Коллаж tilalemi.kz сайтынан алынды.
Кеңес заманындағы анекдот:
Өзбек пен қазақтың шалдары әңгімелесіп отыр дейді. Өзбек ағамыз: «Мен не көрмедім, қайда болмадым, Сочиді де көрдім, Юрмалада да демалдым. Ялта мен Есентукиде де болдым» деп, сол уақыттағы Кеңес одағының керемет жерлерін айтып мақтаныпты. Сонда Шымкенттің төңірегінен шықпаған қазақтың қара шалы да қарап қалмайын деп: «Мен де талай жерді шарладым, менің де көрмегенім жоқ. Черняевкіде де болдым, Антоновкіде де болдым. Ол, ол ма, Георгиевка мен Ванновкіні де көрдім» деп, Шымкенттің жанындағы елді мекендерді тізіп атап беріпті. Сонда өзбек ағамыз: «Ой, қазақ бауырым, Ресейдің барлық жерін шарлапсың ғой» деп таңғалыпты…
Қазақстандағы қазақ тілінің бүгінгі жыларман жағдайымен қатар тұрған, отыз жыл бойы кейде ашу-ызамызды қоздырып, кейде таусылмас талдау тақырыптарына айналған мәселелердің бірі – елді мекендердің, қалалардың, көшелердің атаулары. Халық «мына атаулардан (Павлодар, Петропавл, Ұйғыр ауданы, т.т.) қашан құтыламыз?» дейді, ал билік «Ойбай, үндемеңдер, өзге ұлттар ашуланып қалар» деп қорқытады, қысқасы, басқалардың ашуларының басылғанын күтіп, жалтақтап әлі отырмыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қарқынды басталған ескі атауларды өзгерту жұмыстарын Президенттің «аталарыңның аттарын ауылдарға қоюды тоқтату керек» деген ұранмен жариялаған мораториясы тоқтатты. Тоқтатты деймін-ау, басқа атаулар тоқтаса да, президенттің өзіне қатысты атауларды беру тоқтаған жоқ. Керек десеңіз, (біреу біледі, біреу білмейді) Елбасының атын көшеге беру үшін «Адам аты сол тұлға қайтыс болғаннан кейін бес жыл өткен соң ғана беріледі» деген заңды бес күнге тоқтатып, көшеге ат берілген соң, қайта жаңғыртты деген сөз бар… Қысқасы, қазаншының еркі бар!
Әлқисса, 2016-2017 жылдары моратория өзінің күшін жойып, кезегін күтіп тұрған жаңа атаулар, Қазақ еліне, Қазақ жеріне қатысы бар атаулар беріле бастады. Мойындауымыз керек, осы өзгертулерді, жаңа атауларды енгізу үшін кейбір аймақтарда қиын да, күрделі жұмыстар істелді, жан алысып, жан беріспесек те, қанымыз басымызға шауып, жағаға жармасатын жағдайларға бардық. Оны сол аймақтағы Тіл басқармалары, жергілікті қауым, журналистер мен атқарушы билік өкілдері жақсы біледі. Орыстілді елді мекендерге барғанда алдымыздан бір адамдай «Біз Полтавкада тудық, Полтавкада өлеміз!» деп айғайлап тұрған тұрғындарды да кездестірдік… Олардың сыртқы келбеті, түр-пошымдары теледидардан көрген Донбасс пен Луганскінің адамдарынан аумайды, тек қолдарында автомат жоқ. «Сендерге Украина керек пе?» деген ашық қорқыту, арандату әрекеттерін де көрдік. Оңтүстік пен Батыс аймақтары құдайға шүкір шығар, бірақ Солтүстік пен Шығыстағы елді мекендердің азаматтарын «сындыру» оңай болмайтын сияқты. Ал қазаншы – Қазақстан билігі, «қай жеңгенің – менікі» деген сыңаймен әлі де миығынан күліп отыр. Сондықтан, менің бүгінгі әңгімем күйіп тұрған осы бір ономастика мәселесіне арналады.
Өткен аптада Батыс Қазақстан облысының үш ауданындағы аттары ыңғайсыздау елді мекендердің (Трекин, Январцев, Щапов, Янайкин, Приречное, Покатиловка, Пойма, Подстепное, Приурал, Димитрово, Успен ауылдары) тұрғындарымен кездесулер өткізіп, Қазақ елінің ономастика бағытындағы саясатын түсіндіру жұмыстарына қатыстым. Төмендегі жолдарға сол кездесулер түрткі болғаны анық, бірақ бұл қысқа сараптаманы соңғы төрт-бес жылда жинақталған ой-пікірлердің жиынтығы деп қабылдаңыздар.
1. 90-жылдары елді мекендердің атауларын ауыстыру мәселесінде жергілікті билік өкілдері көрінбеуге тырысатын, қашқақтап жүретін. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы билігінің – тіл басқармасы мен аудандық әкімшіліктердің бұл мәселеге бел шешіп кіріскенін көріп, риза болдым. Әңгіме, менің қасымда аудан әкімдері орынбасарларының жүргенінде емес, олардың елді мекендер мен көшелердің атын ауыстыру жөнінде, шын мәнінде, жарысқанында сияқты. «Бәйтерек (бұрынғы Зеленовский ауданы) ауданы мұншама елді мекеннің атын ауыстырды, ал біз, өкінішке қарай, тек соншама елді мекеннің атын ауыстырдық. Осы жылы одан да көп елді мекеннің атын ауыстырамыз» деген сөздерді естігенде, еститін биліктің жергілікті моделін көргендей болдым. Демек, азаматтық қоғам мен атқарушы биліктің біріге жұмыс істейтін нақты бағыты табылды. Демек қазақ халқының ұлттық құндылықтарын қалпына келтіру жұмысы жергілікті билік тарапынан да қолдау алды деген сөз. Бұл позитивті бағытты одан әрі жандандыра түсу қажет.
2. Ашығын айтайық, жергілікті орыстілді тұрғындардың көпшілігі өздері тұратын елді мекеннің атын ауыстыруға қарсы. (Қарсы еместері бұрынырақ ауыстырып үлгірген болар). Бұл түсінікті де. Кеңес өкіметінің келмеске кеткенін, орыс тілінің үстемдігінің шектеле бастағанын, т.т. көріп тұрған тұрғындар үшін, ең болмаса, орыс тілді атауды сақтап қалу – әлі де жеңілмегендіктерінің көрінісі сияқты. Ең қызығы, бұлардың 20-30 пайызы – жергілікті, орыстанып кеткен қазақтар. Қарсылықтың бір түрі – «жол – жаман, интернет – жоқ, қымбатшылық, т.т., ал сендер, басқа жұмыс құрып қалғандай ауылдың атын ауыстыруға кірістіңдер» деген күңкіл болса, екінші түрі – «бізге бұрынғы аты ұнайды, оны ауыстырмаймыз!» деген ешқандай дәлелсіз, топас қарсылық. Меніңше, оларға ешнәрсені дәлелдеп, түсіндіріп жатудың қажеті жоқ – олар бәрін түсініп отыр, бірақ «алдарынан өту» – біздің парызымыз. Айғайшылардың біздің сөзімізге ешқандай дәлел айта алмауының өзі жергілікті тұрғындарға әсер ететіні белгілі, сондықтан түсіндіру жұмыстарын тоқтатпау керек деп ойлаймын.
3. Елді мекендердің, көшелердің аттарын ауыстыру кезінде біздің сүйенетін екі дәлеліміздің бірі – «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды алып тастау» болса, екіншісі – «бұрынғы тарихи атаулардың қайтарылуы». Өкінішке қарай, тұрғындардың алдына тартатын бұл екі дәлеліміз де заң ретінде қабылданбаған. Сондықтан бұл негіздеме кейбір жерлерде сөзсіз мойындалса, екінші бір жерлерде дау-дамай туғызып жатады. Меніңше, ономастикалық жұмыстарды белсенді түрде жүргізу үшін осы бір талассыз екі ұстанымды Парламент арқылы, заң ретінде қабылдау қажет. Сонда ғана жергілікті атқарушы билік Кеңес заманынан қалған, Қазақ тарихына ешқандай қатысы жоқ советтік атауларды өзгерту жұмысын заң аясында өткізуге мүмкіндік алады. Ал қазір біздер оларды айғай-шуға, дау-дамайға салып отырмыз. Кейбіреулері батылдық танытса, енді біреулері шегініс те жасап жатыр…
4. Тағы бір көзге түскен мәселе – сол елді мекендердегі жергілікті қазақтілді азаматтық қоғамның белсендігінің төмендігі… Сенің сөзіңе риза болып, сенің дәлелдеріңді қоштап отырған қазақтілді азаматтар орыстілді тұрғындардың бірнешеуі айғай шығарса, үнсіз қалады. Бірді-екілі елді мекендер болмаса, көпшілігі әкімдерін «отқа байлап беріп», өздері сен тимесең, мен тимен деген ұстаныммен отырады. Демек жергілікті қоғамдық ұйымдарды, ардагерлер ұйымдарының, қазақ тілі бірлестіктері мен қоғамдастықтың жұмыстарын жандандыру керек. Шындығында, сол елді мекендердің аттарын ауыстыру мәселесін бастама ретінде алғашқы көтеру – әкімшіліктің емес, азаматтық қоғамның міндеті болып табылады. Қазақтілді тұрғындардың саны басым жерлерде де елді мекеннің немесе көшелердің аттарын ауыстыру жұмыстарының батпаққа батқан машина сияқты «буксовайт» етіп қалатынының басты себебі де – бойкүйездік, жалтақтау, қорқақтық және қазіргі қазақтың басты ауруы – «онда тұрған не бар?» деген ұстаным.
5. Батыс Қазақстан облысында бұрын сирек кездесетін тағы бір мәселе туындапты. «Зачаганский» елді мекенінің атына «Алашорда» мен «Бөкейхан» таласып жатқанға ұқсайды. Меніңше, біздің белсенді азаматтар қазіргі ономастика жұмыстарының басты бағытын білмейтін сияқты. Егер екі топтың таласының нәтижесінде «Зачаганский» деген атау сақталып қалса, одан кімнің ұтатыны анық сияқты. Әлі есімде, Павлодар қаласының атын өзгерту мәселесі сөз болған дөңгелек үстелде («Ұлт тағдырының» 2009 жылғы жұмыстары) жергілікті ұлтшыл азаматтардың бір бөлігі «Кереку», енді бірі «Ертіс» атауын беру керек деп бір-бірімен таласып, бірінің көзқарасын бірі өзгертуге күш салып, негізгі мәселенің – Павлодар атын алып тастау мәселесінің – жолда қалғаны бар. Жарты мыңға жуық Ленин атындағы көшелерді өзгерте алмай отырып, қазақ атауын қайта талқыға салып жатқан аймақтарды да естідік…
Айтпақшы, біздің елдегі ең бірінші ауыстырылған атау – мемлекетіміздің аты болатын. Жетпіс жылдан астам уақыт Қазақ Советтік Социалистік Республикасы болған ел атауы Тәуелсіздік жариялаған соң – («Советтік» пен «Социализм» жоғалғаннан кейін) Қазақ Республикасы болып қалуы керек еді. Бірақ билік бір күннің ішінде «Қазақстан» деген жасанды терминді алып, «бұл – қазақтың мемлекеті емес, қазақтар тұратын мекендегі республика» деген атауды енгізді. Қазаншының еркі бар деген осы.
Дос КӨШІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!