Цифрлық даму саласына жауапты болған кезеңінде Бағдат Мусин Қазақстанда интернет жылдамдығы мен цифрлық қызметтер бірқатар дамыған елден озып тұрғанын бірнеше мәрте айтқан еді. Ресми статистика мен халықаралық рейтингтер де бұл пікірді ішінара растайды. Үлкен қалаларда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы артты, жаңа технологиялар енгізілді, 5G туралы сөз жиілей түсті. Алайда бұл көрініс елдің барлық аумағына бірдей тән деу қиын. Қаладағы желі желдей ескенімен, шалғайдағы ағайынның интернеті илікпейді. Қазақстанның өңірлерінде, соның ішінде Қызылорда облысының бірқатар ауылында ұялы байланыс әлі де күрделі мәселе болып отыр. Тұрғындар ай сайын тарифке тұрақты төлем жасайтынын айтады, бірақ қоңырау жиі үзіліп, интернет жылдамдығы қарапайым қажеттілікті толық өтей алмайды. Әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерде бір ой қайталана береді. Ал осы жағдайда тарифтердің жыл сайын өсуі түсініксіз сауал болып отыр. Облыс тұрғындары ең төменгі пакеттердің өзі бірнеше мың теңгеден асатынын атап өтіп, төленетін сома мен көрсетілетін қызметке разы емес екенін байқау қиын емес. Шынын айтқанда, мәселе біздің өңірде ғана емес. Соңғы үш жылда ел бойынша ұялы байланыс тарифтері тұрақты түрде қымбаттап келеді. Ал сапа жоқтың қасы. Қайтпек керек? Интернет тарифінің ай сайын қымбаттауын операторлар қалай түсіндіреді?
Осы сауалдарға жауап іздеу үшін Қазақстандағы ұялы байланыс нарығындағы соңғы үш жылдағы өзгерістерге үңіліп көрдік.
БАЙЛАНЫС НАШАРЛАҒАН САЙЫН БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП БАРАДЫ
Соңғы үш жыл ішінде ұялы байланыс пен мобильді интернет тарифтері бірнеше мәрте қымбаттады. 2023 жылы операторлар бір мезгілде қызмет бағасын көтергені мәлім. Сол жылы кейбір тариф құны 7-8%-ға емес, тіпті 57%-ға дейін өсіп кеткені дау тудырған еді. Мұндай күрт қымбаттау антимонополия қызметінің күдігін көбейтіп, Kcell, Beeline және Tele2/Altel компанияларына қарсы картельдік сөз байласу белгілері бойынша тексеріс басталды. Барлық ірі операторлар сол кезеңде бірдей тарифтік өзгеріс енгізген. Мысалы, байланыс қызметінің минуты ортақ келісімдей 18 теңгеге көтерілген. Алайда бұл тексерістердің соңы компаниялардың сотқа жүгінуіне байланысты сиырқұйымшақтанып кетті. Содан, Жоғарғы сот Kcell мен Tele2 бойынша тергеуді тоқтатып тастады.
2024 жылы да тариф өсімі жалғасты. Кейбір пакеттің бағасы тіпті екі еседен аса көтеріліп, орташа өсім 151% деңгейіне жеткені әлеуметтік желіде әлеуметтің ашуын көтерді. Бұған жауап ретінде антимонополиялық агенттік сол жылы Beeline компаниясына қатысты жаңа тергеу бастады. Дегенмен, байланыс операторлары мемлекеттік органдардың әр қадамын сотқа беріп, сол жылғы тариф өсіміне қатысты тексерістер де компаниялардың талап-арыздарына бола уақытша тоқтатылды. Яғни, операторлар өз тарифтік саясатын «еркін нарық» талаптарына сай дербес белгілейді, мемлекет тікелей баға реттей алмайды, тек заңбұзушылық болса, шара қолдануға тырысады.
Мәселе мұнымен біткен жоқ, өткен 2025 жылы ұялы байланыс тағы қымбаттады. Үкімет өкілдері 2024 жылдың соңында операторлармен жүздесіп, жаңа жылдан бұрын тарифті өсірмеу туралы «мораторий» жасағандай болған еді, бірақ мереке өткесін-ақ бағалар қайта көтеріле бастады. Tele2/Altel сәуір айында өзінің топтамаларының ақысын орта есеппен 20-35%-ға өсірді. Beeline ақпанда үйдегі интернет тарифін 4990 теңгеден 5990 теңгеге дейін көтерді. Жыл соңына қарай да елеулі ақпар айтылды. Желтоқсанның 25-інен Tele2 және Altel көпшілік тарифтерін қосымша 15-33% мөлшерінде қымбаттатады екен, ал Beeline 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағаларын шамамен 15-20%-ға өсірмек. Мысалы, Tele2-нің ең арзан 30 күндік пакетінің бағасы бұрынғы 1800 теңгеден 2590 теңгеге шығады. Жалпы алғанда, 2023-2025 жылдары ұялы байланыс үшін абоненттік төлемдер жыл сайын екі таңбалы пайыздарға өсіп отыр, бұл – жалпы тұтынушылық инфляция деңгейінен әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

ЭКОНОМИСТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Ұялы байланыс қызметінің қымбаттауы жалпы экономикадағы инфляциялық үрдістен тыс емес. Сарапшылардың айтуынша, елде соңғы жылдары барлық дерліктей тауар мен қызмет бағасы өсті. 2022-2023 жылдары Қазақстанда жылдық инфляция рекордтық деңгейге жеткен, ал 2024 жылы біртіндеп 8-9%-ға дейін баяулағанымен, жалпы бағалардың өсуі халықтың қалтасын әлі қысып тұрған еді. Осындай кезеңде ұялы байланыс операторлары да бағаны көтеруге ыңғайлы сәт тауып, экономистер бұл қызметтің тұтыну сұранысы өте жоғары және икемсіз екенін атап көрсетті. Сұраныс қандай қиыншылықта да азаймайтындықтан, тарифті көтеру операторлар үшін табысты өсірудің ең «қауіпсіз жолы» саналады. Мысалы, байланыс саласының сарапшысы Шавкат Сабиров интернет ақысының шарықтауын «жалпы экономикалық тенденцияның жалғасы» деп атады.
– Қымбатшылық барлық салада бар, алайда ұялы қызмет бағасы көптеген басқа тауар-қызметтен де жылдам өсіп жатыр, өйткені бүгінгі күні ол қазақстандықтардың басым бөлігі үшін өмірлік қажеттілікке айналған, — деді ол.
Операторлар тарифтің қымбаттауын ресми себептермен түсіндіруге тырысады. Ең алдымен алға тартатыны – инфляция мен салықтық өзгерістердің қысымы. 2026 жылдың 1 қаңтарынан қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға өсетіні анықталған соң, компаниялар салық жүктемесінің артуын тариф көтерудің басты негізі ретінде көрсетті. Beeline бұл салық өсімі байланыс саласына жылына қосымша 35-40 млрд теңге шығын әкелетінін мәлімдеді. Сондай-ақ теңгенің құнсыздануы салдарынан импорттық жабдықтардың қымбаттағанын алға тартты. Доллар бағамы 2025 жылдың соңына қарай 480 теңгеден 512 теңгеге нығайып, желі құралдарын сатып алу шығыны артқан. Компаниялар экономикадағы жалпы инфляция да тасымалдау, энергия, қызмет көрсету сияқты операциялық шығындарын өсіргенін айтады. Деректер трафигінің жылдық 40-50% өрлеуі де желіні кеңейтуге қосымша инвестиция талап етіп отыр деп негіздейді.
Дегенмен, бейтарап мамандар телеком алпауыттарының бұл уәждеріне күмәнмен қарайды. «ҚҚС – жай сылтау, операторлар табысты бұрыннан-ақ арттырып келді» дейді Шавкат Сабиров. Әрі оның айтуынша, салық өзгерісі тек сол бұрыннан бар ниеттеріне түрткі болған. Экономистер пікірінше, шынымен инфляция шығынды өсіргенімен, байланыс операторларының табысы да осал болған жоқ, сондықтан тарифті дәл осылай дүркін-дүркін көтеру тек қымбатшылыққа сай қылу емес, нарықтағы билігін пайдалану болуы мүмкін. Қаржы тұрғысынан ұялы операторлар – экономикадағы ең пайдасы мол сектордың бірі. 2022 жылы ұялы байланыс қызметтерінің жалпы кірісі 540 млрд теңгеден асып, жылдық өсім 14% болған. Компаниялар инвесторларына мол пайда түсіріп отырған шақта да тарифтерді өсіруді жалғастыруда. Бұл ретте кейбір сарапшы: «Операторлар инфляцияны желеу етіп, шектен тыс пайда алу үшін бағаны нарық көтере алатын максимумға дейін жеткізуде» деп пікір білдірді.
«ОПЕРАТОР ЖАҢА СЕРВЕРЛЕР САТЫП АЛДЫ ЕКЕН ДЕП, КЕЛЕСІ КҮНІ ТАРИФТІ ӨСІРУГЕ ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ»
Телекоммуникация саласының мамандары баға саясатын тек объективті шығындармен түсіндіруді тым жеңілдетілген тәсіл деп санайды. Мәселен, жиілік спектрін пайдалану немесе жаңа жабдық сатып алу сияқты факторлар бұған дейін де болған, ал операторлар радиожиіліктерді бұрын да бірдей шарттармен жалға алған, инвесторлар инфрақұрылымға салған қаржысын 10-15 жылда ақтауды жоспарлап келді. Демек, мұндай ұзақмерзімді инвестициялар тарифті кенет құбылтып, жыл сайын шұғыл көтеруге себеп емес. Осы тұста, «оператор жаңа серверлер сатып алды екен деп, келесі күні тарифті өсіруге еш негіз жоқ» дейді Ш.Сабиров. Компаниялар тариф қымбаттауымен қатар кей жоспарда қосымша гигабайттар берілетінін жарнамалай бастады, бірақ сарапшылар мұны көзбояушылық деп есептейді. «Баға өссе, сапа да өсуі тиіс логикаға салсақ, қазіргі жағдайда олай болмай тұр. Қызмет жақсартудың орнына абоненттер сұрамаған қосымша трафик ұсынып құтылғысы келеді» дейді Сабиров.
Расында, 10 ГБ орнына 15 ГБ бергенмен, желі сапасы нашар болса, бұл тұтынушы проблемасын шешпейді. «Адамдар гигабайттың көбейгенін емес, қалыпты байланыс пен жылдам интернетті қалайды» деп түйіндейді маман.
Нарық ойыншылары жиі айтатын тағы бір уәж – желіні дамытуға салынған инвестициялардың көлемі үлкен. Соңғы үш жылда шынымен де операторлар 4G/5G желілерін жаңартуға миллиардттаған қаржы құйғанын айтады. Мәселен, Beeline 2020 жылдан бері Қазақстанда желілеріне 300 млрд теңгеден астам қаржы жұмсағанын хабарлады, ал Tele2/Altel соңғы екі жылда 255 млрд теңгеге 1500-ге жуық базалық станция салғанын мәлімдеді. Kcell компаниясы да 2023-2025 жылдары 2242 жаңа 5G станциясын іске қосып, осы бағытқа 300 млрд теңге инвестиция құйғанын жариялады. Үкіметтің дерегінше, осы жобалар нәтижесінде Қазақстан мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте 8 сатыға жоғарылап, 49-орынға шыққан. Дегенмен, бұл инвестициялар абоненттер сезінер сапаға айналды ма? Тәжірибе, өкініштісі сол, олай еместігін көрсетеді. 5G базалары көбіне ірі қалаларда пилоттық жоба күйінде қалса, шалғай өңірлерде 3G/4G-дың өзі толық қолжетімді емес. «Қазақстандағы мобильдік инфрақұрылым бүгінде шекті деңгейде жұмыс істеп тұр» дейді телеком-сарапшылар. Олар желілердің жүктемесі 100%-ға жақындап қалды, сондықтан байланыс үзіліп, деректер беру баяулайтынын айтады. Бұл – өткен жылдары дер кезінде жаңғыртуға қажетті қаржы бөлінбеуінің салдары. Ш.Сабировтың айтуынша, тиісті кеңейту жұмыстарын 4-5 жыл бұрын қолға алу керек еді, қазір инфрақұрылым мүмкіндігінің шегіне жетіп, зорға шыдап тұр. Түсінуімізше, қазіргі тариф өсімін «желіні жаңартуға мәжбүрлі инвестиция» деп түсіндіргенде, шын мәнінде ол – кеш қалған инвестицияның өтеуі.
Байланыс сапасы неге талапқа сай болмай отырғанын халықаралық салыстырулардан да аңғаруға болады. 5G дәуірі әлемде басталып кеткенде, Қазақстан бұл үрдістен кенже қалды. Мысалы, Қытайда небәрі 2,5-3 мың теңгеге жүздеген гигабайт трафикті қамтитын шынайы 5G қызметін пайдалану – қалыпты жағдай. Ал Қазақстанда сол 2-3 мың теңгеге небәрі бірнеше гигабайт берілетінін, оны абоненттер «саусақпен санап» пайдаланатынын айтқанда мамандар «біз деректерді тұтыну көлемі жағынан әлі өткен ғасыр деңгейінде тұрмыз» деп ашынады. «Әлем жүздеген гигабайттар дәуіріне өтті, біз болсақ мегабайттарды қайда жұмсасам деп отырамыз» дейді сарапшылар. Отандық операторлар келер жылдары байланыс жылдамдығын арттыру, IPv6 сияқты жаңа технологиялық шешімдерді енгізу туралы жоспарларын айтып отыр. Алайда, сарапшылардың болжауынша, алдағы жылы да қызмет сапасында айтарлықтай серпіліс болмайды.
– Өйткені бар инфрақұрылым заманауи сұранысты көтеруге дайын емес. Соған қарамастан баға өсе береді – бұл жөнінде бәсекелестік нарық қалыптасып, жаңа операторлар пайда болғанша, аса оптимизм жоқ. Өкініштісі сол, көңіл жұбатар жаңалық болмайды, қызмет сол қалпы немесе нашарлай береді, ал оның құны өсе түседі, — дейді Ш.Сабиров.
Осы ретте нарықтағы бәсеке деңгейіне жеке тоқталу керек. Тарифтердің қолжетімділігі мен қызмет сапасы көп жағдайда операторлар арасындағы бәсекелестікке тәуелді. Қазақстанда бірнеше жыл бойы ұялы байланыс нарығы іс жүзінде екі ірі ойыншының қолында болды. Kcell және Tele2/Altel компанияларының бақылау пакеттері мемлекеттің еншілес ұйымы «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі еді. Ал Beeline Kazakhstan шетелдік жеке оператор ретінде жалғыз тәуелсіз бәсекелес болып келді. Мұндай құрылым, әрине, нарықтағы шынайы бәсекені шектеп, операторлардың тариф саясатында ашық емес келісімдерге баруына жағдай жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды сынға алып, байланыс саласын «демонополизациялауды» тапсырды. Нәтижесінде 2024 жылы мемлекет Tele2/Altel операторын жеке инвесторға сату процесін бастады. 2025 жылғы қаңтарда «Қазақтелеком» Mobile Telecom-Service компаниясындағы 100% үлесін Катардың Power International Holding фирмасына 1,1 млрд долларға сатып, нарықтан шығып отыр. «Бұл келісімнің нәтижесінде Қазақстандағы үш мобильді оператор (Tele2/Altel, Kcell, Beeline) бір-бірінен бөлектеніп, өзара бәсекелес нарық қалыптастырады. Бұл қызмет сапасын жақсартып, бағаны әділ деңгейде орнатуға әсер етеді» деді сол кезде «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин. Расында, мемлекет осылайша Tele2/Altel-ді жекеге өткізіп, ұялы байланыс саласындағы монополияны азайтты. Енді Kcell де толық бәсеке жағдайында жұмыс істеуі үшін «Қазақтелекомның» Kcell-дегі 51% үлесін бөлу мәселесі көтерілуде. Яғни таяу жылдары Kcell компаниясы да жекеменшікке өтуі мүмкін, бұл бәсекені тағы күшейтпек. Сонымен бірге, төртінші оператордың пайда болуы ықтимал. Мысалы, «Транстелеком» компаниясы ұялы байланыс нарығына кіру ниетін білдіргені белгілі. Виртуалды операторлар да болашақта аздаған үлес алуы мүмкін, олар қазірдің өзінде кейбір арзан пакет-сервис ұсынуды бастады. Қорыта айтқанда, монополиядан арылту шаралары енді ғана жүзеге асып жатқандықтан, байланыс операторлары арасындағы шынайы бәсеке жақын арада артатын сыңайлы. Бұл, мүмкін, тарифтер өсімін тежеуге және сапаны көтеруге түрткі болар. Ал әзірге, тұтынушылар «соқыр» әрі «мылқау» кейпінде, бірақ халықты ашуландыруға болмайды.
ТҮЙІН. Соңғы үш жылда Қазақстанның ұялы байланыс нарығында болған оқиғалар, бір жағынан, экономиканың жалпы ахуалының көрінісі десек, екінші жағынан салалық басқару мен бәсекенің олқылығын да ашып берді. Бірнеше жыл ішінде тариф құны едәуір өсті, операторлар мұны салықтың, инфляцияның, қымбат техниканың шырмауына жапса, тәуелсіз сарапшылар «мұның көбі – монополияланған нарықтағы өзара ымыраның нәтижесі» деген байлам айтуда. Расында, егер бұрын екі ірі оператор бір қолда болып, үшіншісі жеке-дара үстемдік етіп келсе, бағаны келісіп көтеруге мүмкіндік болғаны жасырын емес. Енді мемлекет сол жағдайды өзгертуге кірісті, нарық ойыншылары жекеменшікке бөлініп, бақталастық орта құру талпынысы бар. Жаңа бәсеке шынымен де тарифтерді «тәубесіне» келтіре ме, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді. Бұдан шығудың жолы – абонентке ашық есеп беру, шынымен қажет инвестицияларды дер кезінде жасап, сапаны сезіндіру әрі нарықта әділ бәсеке орнату. Қазірше, өкініштісі сол, «байланыс қаншалықты нашар болса, бағасы соншалықты қымбаттап жатқан» күндерді бастан кешіріп жатырмыз. Бұл күн ұзаққа созылмайтынына, жақын болашақта әрбір төленген теңге өз бағасына сай қызмет пен жылдамдық болып қайтатынына үміт артамыз. Жаңа жыл басталып жатыр ғой, жақсылыққа сенейік.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Инфографиканы жасаған автор
Коллаж: жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!