Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария неге сарқылып барады?

09.10.2025, 12:00 215

Сырдария  өзені  бүгінде  кенезесі  кеуіп, күннен-күнге  тартылып  жатыр. Бір кездері дауысы  анадайдан гүрілдеп жататын  жарықтық  демін  ішіне тартып, бүк түсіп  жатып  алғандай әсер етеді.

Кімнен, қалай, не себеп мына халің?

Сен мұңайсаң, қалайша жұбатамын.

Етегіңде еріксіз толқып тұрмын,

Толқыныңды өйткені ұнатамын, — деген ақын Мамыр Байдәулетовтің өлеңдері еріксіз ойға орала берді мұндайда.

Таңдайында «тамшы су қалмаған» дария табанында тұрамыз деп кім ойлаған? Кезінде шалқып жатқан Сыр суына Сақтар келіп шомылып, Тұмар ханым бұрымын жумап  па  еді? Жер жүзін жаулаған Ескендір де толқынына тұншығып өте алмаған өзеннің тартылып бара жатқаны  өкініштен  өзегіңді өртейді екен.

Сырдария өзенінің суы Орталық Азиядағы ең құнарлы мақта өсіретін аймақтарды суғаруға және оның бойынд­ағы қалаларды сумен қамтамасыз етуге қолданылады. Бұл өзенді ілгеріде жергілікті халық Шаш өзені десе, моңғолдар Гүлзариян, арабтар Сейхун, түріктер Сырдария деп атаған. Яһудилер жазбаларында Писон және Гихон деген өзендер жайлы айтылады. Сейхун мен Жейхун осы сөздерге жақын болуы мүмкін деген де болжам бар. Моңғол шапқыншылығы заманында Сейхун атауы  қолданыстан  шығып,  Сырдария  атала  бастаған.

Сол алып Сырдария өзгеге өкпелі секілді сезілді маған. Өйтпегенде ше? «Өзағам» деп өзеуреп жүрген Өзбекстан мемлекеті соңғы жылдары салған «Сардоба» су қоймасының қажетін өтеп жатыр. Одан қала берді Қырғызстан мемлекеті жолдан қысып, «Тоқтағұлды» суға толтыруда. Енді біз қайт­пекпіз? Бар тыныс-тіршілігі Сырдариямен байланысты сырбойы­лықтар енді қалай күнелтпек?  Бұған  су  мамандары  не  дейді?

– Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы байқалған. Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына тікелей байланысты. Көбіне «Тоқтағұл» су қоймасында судың жиналуымен айқындалады. Осыған байланысты су тапшылығы болуда. Бұл тікелей Сырдария өзенінің жағдайына әсер етіп отыр, – дейді ҚР Экология, геология және  табиғи  ресурстар  министрлігінің   өкілдері.

Министрлік берген мәліметке сүйнесек, бұл мәселе алдағы  уақытта  өз  шешімін  таппақ. Оны  уақыт  енші­сіне  қалдырдық.

Алқымы кеуіп, аңызақ болған дария кейпі кез келген адамды алаңдатпай қоймайды. Бір кездері балығы тайдай тула­ған, шағаласы шулаған Сырдария суы сирағымызға да жетпей тұрғанын көзімізбен көрдік. Көңілімізге көп нәрсе түйдік. Бұлай жалғаса берсе ертеңгі ел болашағы қалай  болмақ?  Әрине,  алаңдатарлық  ахуал.

Тәуелсіз сарапшы-журналист Айткүл Шалғынбаева «Сырда­рия Әмудың жолын құшуы мүмкін немесе өзбек ағайында ортақ су деген ұғым жоқ» атты мақаласында мына  мәселеге  назар  аударған.

Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын әлемде су тақсіретін тартып отырған 200 елдің қатарында Өзбекстан су жағдайы мүшкіл 25 елдің бірі боп саналды. Солай бола тұра арқыраған Сырдың бастауынан қалағанынша, қажетті суынан да артық көлем алып отырған ел. Сөйтіп отырып 2013 жылы Азия-Тынық мұхиты су саммитіне қатысып, су тапшылығын аса қатты сезініп отырған елдердің қатарынан тағы бір көрініп, су қауіпсіздігі ахуалын анықтайтын 5 компоненттің санатына енді. Міне, Өзбекстанның су саясаты. Соған қара­ғанда Сырдарияны өздерінше меншіктеп алғанға ұқсайды. Апыр-ай, қазақ сонда да бейқам. Ол осы әрекеттердің бәрі еліміздегі су саясатының  әлсіздігінің  көрінісі  екенін  айтады.

– Міне, біздің елдің Су саясатының сиқы. Әмудің суын Қарақұм  каналы  қалай жұтса, өзбек те солай Сырды меншіктейді. Неге олай? Өйткені, Өзбекстан Кеңес одағы тұсын­да 25 су қоймасын салса, соңғы 30 жылда 9 қоймасын салып  алды. Сырдария суының проблемасы мемлекетаралық деңгей­де шешілмейінше, нәтиже болмайды. Ол үшін елімізде су саясатын күшейтіп, өз мүддемізде табандылық таныту – үкіметтің табиғат, ел-халық алдындағы парызы, — дейді  тәуелсіз сарапшы-журналист  Айткүл  Шалғынбаева.

Расымен де Сыр өңірі халқының бүгіні де, болашағы да Сыр суымен тығыз байланысты. Өзен бойын жағалай қоныстан­ған  өлке  тұрғындарының  алаңдауы  негізсіз  емес.

Сырдария туралы жазушы Сәбит Мұқановтың «Сырдария»  романында  мынандай  жолдарды  кездестіруге  болады.

«…Шулайды құрбақамен елі бірге,

Дариядан шықса сыртқа суы тасып.

Таң атса өгізіне жүгін артып,

Құрғаққа шұбырады асып-сасып».

Осы шығармада айтылғандай, Сырдария өзені тартылса, табиғатымызға жат жәндіктер көбейе түспек. Ендеше, ел ертеңін ойласақ, осы бастан опық жеп қалмаудың қамын қылу керек. Әйтпесе, болары болып, дария құмға сіңіп кеткен соң аһ  ұрудың  қажеті  жоқ. Бұл – көпшіліктің  айтар  ортақ  уәжі.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: