Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың мәселесі сенатта көтерілді

19.09.2024, 11:20 641

Қызылорда   облысы – еліміздің ауыл шаруашылығында алдыңғы қатарда тұрған аймақтардың бірі. Бұл өңірдегі күріш алқаптары Қазақстанның күріш өнімінің 65 пайыздан астамын беріп, халықты негізгі тағаммен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, күріш алқаптарының астарында су тапшылығы, ескі техника және өзгермеген ескі тәсілдердің көлеңкесі жатыр. Мұны жақында Сенат мінберінде сырбойылық сенаторлар Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов ашық көтеріп, ауыл шаруашылығына шұғыл өзгерістер қажет екенін айтты. Бұл мәселе тек күрішпен шектеліп қалмай, өңірдің тағдырын анықтап отырған басты проблемалардың бірі екені  белгілі  болды.

Жалпылама  ауыл  шаруашылығы мәселелері  туралы     Қасым-Жомарт  Тоқаев  алғаш  мемлекет  басшысы қызметіне  кіріскен  сәтте  алғашқы жолдауында:  «Ауыл  шаруашылығы – біздің  негізгі  ресурсымыз,  бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы  өнімінің  көлемін  4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді» деп атап өткен болатын. Мәселе жан-жақты қаралып жүргенімен, шешім шығаруда кешеуілдеу танытып келеміз. Ауыл шаруашылығы – тек маңдай терді ғана емес, заманауи жүйелі технологияны, қыруар қаражатты, толық ықыласты қажет ететін сала. Ал, бұл үшін үздіксіз ұсыныстар айтылып, олқылықтардың орны толтырылуы тиіс. Айдың басында Руслан Рүстемов үкіметке салаға қатысты ұсынысын жеткізіп, шалғайдағы жұртшылықтың жайын тартқатты.

– Арал өңірінде орналасқан және елдегі аграрлық аймақтардың қатарындағы Қызылорда облысында экспорттық әлеуеті зор саланың бірі күріш шаруашылығы екендігі белгілі. Бұл ретте, күріш шаруашылығы азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де аса маңызды, себебі елімізде күріш жармасын тұтыну бидайдан өзге жарма түрлерін тұтынумен салыстырғанда  жетекші орынға ие. Қызылорда облысында егін шаруашылығын жүргізудің кезекті проблемасы – ғаламдық климаттың өзгеруінен пайда болып отырған су тапшылығы. Себебі, Қызылорда облысындағы егіс алқаптарының топырақ-мелиоративтік және гидрогеологиялық жағдайына байланысты қазіргі экологиялық ахуалды одан әрі күрделендірмеу үшін топырақты кезең-кезеңімен сумен шаю қажет. Өз кезегінде топырақты шаю үшін де көптеген мөлшерде су қажет, – деді Руслан  Рүстемов.

Сенатор сонымен қатар күріш және жем-шөп дақылдарының жаңа сорттарын өсірумен, сондай-ақ су және ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеумен айналысатын күріш шаруашылығы институтының ғалымдарының күш-жігеріне қарамастан, қаржының жеткіліксіздігі мен қажетті жабдықтың болмауына байланысты институттың мүмкіндіктері шектеулі болып қалатынын атап өтті.

– Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының зерттеулері мен ұсыныстары бойынша Қызылорда облысындағы күріш егісін, тіпті, су тапшылығы жағдайында да мелиорациялаушы дақыл ретінде кемінде 80  мың гектар деңгейінде ұстап тұру маңызды. Өйткені, күріш егістерін одан әрі қысқарту инженерлік-дайындалған жерлердің тұздануын апаттық деңгейге дейін өсіріп жіберуі мүмкін. Күріш өсіруді тоқтату екінші қайтара тұздану, батпақтану процестерінің шапшаң дамуына және ол жерлердің ауыл шаруашылығы айналымынан біржолата шығып қалуына алып келеді.

Мысалы, 90-жылдары шаруашылықтардың қаржылық жағдайлары төмен болуынан күріш егісі төмендеп, 64 мың гектарға егілген кезеңде ауыспалы егістіктің 46 мың гектары тұздану салдарынан айналымнан шыққан болатын.

Бүгінгі күні күріш институтының ғалымдары күріштің жаңа сорттарын шығарудан бөлек, малазықтық  басқа да ауылшаруашылығы  дақылдарының жаңа  сорттарын шығарып, олардың су, ресурс  үнемдегіш  технологияларын  зерттеп, өндіріске  ұсынуда, – деді  Р.Рүстемұлы.

Қазақстанда күріштің ғылыми зерттеулері мен жаңа сорттарын өндіруге осы саладағы жалпы өнім көлемінің 0,05%-дан азы бөлінеді, бұл дамушы елдердің де, тиімді ауыл шаруашылығы секторы бар елдердің көрсеткіштерінен де едәуір төмен. Осыған байланысты сенатор Үкімет басшысына қосымша ұсыныстарын жолдады.

– Арал өңірінде егін шаруашылығын тұрақты дамыту мақсатында Күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға, селекциялық және тұқым шаруашылығын жаңғыртуға арналған Мемлекеттік инвестициялық жобаны қолдауды, сондай-ақ,  су  тапшылығына бейімделген жаңа дақыл сорттарын шығару және су үнемдегіш агротехникаларды енгізу бойынша ғылыми-зерттеулерге қажетті қаржыландыруды, инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктерде қайта тұзданудың алдын алу үшін кешенді зерттеулерді қолдауды, жерасты суларын егін шаруашылығына пайдалануды зерттеп, ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуді қамтамасыз етуді сұраймыз,  – деп, ұсыныс  білдірді. 

Сыр  салысы  себілетін алқаптар  қазірде  күріш өсіретін  жер  ғана  емес, еліміздің ауыл  шаруашылығындағы  мәселелердің  айнасы  екені  айқын. Су жетіспеушілігі, техниканың тозуы, ғылымның кенжелеп қалуы – бәрі де  ауыл  шаруашылығымыздағы тереңде жатқан дағдарысты көрсетеді. Бұл мәселені бір-екі қарапайым шешіммен жойып жіберу мүмкін емес. Тозығы шыққан техникамен, ескірген жүйемен жаңа нәтиже көрсету мүмкін емес. Ол үшін шаруаларды қанай берудің қажеті жоқ. Шындық қарапайым. Егер бүгін нақты қадам жасамасақ, ертең Сыр өңірінің құнарлы жерлері тұз басып, халқымыздың дәстүрлі ауыл шаруашылығы қаңырап қалуы ғажап емес. Сенат мінберінде айтылған әр сөз бен ұсыныс әрекетке айналуы тиіс, әйтпесе бұл да кезекті босаң ұранның бірі болып қалады. Олай болмасын десек, іске көшейік.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: