Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жеке детектив қызметі неге заңдастырылмай тұр?

30.05.2024, 11:20 1001

Шыны керек, бұл сауал бірнеше жылдан бері тоқтаусыз қойылып келеді. Тақырыпты неліктен «Жеке детектив қызметі қажет пе?» деп қоймауымыздың себебін түсіндірейік. Негізінен, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, бұл – кәдімгі кәсіп. Ал мемлекетімізде кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалып келеді. Ақша табудың көзін табамын деген азамат мемлекеттен қайтарымсыз грантқа дейін ала алады. Ал осы жеке детектив қызметін іске асыратын адамның бұл ісі кәсіптік бағытта жүргізілетін болса да, оған мемлекеттік лицензиялау берілмей келеді. Яғни, ол  туралы  заң жобасы  әлі  қабылданбады.

Сайып  келгенде, жеке  детектив  қызметін  заңдастырмаудың  бірінші себебі  ішкі  істер  органдары  бұл  мамандарды  өздеріне  бәсекелес етіп алудан  сақтанады  екен. Тақырыпқа қысқаша жауап – осы. Енді  барлығын рет-ретімен  маман  сөзімен  түсіндірейік.

Жиырма  жылдан  бері  қабылданбай  келе  жатқан «Жеке детектив қызметі  туралы» Заң  жобасын  әбден  сүзгіден  өткізіп, Үкіметтің  қарауына қайта  ұсынып  келе  жатқан  Мәжіліс  депутаты  Абзал  Құспан  бұл  қызмет  не  үшін  қажет  екенін  айтты.

ТЕРГЕУ  САЛАСЫН  МОНОПОЛИЯҒА АЙНАЛДЫРҒАН  КІМДЕР?

– Біріншіден, бұл қоғам үшін қажет. «Неге?» десеңіз, адамдарда таңдау құқығы пайда болады. Мысал келтірейік. Қазір сіздің басыңызға іс түсе қалса, қаласаңыз да, қаламасаңыз да, тек  құқық  қорғау  органдарына жүгінесіз. Олар жұмысты сапалы атқаруы мүмкін немесе олардың жұмысына көңіліңіз толмауы да ғажап емес. Тіпті, кейбіреулерінің адалдығы мен әділдігіне күмәніңіз болатыны да рас. Осы заңның қабылдануына қарсылық танытып отырғандар – құқық қорғау органындағылар. Өйткені олар осы саладан үлкен монополия жасап алды. Мұндай іспен ішкі істер қызметі, болмаса Антикор мамандары айналысады деп, шекарадан ешкімді өткізгісі келмейді, – дейді А.Құспан.

ЖЕКЕ  ДЕТЕКТИВ  АТҚАРАТЫН  ҚЫЗМЕТ  ҚАНДАЙ?

Мәжіліс депутатының айтуынша, жеке детективтер істі жүргізуші мамандардың жұмысына ешқандай кедергі емес.

– Енді мен осы күнге дейін жеке детектив қызметі құқық қорғау органдарының жұмысына ешқандай кедергі болмайтынын айтып түсіндіріп жатырмын. Адал жұмыс істеймін деген қызметкерлерге керісінше, үлкен көмек болады. Енді  ең  бастысын  айтайын.

Іс барысында бұл жұмыс қалай іске асады? Соған мысал келтіріп өтейік. Мәселен, аймақта қылмыстық іс болды. Материалдық жағдайы жақсы адамдар ішкі істер органы мен детективтің қызметіне жүгінді. Әрине, шарт жасасу арқылы. Істі жүргізуші – органның қызметкерлері. Ал детектив сол уақытта оларға қосымша  мәліметтер  жинауға көмектеседі. Осы  арқылы  істі  жүргізіп отырған адам бір тәулік ішінде  бұл  жұмысқа жеке детективтің де қосылғанын біліп отырады. Енді, детектив өзі тапқан дәлелдемелерді  міндетті түрде анықтаушы, қорғаушы, істі жүргізуші сотқа апарып береді. Түпкілікті  шешімді  қабылдайтын  да – сол  істі  жүргізіп  жатқан  адам. Бұл жерде детективтерде  өз  алдына  билік жоқ. Шынын  айтқанда, олар – құқық қорғау  өкілдерінің  тікелей  көмекшісі. Оларға  бәсекелес болу, жұмысына кедергі  жасау, билік алу  деген  секілді былықтарға  жол  берілмейді. Бұл заң жобасын  осылай  жасағанбыз, – деді  ол.

БІЗДІҢ  МАҚСАТЫМЫЗ – ТӘЖІРИБЕ  ИЕЛЕРІН ҚОҒАМНЫҢ  МҮДДЕСІНЕ ПАЙДАЛАНУ

– Уәкілетті мекеме ішкі істер органдарының өзі болады. Лицензия беретін де – солар. Сол лицензия негізінде қызмет етіп жатқандарды тексеруді жүзеге асыратындар да – құқық қорғау қызметінің өкілдері. Былайынша айтқанда, бүкіл детектив қызметі ішкі істер органдарының бақылауында болады. Екінші айтқым келгені – осы. Үшіншіден, біршама құқық қорғау органының өкілдері шамамен 45 жасқа дейін жұмыс істеп, ары қарай отставкаға немесе зейнетке шығады. Ол кезде ол маманның бойынша денсаулығы, күш-жігері орнында болады. Ең бас­тысы, оның жұмыс тәжірибесі бар. Қызмет барысында өссе өседі, өспесе, сауда үйінің, дүкен­нің күзетшісі болып отырады. Ал оның қанша білімі, тәжірибесі бары ескерусіз қалып жатады. Ал біздің мақсатымыз – осы тәжірибе иелерін қоғамның мүддесіне пайдалану. Қылмыстың ашылуына бәріміз мүдделіміз. Жеке детективтер сол істе қосымша көмектеспесе, зиянын тигізбейді, – дейді Абзал  Темірғалиұлы.

ЖЕКЕ ДЕТЕКТИВКЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП  ҚАЙСЫ?

– Детектив қызметіне жасы 30-дан асқан маман болуы қажет деп есептедік. Тергеу және жедел іздестіру саласында жұмыс атқарған маман болса, жетіжылдық тәжірибе, ал заң, сот саласында қызмет еткен болса, 10 жыл еңбек өтілі болуы тиіс деп бекітіп отырмыз. Бұндай тәжірибені талап ететін басқа жұмыс орындары жоқ. Биыл диплом алған заңгер немесе маман жеке детектив бола алмайды. Яғни адами тұрғыдан қара­ған кезде де, жақсы жұмыс істеген, оң-солын таныған, адаммен жұмыс істей алатын мамандармен жүргіземіз бұл істі. Өйткені, қылмыстық іс – адамдардың құпиясымен бетпе-бет келетін маңызды жұмыс, – деді  депутат.

ЕСІРКЕМЕГЕН  ЕСКІ  ҚАЗАҚСТАН

– Бұл заң жобасының бүгінге дейін қабылданбай келуінің себебі – ескі Қазақстанның бұрынғы билігінің әсері деп білемін. Неге десеңіз, қолы байлаусыз, жағдайы бар адам поли­цияның бастығына қоңырау шалып, бүкіл істі қадағалауында ұстап отыруын талап ете алады. Ал шындық іздеп жүрген екінші тарап қайда барса да, бүкіл монополия бір ғана құқық қорғау органдарының қолында. Енді Антикор мен бас прокурор тергеп жатса, ары қарай ондай мәселені солар шешеді. Ал ол екеуі араласпаған жағдайда, әлгі «қолынан бәрі келетін» адам «істі былай жүргізіңдер» деп полиция бас­тығына  пәрмен  берсе, тер­геуде  әділдік  болмайды. Бұл дүниені жоққа шығара алмаймыз. Көп жерде бар ол.  Сол кезде жәбірленуші жеке детектив қызметіне жүгінсе, ол заңды түрде келтірген дәлелдемелерді әкелсе, оны істі жүргізетін адам тоқтата алмай, ары қарай зерттеуге мәжбүр болады. Біздің бұрынғы билік осы монополиядан айырылып қаламыз деп өлердей қорықты. Көп шындық  ашылып кетеді деп бас бұғып, кері әрекет етті.

Жаңа Қазақстан расында әділетті болса, онда біз азаматтардың құқығын қорғауды басты нысанаға алу керек. Жеке детектив қызметі – монополияны бұзатын нәрсе. Сол себепті бірнеше әрекет жасалса да қабылданбай келді. Қазірде осы заңды Парламентаризм институтымен бірге жаңалап, толықтырып, Үкіметтің қарауына өткіздік. Қазір қорытындыда тұр. Оң қорытынды бере ме, теріс бере ме, білмеймін, бірақ мен мұны қайта өңдеп ұсынамын. Өйткені, ешкім менің заң шығарушы құқығымды тоқтата алмайды, – деді Абзал  Темірғалиұлы.

ТҮЙІН. Абзал Құспанмен телефон арқылы тілдестік. Сол кезде елге жанашыр депутаттың ішкі зарын тыңдағандай болдық. Бұл Заң кімге қандай зияны немесе олқы тұстары бар екені белгісіз, әйтеуір «толықтырылмаған» Заңдар қатарынан көрініс таба береді. Әрине, Заң қабылданған соң, оны бірден алып тастау оңайға соқпайды. Сол үшін сүрлеп барып әрекетке көшу керек. Дегенмен, жиырма жыл бір Заң жобасын «ойната» беру биліктегілердің «былығын» ашып қоятындай. Анығын Құдай біледі. Сонда да елге пайдалы, халыққа зиянсыз Заң жобасын қабылдау кезінде салғырттық емес, алғырлық танытсақ екен. Ал сіз қалай ойлайсыз, жеке детектив қызметі керек пе?

Жазып  алған

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: