Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар Наурызға неге қызықпайды?

19.03.2026, 8:20 50

Ұлыстың ұлы күнін жаңаша тойлау, ұлттық мейрамымызды жасөспірімдер мен жастар қызығатындай етіп өткізу туралы ой-пікірлерім мен нақты ұсыныстарымды жазып, қоғамның талқысына шығарып жүргеніме 8 жылдай уақыт өтті. Бұл сөзіме БАҚ-тағы мақалаларым, әлеуметтік желілердегі жазбаларым («Наурызды  жаңаша  тойлау», «Астана ақшамы»,  №34-35, 22 наурыз, 2018 жыл; «Наурыздың насихаты мен нақ сипаты», «Астана ақшамы», №32, 20 наурыз, 2019 жыл; «Балалар Наурызға неге қызықпайды?», «Астана ақшамы», №33-34,   21 наурыз, 2023 жыл)  дәлел  бола  алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, Ұлыстың ұлы күні елімізде 10 күн тойла­натын  болды.

Онкүндік аясында ел аумағында 10 мыңнан астам мәдени, спорттық және қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі. Наурызнаманың әр күні түрлі тақырыпқа арналып, ұлттық салт-дәстүрлер мен құндылықтарды дәріптеуге бағытталады. Бұл көпкүндік тойлау дәстүрі халқымыздың мәдени мұрасымен де үндеседі. Бір қуанарлығы, ұлттық мейрамның жаңаруының жаршысындай үш қызғалдақ бейнеленген логотипі бекітілді. Бұл – тамаша таңдау, себебі қызғалдақ – сұлу  көктемнің,  жаңа  күннің, тынымсыз  тіршіліктің  символы.

Енді бозбала-бойжеткендерді Ұлыс күніне қалай қызықтырамыз дегенге келейік. Наурыз – дәстүрімізді дәріптейтін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, салт-дәстүрлерімізді жандандыратын мейрам. Міне, осы жерде қазақтың «Ұйқыашар» деген дәстүрін жанғыртатын тамаша мүмкіндік бар. Отбасы құндылық­тары насихатталатын «Шаңырақ» күнінде бойжеткендер бозбалаларға әдемі қорапқа салып, ұлттық тағамдар (жент, талқан, құрт, ірімшік, т.б.) ұсынса, ол заманауи «ұйқыашар» дәм болар еді. Ал бозбалалар мен жігіттер қыздардың қолақысының қарымтасына орамал, айна, тарақ, иіссу секілді бұйымдардан тұратын «Селт еткізер», «Дір еткізер» сыйлықтар берсе, қандай керемет! Өйткені, айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршік жарған жауқазындай құлпыру мен жайнай түсудің белгісі. Кішкентай болса да шын көңілден берілген сыйлық кез келген бозбала мен бойжеткенді  селт  еткізері  сөзсіз.

Екіншіден, әз Наурыз жастардың сағынып күтетін мерекесіне айналуы үшін қыз-келіншектерге гүл сыйлау үрдісін қалыптастырсақ құба-құп. Мысалы, Ұлттық киім күні, Жыл басында (22 наурыз күні) ең әдемі ұлттық киім киіп шыққан бойжеткендерге ер-азаматтар жауқазын, қалампыр, бәйшешек, раушан гүлдерін сыйласа, қандай жарасымды! Әрбір ұжым, мекемеде ең әдемі ұлттық киім киіп жүрген бойжеткенді жаппай дауыс беру арқылы анықтап, оған бағалы сыйлықпен қатар гүл шоқтарын ұсынса деймін. Гүл қыздардың көңілін көтеріп қана қоймай, жылылық, құштарлық, әсемдік сезімдерін оятады. Биылғы Наурызнама бағдарламасында «Ұлттық киімдегі бір күн» деп аталатын челлендж бар екен. Осы челлендж аясында ұлттық киім киіп, жігіттер қыздарға гүл сыйласа, жұрттың назарын бірден аударар еді. Әлеуметтік желілерде таралатын бейнежазбаларда ұлттық киім киіп, қолына гүл ұстап тұрған бойжеткендердің сәні одан әрі арта түспей ме?!. Мұндай қадам 8 наурыздан кейін бәсеңдеп қалған гүл сату бизнесінің де көрігін қайта қыздырады. Қазір флешмоб, челлендж деген нәрселер – трендке айналған заман. Міне, осындай мерекелік жиындардың сән-салтанатын гүлмен көмкерсек, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, барлық мектеп пен оқу орындарының алдындағы алаңда «Қара жорғаны» топтасып билеу челленджін өткізсек, рухани жаңғыруымыздың бір шынайы көрінісі болар еді. Мектептерде, оқу орындарында қазақтың ұлттық билерінен (қамажай, ұтыс би, шалқыма, қаз-қатар, мерген биі және  т.б.)  жарыс  өткізуге  болады.

Төртіншіден, 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде жастар арасында заманауи ұлттық киім үлгілерінен (арнайы қазақ тігіншілері тіккен, этнодизайнерлер пішкен киімді ғана алса) сән байқауын, фестиваль өткізуді ізгі дәстүрге айналдырсақ, ұтарымыз анық. Мұндай байқауды әр мектеп, колледж, университет жеке-жеке өткізіп, олардың жеңімпаздары қалалық, республикалық байқауға жолдама алып, ақтық сында өз ұжымының намысын қорғаса, қандай керемет! Ұлыстың ұлы күні  жалпыхалықтық мейрам болып сана­мызға сіңсін десек, Наурыз айы туғаннан бастап көшеде, жұмыста ұлттық киімдерімізді киіп жүруіміз керек. Бір қынжылатыным, біз ұлттық киімді пакетке, сөмкеге салып әкеліп, 1 сағаттық жасанды көрініске киеміз де, үйге апарып іле саламыз. Тіпті, үйде ұлттық киім болмаса, алаңдағы мерекелік жиынға барып, киіз үйге кіріп, біреудің іліп қойған киімдерімен суретке түсеміз. Сөйтіп, әлеуметтік желілерге сол суреттерімізді жариялап, мәз боламыз. Меніңше, Ұлттық киім күні музейде, университетте я болмаса бір ұжымда ғана ұлттық киім киіп жүру дұрыс емес. Бұл – көшеде наурызкөже таратумен бірдей, жасандылықтың бірі. Ең үздік киім үлгісіне әділ байқауда бағалы сыйлық алған бойжеткеннің Наурызға деген қызығушылығы артады. Келесі жылы одан да әсем көйлектерін тіктіріп, сән сайысына ертерек  дайындалады.

Бесіншіден, жастар Ұлыс күніне қызықсын десек, Алтыбақан ұлттық ойынын сән-салтанатымен өткізудің бағдарламасын жасау керек. Ертеде Наурызды қарсы аларда жастар алтыбақан басында түнімен әртүрлі ұлттық ойындар ойнап, айтысқан. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, жұртқа танылмаған шешен қалмаған. Бір-біріне қарама-қарсы отырып, алтыбақан тепкен бозбала-бойжеткендер ән бастайды, ал жердегілер сол әнге қосылады. Айлы түнде шарықтап тепкен алтыбақан мен әуелеген әсем ән – Наурыздың сәні. Жастар қай кезде де ән салғанды, ән тыңдағанды ұнатады. Алтыбақанға дәстүрлі әншілерді де шақырса, құба-құп. Солтүстік және орталық өңірлерде қыс мезгілі алты айға созылатындықтан, алтыбақанды стадион, сауда үйлері, спорт сарайлары, театрлар ғимаратына тіккен абзал. Ал оңтүстік өңірлерде наурызда күн жылынып, жаз шығады.

Қазақтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурызда даланы Қызыр аралайды дейді. Сол себептен бұл түнді «Қызыр түні» деп атаған. Қызыр баба – адамға бақ қондырып, дәулет дарытатын ақсақал кейпіндегі қиял-ғажайып кейіпкер. Жақсылықтың жаршысы, жаңа туған күннің символы – Қызыр атаның назары жерге түссе, тоң кеудесін жібітіп жібереді екен. Міне, осы Қызыр түнін жастарды ұлық мейрамға қызықтыруға пайдалануға болады. Түні бойы алтыбақан басында сауық-сайран құрған жастар таң атқанда биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алса. Жаңа күнді қарсы алу салтын осылайша қайта тірілтуге мүмкіндік мол. Қазіргі мере­келік отшашудың орнына осындай көктемнің келуін, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін көріністер енгізсек, ұлттық құндылықтарымыз жаңғыра  түсері  хақ.

Наурыздың бар сән-салтанатын жастар үшін күшейте түсеміз десек, еліміздегі жастар қатысатын білім беру, ғылым, өнер, спорт және т.б. алуан түрлі сайыстың ақтық жарысын Ұлыстың ұлы күнінде өткізу керек. «Қыз сыны», «Жігіттің сұлтаны», «Қазақстан барысы» дегендердің орнына «Наурыз аруы», «Нау­рыз сұлтаны», «Наурыз балуаны», «Жыл оқушысы», «Жылдың үздік әншісі», «Жыл авторы» деген ұлттық байқаулардың жеңімпаздарын Ұлыс күнінде марапаттау жаңарған мейрамның қадір-қасиетін арттыра түседі. Мұндай байқаулардан әзірше бағдарламада Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін «Наурыз сыйлығы» ұлттық сыйлығы ғана бар. Мысалы, «Ауыл»  партиясы  дәстүрлі түрде «Батамен ел көгерер» респуб­ликалық батагөйлер сайысын өткізіп жүр. Осыған ұқсас «Қыз бен жігіт айтысы», «Өлі мен тірінің айтысы» сияқ­ты ұлттық байқауларды да ұйым­дастырса  жақсы болар еді. Негі­зі, білім мен ғылым, өнер мен спорт жарыстарының қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды марапаттауды 21-22 наурыз күндері өткізсек, қандай ғанибет! Мысалы, әдебиеттегі «Айбоз» ұлттық сыйлы­ғын, Президенттің арнайы сыйлы­ғын  Ұлыстың  ұлы  күнінде тапсыр­са, тамаша  жарасымды  емес пе?!.  Я болмаса Ұлттық спорт күнінде ұлттық ойындардың республикалық деңгейдегі жарысын да жоғары деңгейде ұйымдастыруға болады. Ол үшін  арнайы  бағдарлама  жасалса.

Кез келген қыз-жігіт кино көруден  жалықпайды.  Сол себептен Ұлыс күнінде еліміздегі барлық кино­театр мен кинозалда ұлттық кино апталығын өткізуді Мәдениет және спорт министрлігі қолға алса деймін. Үздік ұлттық кинолардың тізімін жасап, билеттеріне мереке­лік жеңілдіктер енгізіп, жастарды кино көруге жұмылдыруға таптыр­майтын уақыт – осы кез. Сондай-­ақ қазақстандық жас жазушылар, суретшілер мен мүсіншілердің туындыларының тұсаукесерлері, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар фестивальдері ұйымдастырылса, ол жерлерге де жастар көптеп шоғырланатынына  күмәнім  жоқ.

Ұлыстың ұлы күніне жастарды қызықтыра түсудің тағы бір өзгеше жолын айтайын. Көбіміз Наурыз жырындағы:

«Құл  құтылар  құрықтан

Күң құтылар сырықтан» деген сөздердің қайдан шыққанын біле бермейміз. Ежелгі түркілердің ғажайып  дәстүрі  көп. Соның  бірі – 6 күн садақ тарту, алтын жамбы ату. Баба­ларымыз Ұлыс күні үстіне жаңа киімін киіп, сақал-мұртын түзеп, шашын алады. Алты күн садақ тартып машықтанған соң жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады. Егер кімде-кім бірінші болып жамбыны атып түсірсе, сол адамға 1 күн елге патша болып, билік етуге ерік беріледі. Сол замандағы патша­лар қандай мейірбан, қарапайым болған десеңізші! Айтпақшы, Ұлыс күні ертеде гректердің патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астында­ғы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқан. Наурыз күні ертедегі Иран патшасы да қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен. Мінеки, осынау дәстүрді заманауи үлгіде жаңғыртып, мектеп, колледж, университет бірінші басшылары үздік оқитын, белсенді жастарды таңдап алып, Нау­рызнама онкүндігінде 1 күнге өзінің қызметін берсе, яғни мектепке немесе университетке билік етуге ерік  берсе, ғажап болар еді. Бұл үрдіс жауапкершілік, іскерлік, адалдық, әділдік сияқты қасиеттерді жастардың бойына сіңіруге сеп болатыны анық. Осылайша, Ұлыс күн жастардың асыға күтетін, ең сүйікті мейрамына  айналады.

Тобықтай  түйін:

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаған сөзінде: «Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы. Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып,  бір  ұлт болып түгел тойлай­ды. Наурыз  кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, әз Наурыз – нағыз   халықтық  мейрам» деп Ұлыс күнінің мән-маз­мұнын  ашып көрсетіп берді. Ал, Наурыз шын мәнісіндегі халықтық мейрам болуы үшін оны балалар да, жастар да тағатсыздана күтіп,  ерекше ынтығып тойлап, қимай  қоштасуы  керек. Сол кезде бұл мейрам  ұлттық  жаңғыруымыздың   нақты  көрсеткіші  бола  алады.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы.

Суретті түсірген: Сұлтан Сейіт

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: