Елімізде заңды тіркеуден өткен әрбір жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік салық төлейді. Ол салық мөлшері кәсіпкердің табысына тікелей байланысты. Сол үшін кәсіпкерлер түскен табысты арнайы кассалық аппаратқа енгізіп, түбіртек (чек) шығарып отыруы тиіс. Ол әрбір жеке кәсіпкердің табысын көрсететін базаға енгізіледі. Алайда соңғы кездері көптеген кәсіпкер айлаға басып, табысын аз етіп көрсету үшін қаражатты қолма-қол қабылдайды, бірақ түбіртек бермейді. Тіпті, дүкендердің өзінде төлем карталарын пайдаланбай, QR-ды жасырып қоятындар бар. Олар тек тексеріс барысында ғана көрсетіп қояды. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ мемлекеттің заңды салығынан заңсыз түрде «сытылып» кетіп жатқандардың ісін көргенде еріксіз көңілің түседі. Хош. Үлкен сауда үйлеріне тағар айып жоқ. Ондағы жүйе цифрландырылған. Бірақ, кәсіпкер атанып, дүкен ашып, болмаса басқа да сауда түрімен айналысып жатқандардың осындай келте қарекеті бара-бара ауқымды мәселеге айналуы мүмкін. Бұл жағдайды екі тараптан қарауға болады. Дегенмен, мұндайда тұтынушылардың құқығы не үшін? Сол үшін қала орталығындағы дүкендерге кіріп, түбіртек беруін талап етіп көрейік дедік. Нәтижесі мынадай болды.
Жұмыстан қайтып келе жатқанда Қазыбек би көшесінің бойындағы біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан дүкенге кіріп, су мен тіскебасар алдық. QR-ды ашып беруді сұрағанда «Перевод немесе наличка ғана қабылдаймыз» деп, шектеу қойды. Көз алдымызда бірнеше екінші деңгейлі банктің төлем аппараты тұрса да, үнсіз ғана қолма-қол төлем жасауға тура келді. Түбіртек сұрағанымызда «оны не істейсің?» деп айғайға басқалы тұр еді, үнсіз шығып кеттік. Бұл жерде тұтынушылардың қандай кінәсі бар? Бір емес, екі тараптың «жерге жығылғанын» байқаймыз. Тұтынушының құқығына қолсұғушылық пен мемлекеттік салықтан жалтару фактісі болған жерде ұзақ тұруға мұршамыз болмады. Дүкеннің түр-түсін жария етпегеннен кейін ешқандай тиісті орын жанын салып, іске кіріспейтіні рас. Сонда да қазіргі уақытта кәсіпкерлерді тексеру жұмыстарына қарқын керек.
Орталық алаңды шолып шығып, халықтың көп шоғырланатын жеріндегі дүкенге кірдік. Бірер зат алып, төлем әдісін QR арқылы жасайтынымызды айтқанда амалсыздан құрылғыны көрсетті. Оны жасырып қоятындардың да бар екенін білдік. Сонда, қанша қаражат құртып, төлем жүйесіне жеңілдік жасап, картамен қабылдау жүргізуді жасап отырғанда рақатын тұрғындар көрмесе, кім үшін керек? Неге бұлай істейді екен десең, түбіртек шыққанда төлейтін салықтың саны артып кетеді-мыс. Жаттанды жауапты алуға тырыспадық. Мұнан бөлек, кейбір дүкеннен «күніне мынша көлемде түбіртек шығаруым керек, артық шығаруыма болмайды» деген жауап та алдық. Мұнан кейін не дейміз?
«Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңның 7-бабы, 3-тармағы, 9-бөлігінде сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде жасалған шартты алуға құқылы екеніміз айтылған. Тиісінше зат алған дүкеннен түбіртек алмаған жағдайда оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткенде немесе айырбастау қажет болғанда ештеңені дәлелдей алмаймыз. Себебі заңды құжат жоқ.
Өткен жылы жауапты министрлік Тұтынушылардың құқықтарын бұзу бойынша 30,2 мыңнан астам өтінішті қараған. Ал биыл оның саны 20%-ға артқан. Алдыңғы аптада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков брифинг берді. Оның айтуынша, өтініштердің ең көп өсімі мына салаларда болған екен. Қоғамдық тамақтандыру – 188%-ға, көлік қызметтері – 143%-ға, медициналық қызметтер – 113%-ға, байланыс қызметтері бойынша түсен өтініштер саны 102%-ға артқан. Сонымен бірге ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін трансформациялаудың басталғанын мәлімдеді. Оған төмендегідей инновациялар қарастырылған.
Бірінші – ТҚҚ мәселелері бойынша омбудсмен институтын енгізу. Негізгі міндет – тұтынушылардың құқықтарын қоғамдық қорғауды институционалдық күшейту.
Екінші – тұтынушылардың шағымдарын қараудың 4 сатылы алгоритмін 2 сатыға дейін жеңілдету, басты мақсат – тұтынушылардың пайдасына құқықтарды қорғау саласындағы бюрократиялық кедергілерді азайту.
Үшінші – кәсіпкерлік субъектілерін тұтынушының заңды талаптарын сапалы орындауға ынталандыру мақсатында соттың шешімі бойынша тұтынушының пайдасына айыппұл түрінде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізу.
Төртінші – тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың базалық қағидаттарын коммуналдық, көліктік, медициналық, туристік, байланыс қызметтері және өзге де қызметтер салаларына тарату. Міндет – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқық қолдану аясын кеңейту.
Бесінші – онлайн-сауда сегментіндегі және жалпы электрондық коммерция нарығындағы заңнамалық олқылықтардың орнын толтыру.
Осыдан кеп, мынадай бастамалар қажет екені байқалады. Тұрғындарға тұтынушының құқықтары туралы түсіндірме жұмысын үйлестіру керек. Құқықтық сауаттылық жағынан білімді болмасақ та, күнделікті сауда жасау жағынан өз құқын білген адам ештеңеден ұтылмайды. Дей тұрғанмен, түбіртекті талап етудің де өзінің ережесі бар. Сатушы мен сатып алушы саудадағы жұмыстарды заң аясында іске асырған жағдайда ғана тәртіп сақталады. Біздікі тек көлеңкелі күнкөріс күйттеліп кетпесе екен деген ой ғой.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!