Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғын үйлер неге 5 қабаттан аспайды?

11.01.2024, 11:40 789

Соңғы жылдары Қызылорда қаласы алып құрылыс алаңына айналды. Мұны облыстағы құрылыс нысандарының әр жерде бой көтеруінен-ақ байқаймыз. Тіпті, өткен жылы құрылыс саласында өңіріміз республика бойынша үздіктер қатарында болды. Оған дау жоқ, десе де құрылысқа қатысты бір «бірақ» бар. Ол – кірпіші қаланған көпқабатты үйлердің көпшілігінің 5 қабаттан аспайтыны. Әрі олардың басым бөлігі қызыл кірпіштен және бір-біріне өте ұқсас архитектурамен салынады. Тұрғындар арасында аула ішіндегі жолдың өте тар екенін  айтатындар  да  көп.

– Кейде «5 этаждан жоғары үйлерді не істейміз, сол бізге керек пе?» деп ойланамыз. Өйткені, ең біріншіден, сапа болуы керек. Қазіргі салынып жатқан үйлер­дің ауласындағы жолға екі көлік сыймайды, үйдің бөлмелері тар, жалпы алғанда «проектісі» нашар, содан басқа архитектуралық үлгі жоқ сияқты.

5 этаждан жоғары үйлер салмағаны дұрыс та секілді. Себебі, осының өзіне су көтерілмейді. Көпқабатты үйлерде тұрып  жатқандардың  көбі, тіпті бәрі насос пайдаланады, – дейді  Бауыржан  есімді  қала  тұрғыны.

Жалпы, көпқабатты үйлерді салудың да өз заңдылы­ғы бар. Жеделсаты қоюдың өзі көп қаржыны қажет етеді. Білетіндер «құрылыс мекемелері сондықтан өзіне ыңғайлы, шығыны аз үй тұр­ғызғанды қалайды» дейді.

Жақында ғана Қызылорда облысының әкімі өңір­дегі құрылыс нысандарының жобаларын талдайтын кеңес жұмысын қайта жандандыруды тапсырды. Еске салсақ, аймақ басшысының тапсыр­масымен құрылыстардың тиімділігін әрі сапасын қадағалайтын арнайы кеңес құрылған болатын. Онда салынатын нысанның сапасы, орналас­атын  жері, халыққа  қажеттілігі жан-жақты талқыланып,  тиімділері  ғана  қолдау  таппақ.

Қалай десек те, «үйлерді 5 қабаттан асырса, Қызыл­орданың жері көтермейді» дегеннің миф екенін көп­шіліктің ұғатын уақыты жеткен сияқты. Осы күні аймақ­та 7 қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр.

– Тұрғын үй құрылысын салу барысында барлық құрылыс талаптары ескеріледі. Қазіргі таңда Сол жағалау тұрғын ауданында 7 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде, – деп  хабарлады «Ашық Қызылорда» парақ­шасы.

Бұған  дейін  Қызылорда  қаласының  Сол  жаға­лауынан 2022-2023 жылдары мемлекеттік бағдарлама аясын­да 9 және 12 қабатты үйлер салынады деген ақпарат  тараған болатын. Десе де, тұрғындар әлі күнге дейін 5 қабатты, инкубатордан шыққан секілді барлық жағынан бір-біріне ұқсас үйлердің ғана құрылысын көруге мәжбүр. Одан қалды құрылыс сапасы да «мінберден»  жиі-жиі  көтеріліп  тұрады.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс саласының маңызды мәселелері талқыланған жиында әрбір жаңа құрылыстың сапасына қала және аудан әкімдерімен қатар, салалық басқарма басшылары да жауапты екенін қатаң ескерткен еді. Жалпы, нысанның орналасқан жеріне, тұрғындарға қолжетімді болуына, кент және ауылдық аймақтардағы көшелермен үйлесім табуына қала және аудан әкімдері тікелей жауапты екені рас.

Жалпы, Қызылорда облысында 2023 жылы  177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артқаны туралы дерек бар. Ал 2024 жылы 110 нысанды салуға 94,5 млрд теңге бөлініп отыр.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: