Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәңіршілдік – қазақ халқының төл діні емес

24.09.2020, 11:20 1913

Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл – ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Аустралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған.

Л.Н.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымын­дағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдер­дің патшаларының атағы көбіне «Көктің ұлы», «Күннің ұлы», «Аспанның перзенті» боп аталғандығын «Древние тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғандығы ғылыми ақиқат.

Әлбетте, «Тәңірі сенімі», «Көк тәңірі» немесе «Тәңір­лік дүниетаным» бұл – бар, қалыптасқан мәдени құн­дылық. Біз бұны жоққа шығара алмаймыз және мәдени құндылық ретінде құрметпен қарауымыз керек.

Ал, біздегі кейбір азаматтарымыз тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, «дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед­, қасиетті кітабым – Құран» деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек. Әлде, Құдайды да жекешелен­діргілері  келіп  жүр  ме?..

Түркі халықтарының ешбірі «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екендігін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Себебі ол – күлкілі әрі надандық. Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған.

Тәңіршілдікті қайта жаңғыртумен қазақ даласы­нда онсыз да жағымсыз кейіптегі бақсы-балгерлердің санын көбейткісі келе ме, әлде, отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма? Тәңіршілдер дамыған ел, рухы  биік  азамат  болуды  қаламаса, тұқымы  құруға  аз  қалған  ханты, манси, чукчалар секілді ділі  мен  тілін  ұмытуды  көксей  ме? Тәңіршілдік – бұл дін емес. Тәңіршілдік – тек наным-сенім. Наным-сенімді дінмен шатастырмайық. Бабаларымыз  ғасырлар  бойы ислам­ дінін ұстанып келді. Қала берсе, әлемге әйгілі көптеген ғалымдарды шығарды. Отырар, Түркістан секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Иүгінеки, Хусамид­дин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, т.б. қазақ даласынан, ұлтынан шыққан ғұлама, ірі  тұлғаларды қай ұрпаққа  аманат  етпек?






Әркімнің де ақиқатқа таласы бары сөзсіз. Және әркімнің де өзі ақиқатын жүйелеп, көпшілік сарабына ұсынуға құқылы. Ал мұсылман ретінде біздің ақиқатымыз  бұл – ислам  ақиқаты.






Тарихи деректер бойынша VIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ даласына ислам дінінің келуімен түркі халықтарының арасында бұрын-соңды болмаған өрлеу мен даму басталды. Қалалар пайда болды, кітапханалар, ауруханалар, мешіттер, базарлар салынды. Өркениет пен мәдениет қарышты қарқынмен дамыды. Философия, логика, медицина, музыка, математика, астрономия, оптика, өнер, сәулет, музыка – бұның бәрі даму ренессансын бастан өткерді. Әлемдік масштабтағы ғылымдар мен өнерлер­дің негіздерін салған біздің аймақтан шыққан ғалым-мұсылмандар Ибн Сина, Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Әл-Бируни, Ұлықбек және тағы басқалар болды. Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан аумағында жиырма алты қала болған. Олардың арасында көптеген сауда, саяси­ және мәдени байланыстар болды. Оның үстіне, бүкіл аймақ «Жібек жолы» керуені арқылы­ әлемдік экономикалық және мәдени жүйеге енген. Өзара мәдени байыту мен алмасуды­ң тұрақты жаһандану процесі болды, өркениет өркендеді. Мұның бәрі ұлан-ғайыр кең дала халықтарын надандық зұлымдығы мен пұтқатабынушылық тираниясынан азат еткен Исламның арқасында мүмкін болған.

Әрине мұнан кейін де небір қилы кезеңдер болып, ата-бабаларымыздың мұсылмандығы таразыға  түссе де, ислам діні қазақ сахарасында­ өз ықпалын жоғалтқан емес. Мысалға, тәңір­шілдік  наным-сенімді ұстанатын моңғолдардың шапқыншылығына ұшырап, Шыңғыс ханның­  ұрпақтарының қол астында бір ғасырдай уақыт тіршілік етсе де, ата-бабаларымыз мұсылмандықтан түпкілікті қол үзіп кете алмады. Соның нәтижесінде Алтын Орда ханы Өзбек ханның (1312-1313жж.) тұсында қазақ даласын­да ислам діні мемлекеттік дәрежеге көтерілген болатын. Сол кезеңнен бастап ислам­ дініне дендеп енген, кейінірек правос­лавиелік Ресейдің қол астына өтсе де өзінің мұсылмандығына деген сеніміне шіркеу түсір­меген қазақтар Кеңестік дәуірге де мұсылман ұлт ретінде енген  болатын.

Зерттеуші Бекен Қайратұлы: «…отарлаушылар таңған тағы бір қисынсыз ұстаным – Тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділерге тән тұрмыстық салт ғана. Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбарыну сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты: халықты тек исламнан тайдыру еді.

Мысалы, ағартушы-миссионер Николай Ильмински­йдің «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды хрис­тиан дініне кіргізу оңай болады» деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия хатында жазылған дәлелді келтіріп, қазіргі таңда­ қазақ зиялыларының көбі тәуелсіздіктен кейін қоғамда пайда болған мұсылманшылықты сіңіре  алмауына  себеп  осы», – дейді.

Көріп  отырғанымыздай  жоғарыдағы тарихи­ деректерден «Тәңір», «Көк тәңірі» сияқты сөз­дерді   ескі  жазбалардан  кездестіргенімізбен, «Тәңіршілдік»  терминін  кездестіре  алмаймыз. Тәңіршілдік (тенгрианство) түсінігі  бізге XIX ғасырда келіп, қозғала бастағаны белгілі болды.

Қалай болса да, тарихи жеңіліске ойсырата ұшырап, келмеске кеткен көшпенділердің әлжуаз дүниетанымына сүйену – шүбәсіз күйреу жолы. Тәңіршілдердің арманы – қазақтардың көшпенді дәстүріне «табиғи, экологиялы, табиғат қорғаушы» өмір салтына қайта душар қылу. Ол тек мықты индустриалды елдерге ғана тиімді болып табылады. Өйткені оларға қойшыларды басып алу, басқару оңай болмақ.






Егер Тәңіршілдікті дін деуге келетін болса, оның қалыпты дін атаулыға тән пайғамбары немесе негізін салушы адамы­, кітабы немесе қасиетті мәтіні болуы тиіс, әрине ондайы жоқ. Сондықтан да оның нақты имани білімі мен жүйеленген шариғи заңдары да болға­н жоқ. Тек Тәңірлік сенімнің сарқын­шақтары ретінде қалған ырымдар мен ғұрыптар ғана сақталып, оған да шамандық ырым-тыйымдар, мен әдет-ғұрыптар мидай араласып  кеткен.






Егер тәңіршілдер таңғалатын «шаманизм-тәңіршілдік» болса түркі наным-сенімдерінің арасында тарих тұрғысынан бұрын-соңды болмаған, тіпті «шаман» сөзі түркі тілдерінде болмаған. Шаманизм солтүстік халықтар мен Сібірдің шағын халықтарының арасында кең таралған: чукча, камчадал, эскимос, коряктардың және т.б. сондай-ақ қазіргі моңғолдардың бір бөлігінің арасында өте көп кездеседі. Тәңіршіл топ тибеттік ламалар мен ламаизмге ашық бас июден ұялмайды. Тәңіршілдік, буддизм-ламаизм, шаманизм мен даосизм сияқты барлық қиыр шығыстық діндер әрдайым қазақтарға қарсы дұшпандық идеологияның қайнар көзі болғандығы, қазір де сондай болуы әрі сондай бола беретіндігі Қазақстанның нағыз ұлтжанды азаматына түсінікті болу керек.

Арабтар-мұсылмандар мен көшпелі түркі тайпаларының дүниетанымдары мен дүние қабылдауларының жақындығының арқасында ғана Ислам түріндегі Бірқұдайшылық біздің халқым­ызға келіп, мәңгіге қалды. Бірқұдайшылық діні өркениеттің көшпенді түрінің мәдени мұрасы болып табылады.

Тәңіршілдер ислам діни өркениетін ұялмай қаралап, оны ұлан-ғайыр кең далаға араб бас­қыншыларының күшімен орнатылған таяу шығыс­ семит тайпалардың мағынасыз рәсім­дердің жиынтығы ретінде көрсетеді. Яһуди, хрис­тиан мен мұсылмандар бірдей құрметтейтін библиялық пайғамбарлар мифтік кейіпкерлер ретінде суреттеліп, шайтандарға теңелген. Бұл Қытайдың Орталық Азияға кеңеюін тоқтату үшін Таластағы бес күндік шайқаста өз өмірін құрбан еткен қаһарман мен шахид мұсылмандардың ерлігін айқын келемеждеу болып табылады­.

Құранның арқасында біздің халқымыз ортағас­ырлық мифтер тұтқынынан және ырымшыл­дық пен соқыр нанымның шын­жырларынан құтылды, Құранның арқасында түркілер дамуда үлкен серпіліс жасап, қытай­ланудан құтыла алды, Құранның арқасында біз өз сәйкестігімізді жоғалтпай, Алаш арыстарының  жолын әлі де жалғастырудамыз. VIII, XIII, XVIII ғасырларда солай болды, бүгін де солай болуы керек.






Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқ­ы діні – Таухид діні еді. Ислам – Алла тағала тарапы­нан жіберілген соңғы әрі иләһи дін. Ислам­ діні өзінен алдың­ғы иләһи шариғат­тардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін бол­ғандықтан, Алла тағала мұнан басқа дінді қабыл етпейд­і. Бұл туралы өзінің кітабында былай деп ескертеді: «Шүбәсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам»[48, 3/19], «Кім исламнан  басқа бір дін іздесе, одан ол әсте қабыл етілмейді. Ол ақыретте­ зиянға­ ұшыраушылардан  болады» [48, 3/85].






Ұлттық заңнама шеңберінде діни сенім бостандығы құқығы біздің азаматтарға кез келген дінді ұстануға ерік береді. Алайда әңгіме жат идеологияның импорты, шовинизм мен зорлық-зомбылық культі, иррационалды және ғылымға қарсы доктриналарды насихаттау туралы­ болса, онда шынында қоғамдық нара­зылы­қ  қажет.

Бірақ, тәңіршілдік насихатының қауіптілігі сонда, бүгінгі таңда олардың насихаты нақты ислам дініне қарсы бағытталып, ислам дінін қаралаушылық сипатқа ие бола бастады. Тәңір­шілдік идеяның қазаққа әкелер тағы бір елеулі зияны – осының салдарынан онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азаматтардың бастарының біріктіруіне кедергі келтіруде. Сонымен қатар тәңіршілдердің көзқарасы антисемитизм, исламофо­бия, антихристиандық идеяларға толы және ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған деп көреді зерттеушілер.

Сондықтан да тәңіршілдік дініне де, оның жүргізіліп жатқан насихатына да немқұрайды қарауға болмайтынын ерекше ескертеміз.

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.

muftyat.kz 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: