Махаббат – көзге көрінбейтін ыстық сезім. Әлемді махаббат құтқарады деп жатады. Бұл рас. Себебі әр адамның кез келген дүниеге махаббаты болса, оған бүкіл ынтасымен кірісетіні анық. Мейлі, ол қандай, кімге, неге махаббат болса да. Көбі махаббат жайлы әңгіме өрбісе, ұл мен қыздың бір-біріне сезімін айтады. Мақұл, бүгін соны саралап көрелік. Қазақ әдебиетінде шын ғашықтардың өмірлік жар бола алмағанын көрсетеді. Себебін ата-ананың таңдауымен байланыстырады. Қазіргі күні ата-анасының қалауымен үйленетін жастар аз. Сол себепті әртүрлі неке көбейді. Тіпті қазақ қызы өзге елге ұзатылып, қазақ ұлы басқа ұлттың еркесін келін қылып жатқаны жиі кездеседі. Біз әр жақтан тін тартып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне сараптамалық талдау жүргізейік. Әлқисса…
АЖЫРАСУМЕН КҮРЕСТІҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Мемлекет және қоғам қайраткері, облыстың құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, әлемде Қазақстан ажырасу бойынша алдыңғы ондықта тұр екен. Шыны керек, бұл ұлттық трагедия екенін айту керек. Қазақ халқында әйел мен ер отау құрған шаңырағын жерге түсірген кезі көп болмаған. Міне, ата-ананың жауапкершілігін түсінбей отбасын құрғандардың кесірінен жетім балалар мен жүгенсіз жастар артты. Жасөспірімдер арасында қылмыстың көбеюіне отбасындағы тәрбиенің жоқтығы ықпал болып тұр. Ажырасу жұқпалы дерт секілді қоғамда өзге де мәселенің өршуіне әкелуде. Ал, отбасын сақтау үшін ұлтаралық некенің болғаны дұрыс па? Яки сүйгеніне қосылып, бақыттың кілтін тауып, шаңырағын берік ұстайтын жол осы болса, қаңқу сөздің қажеті жоқ шығар. Қазақ халқының басым бөлігі ислам дінін ұстаушы болғаннан кейін дін не дейді? Жалпы, ұлтаралық неке жайында дін өкілінен көзқарасын сұраған едік.
– Қазақ халқы діні басқа түгілі, жеті атаға дейін қыз алыспаған. Мысалы, ойраттармен туысқандық, дәстүрі, өмір-салты ұқсаса да еш уақытта қазақтар қыз бермеген. Тек қана дінбауырлас халықтардан қыз алып отырған. Ұлтаралық неке қыздың болашағына әсері болғаннан кейін мұның алдын алып отырған. Өйткені қызыңызды басқа ұлтқа берсеңіз, оның болашағы қиын болады. Көбіне қыз баласы депрессияға жақын. Ұлтаралық неке – махаббат деп айта алмаймын. Меніңше, ессіздік. Инновациялық даму кезеңінде қыздарымызды өзге ұлттың серкелері өз қармағына түсіріп жатыр. Біз ел боламыз десек, өз дәстүрімізден айырылмауымыз қажет. Найманның баласы мен Арғынның қызын үйлендірсек те керемет метис шығады. Бұл да екі халықтың отау құруы болып есептеледі. Оның үстіне, діні, ділі, тілі бір. Осы уақытқа дейін қазақ қанын бұзбаған. Біз осыны мәңгілікке сақтап қалуымыз қажет. Әйтпесе, Америка секілді ұлтымызды жоғалтып алуымыз мүмкін, – деді республикалық ақпараттық түсіндірме топтың мүшесі, дінтанушы ғалым Бақтияр Оспанов.
Иә, махаббаттың жалауын ұстасақ, қазақ өз-өзін жоқ қылуы кәдік. Десе де, қазақ пен қазақ қосылып, қазақ баласын кішкентайынан әркімге жаутаңдатып далада қалдырғаннан көрі өзге ұлтпен бас қосса да балаға мейірім, шапағатын бөлсе керемет емес пе? Жо-жоқ, таяқтың екі ұшы бар ғой. Сүйдім деп қосылып, артынша аузы күйгендер жетерлік.
«ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ ҚОЛЫН ҰСТАЙМЫН ДЕП, ТҮКСІЗ ҚАЛА ЖАЗДАДЫМ»
Ұлтаралық неке алаяқтыққа ұласып жатқаны бар. Әсіресе қыздар алданып жатады. Соңғы кездері жыраққа кетіп құл болған қыздар жайлы кинолар жиілеп кетті. Кино өмірдің новелласы болғаннан кейін шындық деп қарастыруға болады. Мысалмен де келтірейік. Сөзімізді кейіпкер сабақтасын.
– Мен ағылшын тіліне қызығушылық білдіретін жастардың бірі едім. Қосымша сабақтарға қатысып, білімімді шыңдай түсу үшін ағылшындық дос табуды, онымен диалог құруды ұйғардым. Осылайша, өзімнен екі жас үлкен жігітпен сөйлесе келе, көзқарасымыздың бірдей екенін ұғындым. Уақыт өте келе бір-бірімізге деген сезім барын біліп, отбасы құруға дейін бардық. Алайда, ол мен ойлағандай жігіт болмай шықты. Оның бар мақсаты менің өзге елдің қызы екенімді біліп, қақпанына түсіріп, ата-анамның бар қаржысын қалтасына басу болған екен. Сондықтан, қыздарға айтарым, асығыс шешім қабылдамай, жылы жүзбен қарап, жылы сөзбен баурағанның бәрін жаныңа жақын тұтпаңдар. Әйтпесе, өзге ұлттың қолын ұстаймын деп, түксіз қала жаздадым, – деді ол.
Бұл кейіпкер шетелдік азаматтың мақсатын ерте білген екен. Егер кеш білсе, сан соғып қалары сөзсіз. Осындай «бойы – бұлғаң, сөзі – жылмаң» алаяқтарды қалай анықтауға болады? Қыздар құлақпен жақсы көргеннен кейін ұлдың ниетін байқамай қалады. Сол себепті қазақ қыздары ессіздің сөзі елітіп әкетсе де, ақылға салу керек. Иә, өзге ұлттың баласы ғана есерсоқ, біздікі батыр дей алмаймыз. Қазақ жігіттері арасында да үйленуді бизнеске айналдырғандар һәм альфонстар жетіп артылады. Мұндайда ұлттың жаманы жоқ, тек адамның аждаһасы бар деп топшылаймыз.
АЗАМАТТЫҚ ҮШІН НЕКЕ
Бәрін айт та, бірін айт. Қазақстан азаматтығын алу үшін некеге тұратындар бар. Бұл үдеріс тек біздің елде ғана емес. Мұндай жалған некенің мына жалғанда қажеті бар ма? Жә, ислам дінінде өзге ұлтпен шаңырақ құруға рұқсат етілген-ді. Алайда жынысқа қарай сәл ерекшелік те бар.
– Мұсылман ер-азаматтарға мұсылман әйелге немесе христиан, яхудилерге үйленуге болады. Ал, мұсылмандықты, христиандықты, яхудилікті мойындамайтын Аллаға иман етпеген кәпір қыздарға мұсылман ер адам үйлене алмайды. Бұл жерде ұлт маңызды емес, дін маңызды. Қыздарға келетін болсақ, тек қана мұсылман ер-азаматқа тұрмысқа шығуына шариғатымызда рұқсат етілген. Басқа дін өкілдеріне қыз беруге болмайды. Яғни христиан, яхуди болсын рұқсат берілмейді. Ер адам басқа дін өкілінен ала алады, тек иман етпегеннен алуға болмайды. Айырмашылық осы, – деді «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің найб имамы Нұрдәулет Жалғасбекұлы.
Осы тұста, санамызға мынадай сұрақ келеді. Сонда отбасын құруда ұлт емес, дін басымдыққа ие. Қазақ арасында да Аллаға сенбейтін атеистер бар. Демек, қазақ ұлы немесе қазақ қызы атеист қазақпен отау құра алмай ма?
– Иә, түсінгеніңіздей солай. Қазақ бола ма, араб, түрік болсын (мұсылман елдерінің ішінен айтып жатырмын), Аллаға сенбейтіндері болса қыз беруге болмайды. Бірақ білеміз ғой, ханафи мәзхабында, имам-матуриди ақидасында жалпы, мұсылмандықты намаз оқымайтынмен есептемейміз. Сеніммен есептейміз. Егер адам ашық түрде атеистпін, Аллаға сенбеймін деп жатса, оларға қыз бере алмаймыз. Қазақ қызын тек қана мұсылманға беруге болады, – деп Нұрдәулет Жалғасбекұлы сауалға жауап берді.
ТҮЙІН. Бір ғана тақырыптың айналасында біраз мәселе жатыр. Қоғамда өте өзекті. Алла Тағала адамзатты жаратқанда оған үш таңдау жасауына мүмкіндік бермеді. Олар – ұлт, ата-ана, жынысы. Бұл дегеніміз осы үш дүниенің қадірін білу керегін ұғындырды деп айтуға болатын шығар. Бірақ өз ұлтын сатқандар бар. Ата-анасының разылығын алмай, жалғыз қалдырғандар жетерлік. Егер қадірін білсе, қарттар үйі бос болып, қаңырап тұрар еді ғой. Ең сорақысы, жынысын ауыстырғандар да көбейіп келеді. Ал, дінді таңдауға мүмкіндік берді. Ғаламшардың қай жерінде дүние есігін ашсаң да, Тәңірге құлшылық ету – өз қолыңда. Шариғатта өзге ұлт емес, дінге байланысты отау құруға болады екен. Алайда мұсылман екен деп қыз беріп, ұлтаралық неке ұлттың азаюына әкелмесе болғаны… Дей тұрғанымен, айтып қана қоюға қауқарлымыз. Өйткені ешкімге шектеу қойылмайтыны бесенеден белгілі.
Азамат АБИМОЛДА
Коллаж ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!