Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария өзенінің тағдыры – 800 мың халықтың тағдыры

19.03.2021, 10:30 1696

HALYQLINE.KZ 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ.МАМИНГЕ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары басталған Әмудария мен Сырдария өзендері арнасының антропогенді қысқаруы мен негізсіз су шығындары салдарынан Үлкен Арал теңізі бір ұрпақтың көз алдында тартылды. Қызылорда облысы көлеміндегі орташа ылғалдылық 18% дейін төмендеп, жерасты суының денгейі төмен түсуіне байланысты Сырдарияның төменгі ағысындағы үш мың көлден, қазір 130-дай ғана сақталып қалды. Нәтижесінде жайылымдықтардың төрттен бірі өнімділігі күрт төмендетіп, 3 млн тоннаға дейін шөп өсетін табиғи шабындықтардан іс жүзінде айырылып қалу қаупі төніп отыр, жарамды жерлердің 13% жуығы табиғи өнімділігін жойып алды, аймақта шөлейттену процесі күшеюде.

Тек, Тұнғыш президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) ғасыр жобасы Қызылорда облысының экологиялық жағдайын жақсартып Кіші Арал 15 млрд текше метрден 27 млрд текше метрге жетті. Өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келіп, суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етуі жақсартылып, отыз мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік беріп отыр.

Алайда соңғы жылдары Қызылорда аймағында су тапшылығына қатысты қиын жағдай қайта туындады. Қызылорда облысының жер қорында 230 мың га суармалы, оның ішінде инженерлік жүйеге келтірілген 180 мың га жер бар. Суармалы жерлер жыл сайын кепілді өнім беретін, қайтарымы жоғары ауыл шаруашылығының алтын қоры ғана емес, ол-сол өңірлерде тұратын халықтың өмір – тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Осы суармалы жерлер тек каналдарды толтыру арқылы ғана егістікті суландырады. 15 мың шақырымнан астам каналдар шаруашылық ішілік суармалы және қашыртқы жерлері гидротехникалық жүйелер күйреудің алдында тұр. Осының барлығы судың барынша тиімсіз жұмсалуына, яғни жыл сайын 2 млрд текше метр су босқа ысырап болатындығын көрсетеді. Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің елдегі жалпы үлесі 16 % құрап, оның республикадағы су ағымының 43% тұтынады. Оның ішінде күріш егісінің көлемі 90 мың га жетті. 1 га күріш алқабына 33 мың текше метр су жұмсалу керек, 90 мың га – 3 млрд. текше метр су қажет.

Қазір Кіші Арал теңізінде 22 млрд текше метр су бар. Ол алдыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд текше метрге азайған. Тек былтырғы жылдың ішінде су тапшылығынан Қамбаш көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кетті. Кіші Аралдың осы деңгейін ұстап тұру үшін жылына Сырдария өзені арқылы теңізге кемінде жылына 2 млрд текше метр су түсу керек, тек ғана күріш және басқа да егістігіне 4,2 млрд текше метр су жұмсалады. Демек, алдағы 5-7 жыл бойы Сырдария суының деңгейі осы деңгейде болатын болса Кіші Арал теңізі тартылып өңірді экологиялық апатқа алып келеді деген сөз.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Сырдария өзенінің тағдыры – 800 мың халық тұрып жатқан Сыр елінің тағдыры. Су – тек тауар емес, өмірлік ресурс. Тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет бөлек саясатын ұстанып, көп жағдайда төменгі жақта орналасқан елдердің мүддесі ескерусіз қалды. Сондықтан да біріншіден, еліміздің су қауіпсіздігі үшін жоғарыда орналасқан өзендердің судың келуін қажетті уақытта реттеу келісіміне қол жеткізуде қандай кедергілер бар екені жіті зерттеліп, трансшекаралық су мәселесінде позициямызды әлсіретпей су дипломатиясы бағытында жұмыстар белсенді түрде, яғни Еліміздің су мүддесіне қарай екі жақты келісімнің, халқаралық заңдылықтардың барлық әлеуетін пайдаланып жүргізілсе дейміз.

Екіншіден. Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған Еліміздегі су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан да, суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи экожүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуы тиіс.

Үшіншіден, еліміз бойынша күріш саласындағы селекция жасайтын жалғыз Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары су ресурстарын үнемдеу мақсатында, суды аз талап ететін вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске еңгізумен қатар, күріштің үлесін азайтып, суармалы жерлерді әртараптандыру дақылдарын орналастыруға қатысты ғылыми негізделген ұсыныстар жасауда. Бірақ ҒЗИ-на мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілмесе ол банкрот болудың алдында тұр.

Төртіншіден. Алдағы болжамдар су тапшылығы күрделене түсетіндігін көрсетеді. Бұл – Қызылорда облысы үшін үлкен қауіп. Мәселені қалай шешу керек? Орасан зор су қажет ететін күріш алқабын қысқарту қажет пе, әлде Сыр өңірінің ауыл шаруашылығын тез арада әртараптандырудың шаруалар үшін тиімді тетігін жасау керек пе? Үкіметтің нақты ұстанымы қандай?

Құрметпен,

М.БАҚТИЯРҰЛЫ

А.ӘЛНАЗАРОВА

Н.ЖҮСІП

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: