Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зымыранның залалсыз ұшуы диқанға да дем береді

20.01.2022, 9:30 785

Апта сайын солтүстіктен тынымсыз соққан қысқы салқын жел ауыр эколо­гия­лық аймақтағы Сыр бойы халқының денсау­лығын бұзып және күнделік­ті тіршілігіне кері әсер етіп, маза бер­мейді. Ал дарияның суы сарқылып, судың тап­шы­лығынан тоқыраған диқандар осы көктемгі желдің кесірінен өнімсіз қалып, шығынданғандар да аз емес. Жас кезімде ауылда диқаншылық еткен мен мұны жақсы түсінемін. Диқандардың еңбегі табысты, елімізде бірінші қажеттілік азық-түліктің мол болуы экономикалық дамуда аса қажет. Сондықтан диқандардың өмірін қолдап,  қуаттаймын.

Бізде ғарыш айлағынан зымыран ұшқан сайын артынша екі-үш күн желдің үдеп соғуы әдетке айналған. Осыған байланыс­ты Сыр диқандары көктемгі егіс басталған кезде зымыранның ұшқанын қаламай, шағымданып жатады. Бірақ ешқашан терең ойланбай еткен тәуекелден дұрыс нәтиже шықпауы мүмкін. Сондықтан біз әуелі зымыран желінің неден екенін және ол  желдің  болмау  жолын  іздеп  көрейік.

Граммофон күйтабағының (грамплас­тинка) шет жағы мен орта жағының айналым жылдамдығы бірдей тең болғанымен, шет жағының қашықтық жылдамдығы тез екені анық. Яғни, дәл сол сияқты домалақ жер өз осімен айналғанда, оның полюстық жағынан экватор жағының жылдамдығы тез болады. Ал жердің мұндай айналым жылдамдығы кең көлемде жайылған бұлтты иіріп, циклон мен антициклонның пайда болуына ықпал етеді. Біз тұрған солтүстік жартышарда сағат тіліне қарсы бағытта айналған антициклон пайда болады. Ал зымыран ұшып, оның түтіні биікке кең көлемде таралған кезде пайда болған антициклон атмосфера қабатындағы суықтармен қоса шала жанған газды жерге қайта бағыттап, атмосфералық салқын жел соғады. Табиғи антициклон мен зымыран антициклонының қосылуы аса қауіпті. Сондықтан  енді мұндай  қателіктерден  аулақ  болған  дұрыс.

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандар шамамен 45 градус координаталық азимутпен ұшып, бірден орбиталық айналымға шығуы өте ыңғайлы. Бірақ бұл жағдайда оның координаталық солтүстік-шығыс бағыттағы диагональ бойлап атмосфераға тараған орасан зор түтін газдары (выхлопные газы) иіріліп (жоғарыдағыдай ұғындыруға сәйкес), жағымсыз антициклон пайда болады. Егер зымырандар 135 градус координаталық оңтүс­тік-шығыс бағытымен ұшса да, бірден орби­таға шығып әрі зымырантасығыштар Қызылқұмның шығыс жағына таман құлап түсер еді. Мұндай жағдайда қандай нәтижеге ие боламыз? Егер бұл біз күткендей оң нәтиже берсе, онда жылдың салқын кездері зымырандарды осы бағытта ұшыруға тура келеді. Ал енді тура жердің айна­лым шығыс бағытын бойлап ұшқан зымыранның атмосфераға тараған түтін газы иірілмейді. Яғни антициклон болмайды. Мен тек инженер-құрылысшымын, ғарыш саласының маманы емеспін. Бізде ғарыш айлағынан зымыранның бұл география­лық ендік аспанын бойлап тура ұшып, бірден еркін орбиталық айналымға шығуы қиындау деген ойдамын. Дегенмен, зымырандар стратосфера қабатына жеткен кезде қалаған орбитаға өтуге есептелген болуы керек.

Әлемде алғаш адам ұшқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы – біздің мақтанышымыз. Көп ұзамай ғарыштық державаға айналуымыз да сөзсіз. Бұған барлық жағдай да, мүмкіндік те бар. Енді бұдан былай жергілікті халықтың жағдайына сай осындай залалсыз  бағыттармен зымырандарды көкке  ұшыру  керек.

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

Қызылорда  қаласы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: