К.Е.Ворошилов атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген. Өмірден ерте қоштасқан әке сағынышы, балаларымның табанына кіретін шөңге менің маңдайыма кірсін деп тілеген ана үміті қос қыздың білім, ғылымға деген құштарлықтарын оятып, ұстаздық жолға жетеледі. Егіздер мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1994 жылы аталған оқу орнын «Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» біліктілігі бойынша үздік бітірді.

Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Атаның қаны, ананың сүтімен келген қасиет, біліммен, тәлім-тәрбиемен жиналған тәжірибе Жанар мен Жанаттың өз өмір жолын мәнді-мағыналы сомдауына даңғыл жол болды.

Жанат қазір Астана қаласында тұрады. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ орталығында қызмет жасайды, ғылымда өз ізін қалдырды. Отбасын құрды, дүниеге Абдулазизды әкеліп, өсіп-өніп отыр.

Сөзімізді жанымызда жүрген әріптесіміз әрі жанұялық құрбымыз Жанар Аманжолқызына қарай бұрмақпын. Өзі нәзік болса да, істеген ісі ірі, сөйлеген сөзі мірдің оғындай батыл, адамның көңілін тапқыш, ақкөңіл, қарапайым, білімді де шығармашыл, қазақтың болымды пысық қыздарының бірегейі десем, сөзімнің артықтығы бола қоймас

Әдебі мен әлемі үндескен Жанар сұлуды ақеден, орнықты жігіт Нұржан ұнатып, 1994 жылы өсіп-өнген үлкен шаңырағына келін етіп түсірді. Құрған шаңырақтарының ынтымағы жарасып, өмірге келген балалары Ғалымжан, Бағлан, Нұрахмет мықты  азаматтар  болып өсіп келеді.

Анасының болмысы мен тәрбиесінен дарыған ыждағаттылық, еңбекқорлық, талғампаздық қасиеті Жанарды ата-ене, ағайын-туысы, жары мен балаларының бабын таба жүріп, күнделікті өмірдің ығында қалмай, ерінбей ізденіп, еңбек етіп, ғылым маржанын теруге жетеледі.

Жанар еңбек жолын өзі оқып, білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен бастады. 2004-2007 жылдары ҚР БжҒМ Ұлттық Академиясы жанындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты аспирантурасында білім алып, «Қазақ тілі» мамандығы бойынша «Қазақ тіліндегі тоғысыңқы үнді дауыссыз дыбыстардың үйлесім түрленімі (эксперименталды-фонетикалық зерттеу)» тақырыбында ф.ғ.д., профессор Әлімхан Жүнісбектің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

1994-2013 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында оқытушы, аға оқытушысы, 2013-2014 жылдары «Болашақ» университеті «Педагогика, филология және тарих» факультетінің деканы, 2015-2022 жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі қызметтерін  абыроймен  атқарды.

Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарып жүрген Жанар Аманжолқызының мақтанып айтар елеулі еңбектері баршылық. Жанар Аманжолқызының өзі зерделеп жүрген ғылыми-теориялық және оқу-әдістемелік тәжірибе нәтижесінде 1 монографиясы,  15 оқу-әдістемелік құралы, 70-тен астам оқу-әдістемелік мақаласы жарық көрді, 3 білім беру бағдарламасының патенттелген авторы.

«Қазақ тілі дыбыстарын математикалық модельдеу тәсілі арқылы оқыту», «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін оқытудағы критериалды бағалау жүйесі», «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша тиімді сабақ жоспарлау жолдары», т.б. әдістемелік оқу  құралдары  көпшіліктің   сұранысына  ие.

«Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» Қызылорда облыстық филиалында қызмет ете жүріп, еліміздегі жаңартылған білім беру бағдарламасының тиімділігі мен жаңашылдығын, басымдықтары мен құндылықтарын орта мектеп мұғалімдеріне жан-жақты меңгертуде «Критериалды бағалау жүйесін тиімді меңгерту», «PISA халықаралық бағдарламасы аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту» бағытында оқу-әдістемелік семинарлар, коучингтер мен тренингтер өткізіп келеді.

Қашықтан  оқыту  жағдайында білім саласындағы тың бастамаларды қолдап, жаңа форматтағы заманауи бейнесабақтар дайындауға, оларды республика көлемінде  таратуда  орта  мектептің 1-11-сыныптарына  арналған  278  бейнесабақтың  контентін даярлауға  жетекшілік  жасады.

Еңcepiлгeн eлeулi еңбегі үшiн Жанар Аманжолқызы Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хатымен», «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасының «Құрмет грамотасымен», Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының «Құрмет грамотасымен», Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының «Алғыс хатымен», «Қорқыт ата атындағы ҚМУ үздік түлегі» медалімен марапатталған.

Адамның  сыртқы  келбеті – ішкі жан  сұлулығының,  ал  іс-әрекеті – оның ақыл-ойы, парасат-білімінің көрсеткіші десек, осы құндылықтарды бойына еселеп жинап, мерейлі 50 жасқа әдемі өмір сүріп жеткен егіздің мағыналы  жолы кім-кімге де үлгі боларлықтай.

Жанар мен Жанатқа тәрбиелеп отырған балаларыңның қызығын көріп, қосақтарыңмен қоса ағарып, үлкен әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналып, ұрпақтарыңмен бірге өсе беріңіздер, мерейлі жас қуаныш әкеліп, еңбектеріңіз жемісті, ғұмырларыңыз ұзақ болсын деген тілек білдіреміз.

Гүлзира  САПАРҚЫЗЫ,

Қорқыт  ата  атындағы Қызылорда университетінің  қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының  кандидаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: