Суретті салған Ғалым Смағұлұлы
Апат айтып келмейді. Семей орманындағы өрт тұтқиылдан келетін табиғи апаттарға дайындықсыз екенімізді тағы бір мәрте дәлелдеді. Былтыр Қостанай облысында дәл осындай өрт болып, бір аптада әрең ауыздықталған болатын. Одан сабақ алып отырған билік жоқ. Түбінде зардап шегетін – халық. Кешегі Семей өртінен 14 адам қаза тапты. Артында ботадай боздап балалары мен туған-туыстары қалды. «Жау жоқ деме, жар астында» деп, қай жерден қатер келе қалатынын бір Алла біледі. Дегенмен, болар іс болғаннан кейін қылышымызды боққа шапқанның көк тиын пайдасы жоқ.
Мемлекет басшысы оқиға орнына барды, көзбен көрді, жағдайға баға берді. Енді бүтін бір мемлекет басшысының болған жайтқа қанық болуы – міндеті. Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді. Президент Қ.Тоқаев орман, дала апаттарына алдын ала болжам жасалмағандығын баса айтты.
– Министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған. Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады, – деді Қ.Тоқаев.
Қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Юрий Ильин Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды. Орнын Сырым Шәріпханов басты. Оған жүктелетін жауапкершілік көп. Өрт шықты дегенде министр де міз бақпаған, яғни ҚР Экология министрі Зульфия Сүлейменова төбе көрсетпеген. Ал Абай облысының әкімі өзі бармай, орынбасарын жұмсаған.
– Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайды қарады?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды? – деді Қ.Тоқаев.
Адамның орнын адам басады. Қызметке отыру бар, оны жауапкершілікпен атқару бар. Екіншіге келгенде көпшілігі қипақтап қалады. Мемлекет басшысы облыс әкіміне де сөгіс жариялады. Шұғыл әрекет жасамай, мәселеге бейжай қарағаны үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың салғырттығын сынға алды.
– Дайындық деңгейі төмен екені анықталды. Атап айтқанда, материалдық-техникалық жарақтандыру көрсеткіші – 69%, функционалдық инфрақұрылым көрсеткіші – 63%. Жалпы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы – 70% (Төтенше жағдайлар министрлігі – 75,1%, Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 59,5%, жергілікті атқарушы органдар – 70,2%). Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет. Әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек, – деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб отырысындағы сөзінде.
Қазақстанда бас-аяғы 4 пайызға жетер-жетпес орман бар. Соны сақтаудың алгоритмі дайындалмағаннан кейін бас-басына би болған өңкей дөкейдің санынан не пайда?! Қалай дегенмен де қазаның орнын ешкім де, ештеңе де баспайды, баса алмайды. Кісісі өліп, қаралы болып отырған жамағаттың жүрегіне жамау болу мүмкін емес. Президент Қ.Тоқаев қаза болған жандардың отбасыларымен кездесіп, көңіл айтты, халықтан кешірім сұрады.
– Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі, – деді мемлекет басшысы.
Қаза болғандардың несиелері кешіріліп, 3 млн теңгеден көмек көрсетілмек. Halyk Bank өртте қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына қаржылай көмек жібереді. Сонымен қатар өртте қаза тапқан азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің осы банктегі бар несиесі есептен шығарылады. Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсынылды. Ал жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Сырым Шәріпханов ауа температурасының жоғарылауы мен желдің салдарынан өрт әлде де өрши түсуі мүмкін екенін және соған қарамастан өртті барынша ауыздықтауға тырысатынын жеткізді.
ТҮЙІН. Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған. 8 маусым күні тұтанған орман өрті әлі күнге дейін ауыздықталып үлгерген жоқ. 14 адам о дүниелік болды. Осыған орай Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы, жақын-жуығымен кездесуде 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді. Елімізде тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері аза тұту күні 12 рет жарияланып отыр. Өкінішке қарай, басымыздан түрлі қайғылы оқиғаны өткердік. Табиғи апат, шахтадағы жарылыстар, әуе кемелерінің апаттары, індет және терактілер болды. Соңғы рет қазақ халқы былтыр қаралы Қаңтар құрбандарын еске алып, аза тұтқан еді.
Иә, көрсетілген құрмет, награда, материалдық жағдайды бұ дүниеде көрмегеннен кейін бәрі бекер. Бірақ, Алланың ісіне амал жоқ. Марқұмның туыстарына сабыр, ат үстіндегілерге абырой тілейміз.
Ә.КЕНЖЕ
Тақырыпқа тұздық
ЗҮЛФИЯНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ…
Семейдің орманы өртеніп жатыр. Әзірге 60 мың гектар орман өртенген. Егер сөндіре алмаса, бұдан да ұлғая түсері сөзсіз. Тілсіз жаумен алысам деп 14 адам қаза тапты. Имандары саламат болсын.
Президент өткізген төтенше жиында Экология министрі жылап тұрды.
Бұл көз жас – шарасыздықтың көз жасы.
Бұл көз жас – биліктің жемқор екенін айта алмай қыстығып, іштен тынған жас шендінің көз жасы.
Бұл көз жас – еліміздің кадр саясатының тығырыққа тірелгенінің көз жасы.
Бұл көз жас – асқынған бюрократияны, шенеуніктердің қамсыздығын, қайратсыздығын үнсіз айыптаған көз жасы.
Бұл көз жас – парақор, тоқ ұлықтардың арасында өзін артық сезіну көз жасы.
Бұл көз жас – өрт түгілі өмірді білмейтін, ел ішінде өспеген, жұрттың мұң-мұқтажын білмейтін, қарапайым халықтан тым алыс, жас шенеуніктің бірден министр болғанына өкінген көз жасы.
Бұл көз жас – өзін министрлікке өмір көрсетпей, қызмет баспалдақтарымен сатылап, сонау төменнен өсірмей, кәсіби тұрғыдан жетілдірмей, бірден министр қоя салған «жебеушілеріне» лағнет айтқан көз жасы.
Бұл көз жас – біліксіз кадрдың көз жасы.
Бұл көз жас – сөз жүзінде бар «Жаңа Қазақстанның» іс жүзінде жоқ екенін білдірген көз жасы…
Бұл көз жаста бәрі бар: жемқорлықтың жойылмайтыны, ел мен жерге жаны ашымайтын жемқор шенеуніктердің бұдан әрі де ел басқара беретіндігі;
Ақ Орданың өтірік статистикамен өмір сүретіндігі;
Көзбояушылықпен айналысу – биліктің ең сүйікті ісі екендігі;
Шенеуніктік корпустың ештеңеден сабақ алмайтындығы;
Шенеуніктердің мемлекет мүддесі үшін емес, қарақан қара басының қамы үшін, момын елді талау, мемлекет дәулетін аяусыз талан-таражға салу үшін биліке баратындығы;
Отанға жасаған опасыздығы, халыққа жасаған қиянаты үшін еш жазаланбайтыны, әрі кетсе сөгіспен құтыла алатынына сенімділігі;
Тарих пен ұрпақ алдында еш жауап бермейтіндігіне кәміл сенетіні, т.б.
Зүлфия – отыз жылғы Тәуелсіздік кезеңінде шын жылаған тұңғыш министр. Отыз жылда халықты аяусыз қанап келген, әлі де қанай беретін мына безбүйрек үкіметтен қыстығып жылайтын бір министр шықты-ау ақыры.
Зүлфия, сенің көз жасың мына дүлей өртті сөндіре алмас, бірақ жылай түс. Президенттің қабылдауына барып, Үкіметте болып жатқан масқараларды айтып жыла, қауқарсыз премьер-министрді отставкаға жіберіңіз деп жыла.
«Ескі Қазақстанның» күллі кадрын халықшыл, мемлекетшіл азаматтармен алмастырыңыз деп, жыла.
Билікті жайлаған жемқорлыққа тез арада төтенше шара қолданыңыз, әйтпесе Тәуелсіздіктен айырыламыз деп жыла.
Үкімет отырысында да жыла.
Мемлекетке жемқорлық салдарынан қауіп төнді, сендер неғып отырсыңдар деп жыла.
19 миллион халықты тақыр кедей қылған кілең бетсіз, өңшең ұятсыздар деп жыла.
Шалбар киген сорлылар, еркек емессіңдер деп жыла.
Өздеріңде ар бар ма, ождан бар ма, мынандай жағдайды көріп отырып, министр, әкім болмақ түгілі қалай жер басып жүрсіңдер деп жыла.
Намыстарың бар ма өзі деп жыла.
Бір сілкініп, мемлекет үшін, халық үшін жаннан кешіп, адал іс қылатын кездерің келді ғой деп жыла.
Отанымды осыншама жегендерің үшін ұрпақтарың жауап береді, өлген соң көрлеріңде тыныш жатпайсыңдар деп жыла.
Алдарыңда ар соты, ұрпақ соты, тарих соты тұр деп жыла.
Бәрін айтып жыла, елдің зарын айтып жыла.
«Еститін үкімет» халықтың жанайқайын естімейді ғой, бәлкім өз ішінен шыққан жалғыз шенеуніктің көз жасын көрер, зарын естір…
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
өнертанушы.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!