Бірі білсе, бірі білмейді, су ресурстарына қатысты мәселе бүгінде экологиялық шеңберден шығып, геосаяси және ұлтық қауіпсіздік төңірегіндегі түйткілге айналып отыр. Рас, мамандардың айтуына сенсек, климаттың өзгеруі, халық санының артуы, сондай-ақ табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану ешкім күтпеген су тапшылығы қаупін тудыруы әбден мүмкін. Өкініштісі сол, бұл жаһандық үрдіс Қазақстанды да айналып өтпек емес. Соңғы жылдары ел аумағындағы өзен-көлдердің тартылуы, трансшекаралық суларға тәуелділіктің күшеюі қоғам мен билікті алаңдатпай қоймады.
СУ – XXI ҒАСЫРДЫҢ БАСТЫ РЕСУРСЫ
Бәріміз білетіндей, су – адамзат үшін ауадан кейінгі ең маңызды табиғи ресурс. Алайда бүгінде бұл тіршілік нәрінің өзі барлық жерде жеткілікті болмай отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша әлем халқының шамамен жартысы су тапшылығын сезінеді, ал 2,2 миллиардтан астам адам қауіпсіз ауызсуға қол жеткізе алмайды.
Судың тапшылығы бірнеше фактордың әсерінен туындап отыр. Біріншіден, демографиялық өсім салдарынан тұщы суға сұраныс күннен-күнге артып келеді. Болжамға сенсек, әлем халқы 2030 жылға қарай шамамен 8,3 миллиард адамға жетуі мүмкін. Бұл жағдай судың тапшылығын едәуір күшейтеді. Екіншіден, урбанизация процесі қала тұрғындарының саны мен олардың экономикалық-әлеуметтік белсенділігі артуына әкеліп, суға деген сұранысты айтарлықтай көбейтеді-мыс. Әлемдік урбан тұрғындардың саны 2050 жылы тағы да едәуір өседі деп бағалауда.
Сонымен бірге, климаттың өзгеруі де жаһандық су айналымына әсер етіп, жауын-шашын және қар жамылғысы өзгерістеріне, құрғақшылық пен құрғақ аймақтардың ұлғаюына алып келеді. Ал бұл өз кезегінде су ресурстарының қолжетімділігін одан әрі шектейді.
Осылайша, судың тапшылығы экологиялық мәселе ретінде ғана қаралмай, қоғамның әлеуетті күрделі әлеуметтік, экономикалық және саяси проблемасына айналуда.
ЖАҺАНДЫҚ АХУАЛ. СУ ҮШІН БӘСЕКЕ БАСТАЛДЫ МА?
Соңғы онжылдықта су тапшылығы абстрактілі болжаммен қатар, геосаяси маңызды факторға айналғанын жоғарыда атап өттік. Мұны әлемнің әр еліндегі нақты кейстер айқын көрсетіп отыр. Қысқаша шолып өтейік.
Мәселен, Ніл өзені төңірегіндегі Эфиопия, Судан және Мысыр арасындағы текетірес су ресурстарының мемлекетаралық қарым-қатынаста қаншалықты шешуші рөл атқара бастағанының айқын мысалы деуге негіз бар. Атап айтқанда, Эфиопия салған «Қайта өрлеу» бөгеті Мысыр үшін экзистенциалды қауіп ретінде қабылданып отыр. Өйткені, елдің тұщы суының 90 пайыздан астамы дәл осы Нілге тәуелді.
Тағы бір анық мысал – Тигр мен Евфрат өзендері. Түркияның су қоймаларын салуы төменгі ағыста орналасқан Ирак пен Сирияда ауыл шаруашылығының құлдырауына, әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келді. Дүниежүзілік банк сарапшылары бұл аймақтағы су тапшылығы кедейлік пен көші-қонды күшейтіп, қақтығыс қаупін арттырып отырғанын бірнеше рет атап өткен.
Алысқа барып не керек, Орталық Азия да бұл үдерістен тыс қалып отырған жоқ. Дәлірек, Әмудария мен Сырдарияға тәуелді елдер арасындағы су бөлу мәселесі жыл сайын күрделене түсуде. Кеңес дәуірінен қалған су-энергетикалық тепе-теңдік жүйесі бұзылғаннан кейін, су жоғары ағыста – энергетикалық, төменгі ағыста – аграрлық ресурсқа айналды. Бұл қайшылық суға деген бәсекені едәуір күшейтіп отыр.
UNESCO-ның World Water Development Report атты есебіне сәйкес, су тапшылығы локальды немесе аймақтың қақтығыс қаупін күшейтіп отырғаны айқын көрсетілген. Осы орайда UNESCO бас хатшысы Одри Азулей:
– Судың тапшылығы артуымен аймақаралық және жергілікті қақтығыс қаупі де өршиді. Біз бейбітшілікті сақтау үшін суды тиімді әрі әділ басқаруға міндеттіміз, — дейді өз кезегінде.
UNESCO-ның UN-Water атынан жариялаған жаңа баяндамасына сәйкес, бүгінде әлемде 2,2 миллиард адам қауіпсіз ауызсуға қол жеткізе алмай отыр, ал 3,5 миллиард тұрғын санитариялық қызметтің тиісті деңгейінен тыс қалған. Бұл деректер БҰҰ-ның 2030 жылға дейін баршаға таза су мен санитарияны қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына жету әзірге тым алыс екенін аңғартады. Тіпті қолданыстағы теңсіздік алдағы жылдары одан әрі ушығуы мүмкін деген қауіп бар.
2002–2021 жылдар аралығында құрғақшылық 1,4 миллиардтан астам адамға тікелей әсер етті. Ал 2022 жылғы жағдай бойынша әлем халқының шамамен жартысы жыл бойының белгілі бір кезеңінде су тапшылығын өткір сезінсе, әрбір төртінші адам аса жоғары күйзелісі жағдайында өмір сүріп отыр. Яғни олар жыл сайынғы жаңаратын тұщы су қорларының 80 пайызынан астамын тұтынады. Сарапшылардың болжамынша, климаттың өзгеруі мұндай құбылыстардың жиілігі мен ауырлығын арттырып, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қатер төндіреді.
Су тапшылығынан ең алдымен қыздар мен әйелдер зардап шегеді. Алғашқы салдары – тұрмыс жағдайының нашарлауы, азық-түлік қауіпсіздігінің әлсіреуі және денсаулыққа төнетін қатердің өсуі. Сонымен қатар, су жетіспеушілігі әлеуметтік даму процесіне де кері әсер етеді. Әсіресе ауылдық аймақтарда су тасу міндеті көбіне әйелдер мен қыздардың мойнында. Олар бұл іске күн сайын бірнеше сағатын жұмсайды. Су көздерінің азаюы бұл ауыртпалықты еселей түсіп, әйелдердің білім алуына, экономикалық белсенділігіне және жеке қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал. Мұндай жағдай қыз балалардың орта және жоғары сыныптарда оқудан шығып қалу деңгейінің ұлдармен салыстырғанда жоғары болуына да ықпал етуі мүмкін.
Су қауіпсіздігінің болмауы көші-қонның да маңызды себептерінің бірі ретінде аталып отыр. Адамдардың қоныс аударуы жаңа аймақтардағы су жүйелеріне қосымша салмақ түсіріп, онсыз да тапшы ресурстарға қысым жасайды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленісті күшейтеді. Мәселен, Сомалиде жүргізілген зерттеу су тапшылығына байланысты қоныс аударғандар арасында гендерлік зорлық-зомбылық деңгейі 200 пайызға артқанын көрсеткен.
Қорытындылай келе, БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің бірлескен бағалауы бойынша алдағы онжылдықтарда су тапшылығы экономикалық өсімді тежеуші басты факторлардың біріне айналмақ. Сарапшылардың айтуынша, су жетіспеушілігі кей елде ЖІӨ-нің 6-10 пайызына дейін жоғалту қаупін төндіреді. Бұл көрсеткіш судың енді экологиялық мәселе шеңберінен шығып, экономика мен саясаттың өзегіне айналғанын аңғартады.
ЕЛДЕГІ АХУАЛ. ҚАЗАҚСТАНДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ БАЙҚАЛА МА?
Әңгіменің ашығы, елімізде бұрын-соңды су тапшылығы жоқтай көрінген. Қысқасы, ешкім бұл мәселені жөнді қаузаған жоқ. Шенді де, тілші де. Бірақ та былтырдан бастап су мәселесі ашық айтыла бастады. Солардың бірі – депутаттық мандатта сөз сөйлеген Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, географиялық тұрғыда бізде табиғи судың анау айтқандай үлкен қоры жоқ және негізгі су айдындарының көздері шекаралас мемлекеттердің аумағында орналасуы себепті біз барлық су ресурсын мүлде үнемсіз пайдаланып отырмыз.
– Суарудың тиімсіз әдістері, суару құрылымдары бұзылған және дренаж жүйелерінің болмауы судың жоғалуына және суармалы жерлердің тұздануына әсер етуде. Су нысандары өнеркәсіп кәсіпорындарының және қалалардың коммуналдық қызметтерімен қарқынды ластануда.
Осы проблемаларды толыққанды шешу үшін жаңа Су кодексіне құқықтық тетіктер енгізу қажет. Себебі Мәжіліске «Су кодексінің» жобасы шикі болып кірді. Қазірдің өзінде депутаттар тарапынан 500-ден астам ұсыныс енгізілді, — деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ депутат осы ұсыныс негізінде «Су кодексі» концепциясын жүзеге асыруға қолдау сұрайтынын айтты.
– Бүгінде жұмыс тобы аясында Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері арасында нақты диалог құрылғанын, біздің Отанымыздың игілігі мен қауіпсіздігі үшін бірлескен жұмыс істейтінімізді түсіну және өзара әрекеттесу нүктелері бар екенін атап өткім келеді. Еліміздің су қауіпсіздігі мемлекеттік басқару жүйесіндегі стратегиялық маңызды аспект және елдің ұлттық қауіпсіздігін, оның ішінде азық-түлік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларының бірі болып саналады.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Су кодексі» жобасының концепциясын қолдауларыңызды сұраймын, — деді ол.
Ал енді нақты дәлел мен дәйекке, статистикаға көз жүгіртейік.
Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанның әр үшінші өңірінде су тапшылығы сезіледі, ал бұл жағдай климаттың өзгеруі мен адамның қарқынды шаруашылық қызметі әсерінен одан әрі нашарлауда. Су тапшылығы тек экологиялық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға айналуда.
Қазақстан Республикасының География және су қауіпсіздігі институты еліміздің жылдық өзен ағынының жалпы қорын 102,3 текше шақырым деп бағалайды. Бұл көрсеткіш 1974-2015 жылдар аралығындағы орташа мәнге негізделген. Су қорларының шектеулі болуының себебі – континенталь климат, яғни жауын-шашынның аздығы және жаздың ыстық болуы. АҚШ Орталық барлау басқармасының 2020 жылғы бағалауынша, Қазақстан 185 елдің ішінде 66-орында тұр.
Қазақстанда өзен ағындары суды шаруашылық бассейндерінде (СШБ) пайдалану негізінде бөлінеді. Дегенмен, көлем біркелкі емес: Ертіс пен Балқаш-Алакөл бассейндері елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында 61% су қорын шоғырландырады, ал Арал-Сырдария мен Шу-Талас бассейндері – сәйкесінше 18% және 4%, Жайық-Каспий — 11%. Солтүстік пен орталықтағы Есіл, Тобыл-Торғай және Нұра-Сарысу бассейндері тек 6%-ды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Қазақстанның жаңартылатын су қорларының шамамен жартысы көршілес елдерден келетін ағындарға тәуелді. Мысалы, Арал-Сырдария СШБ-де судың 90%-ы, Жайық-Каспийде 80%-ы, Шу-Таласта 75%-ы сыртқы ағындарға негізделген. Бұл трансшекаралық өзендерге тәуелділікті айқындайды: Ертіс пен Іле – Қытайдан, Сырдария – Өзбекстан мен Қырғызстан арқылы, Жайық – Ресейден, Шу мен Талас – Қырғызстаннан бастау алады.
Сарапшылардың айтуынша, су тапшылығынан ең алдымен суды көп қажет ететін экономика салалары зардап шегеді. Орталық Азиядағы су шаруашылығы мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығының жетекші сарапшысы Құралай Яхияева:
– Суды көп қажет ететін, ауылшаруашылық дақылдарын өсіретін шаруалар Қазақстанда су тапшылығын тек маусымдық деңгейде сезінеді. Шілде-тамызда, суарудың шарықтау кезінде, олар 10-нан 20 күнге дейін ылғал жетіспеушілігін бастан кешіреді, — дейді.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша 2020-2022 жылдары ауыл шаруашылығы жалпы судың 60%-ын пайдаланды. Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында (Арал-Сырдария, Шу-Талас бассейндері) суармалы жерлердің жартысы шоғырланған, олардың су қорының 95%-дан астамы тек ауыл шаруашылығына жұмсалады. Өнеркәсіп судың 24%-ын пайдаланады, әсіресе Нұра-Сарысу бассейнінде Қарағанды және Ұлытау облыстарының өндірістік салалары үшін маңызды.
2030 жылдан кейін Қазақстанды қандай су болашағы күтіп тұрғаны әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Дүниежүзілік ресурстар институтының болжамы бұл белгісіздікті сейілтпейді: 2050 жылы су күйзелісі төмендемей, ал 2080 жылға қарай ел су тапшылығы жоғары аймақтардың қатарына өтуі мүмкін. Яғни мәселе бір маусымның немесе бір саланың проблемасы емес, мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығына төнген қатерге айналып барады. БҰҰ деректері де дабыл қағады, 2040 жылға қарай Қазақстан суға деген сұраныстың жартысын ғана қамтамасыз ете алатын жағдайға жетуі ықтимал. Ендігі сұрақ қабылданған бағдарламалардың бар-жоғы емес, олардың елді ең ауыр сценарийден алып шыға алатын нақты әсері бола ма, жоқ па дегенге тірелетін секілді.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!